Яшар Динч: «Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Яшар Динч:
«Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды»
Арқаның төріне Парижде 45 жыл тұратын, Франциядағы қазақтардың тілі мен діні, тарихына ерекше үлес қосып жүрген қоғам қайраткері, Мұстафа Шоқай атындағы Француз-Қазақ Достық қоғамының төрағасы Яшар Динч келіп, сұхбаттасудың реті келген еді.
– Яшар Динч мырза, Ата жұртыңызға қош келдіңіз! Әңгімемізді әріден қозғасақ. Шет елге қалай асып кетіп жүрсіздер?
– Бар нәубетті көрген қазақ қой. 1934 жылы ашаршылық кезінде әкелеріміз Семей қаласынан Қытай жеріне өтіп кетеді. Одан әрі Үндістанға өтіп, Пәкістанға барып, тұрып қалған екен. Сол Семейден кеткенде бұл жақтың климаты салқын, ана жақта ыстықтан талай отандастарымыздан айырылып қалыппыз. Жолда да талай қазақ қынадай қырылған. Көмуге уақыт жоқ, жылдам жүру керек, сонда марқұмдарды таулардың қуыс-қуысына ақыреттеп қойып кеткен екен. Пәкістан – мұсылман халық, қазақтарды жылы қабылдап, әке – шешелерімізге тамақ беріп, көмектеседі. Мен 1949 жылы Пәкістанның Мардан деген қаласында дүниеге келдім. Тұрмысы жайсыз болды ма, енді біз бұл жерде қалып қоймайық, басқа жерге қоныс аудару керек, –  деп үлкендер ақылдасқанда үш мемлекетке таңдау түседі. Біріншісі – Сауд Арабиясы, екіншісі – Түркия, үшіншісі – Америка. Сонда үлкендер:  «Біз егер Америкаға көшсек, оған баруға жол ұзақ, дініміз, тіліміз не болады? Келешек ұрпақ тілін, дінін ұмытып кетеді, мұны қояйық» дейді. Енді Сауд Арабиясына барайық десе, өте ыстық жер, бұл бір. Екіншіден, балаларымыз араб тілін үйреніп алып, қазақ тілін ұмытады. Дінді үйренсе де, тілді жоғалтады деседі. Соңында, түбі бір туыс Түркия мемлекетіне барайық деген тоқтамға келеді.  Мән-жайды түсіндіріп, осында келеміз деген сарында Түркия мемлекетіне хат жазылады, бірақ, бұл мәселе біршама жыл шешімін таппайды. Содан сайлау болып, үкімет басына басқа адам келгенде тағы да хат жазады. 1950 жылдардағы Түркияның Премьер-Министрі, саяси қайраткер Аднан Мендерес деген қайырымды адам «Мына адамдар біздің бауырларымыз, өздері мұсылман екен, тез арада көшіріп әкеліңдер» деп қазақтарды Түркияға көшірген. Сөйтіп, әке -шешеміз 1952 жылы Түркияға келген. Түркияға көшірген соң Ыстамбұл қаласындағы қонақ үйлерге жатқызып, «жұмыс істейтіндер жұмыс істесін, жұмыс істегісі келмегендер жеке меншік кәсіппен айналыссын, үкіметтің ішіне кіріп, жұмыс істеймін дегендердің де бетін қақпайық» деп айтқан екен. Біздің үлкендеріміз «Біз мал баққан елміз» деп өз тілектерін білдіреді. Содан биліктегілер Ыстамбұлдан бастап, біраз жерді көрсетеді. Әкелеріміз малға ыңғайлы қоныс таңдаса керек. Содан үлкендер Түркиядағы Ұлықшы аймағының Алтай ауылы деген бір жерін көреді. Иен дала, жусан шығып тұр. – О, міне, бұл жер бізге ұнады. Осы жерге қоныс аударайық, –  деп келісе кетеді. Дереу Түркия үкіметі сол жерге үй тігіп, адам басына 30 гектардан жер беріп, бақша беріп, ақша беріп, өз бауырларындай күтеді. Біздің ауылға 164 үй келген екен. Қамқор болмақшы болып, үш түрік келді. Бірі – мұғалім, бірі – имам, бірі – қойшы. Бұлар бізге түрікше үйретуге келген. «Сіздердің дәстүрлеріңіз Пайғамбардың дәстүрі екен, өте жақсы мұсылман адам екенсіздер» деп бізді түрікше үйретеміз деп жүріп, өздері қазақша сөйлеп кетті. Тіпті, кейін бала-шағасының бәрін қазақша дәстүрмен үйлендірді. Бала күнімде Түрияда мектепке барып, бес жыл мектепте оқыдық.
– Францияға қай жылы бардыңыз? Ондағы отандастарымыздың тыныс-тіршілігі қалай?
– Жасым жиырмаға келгенде Түркия әскер қатарында борышымды өтедім. Содан 1970 жылдың қаңтар айында әскерімді бітіріп, үйге оралдым. Тепсе темір үзетін жігітпіз.  «Енді нендей жұмыс істейміз?» деп жүргенде, бір түрік келіп «Францияға баратын бір­шама адам керек»  десін. Біз «барамыз»  деп 3-4 досыммен бірге Францияға бардық. Ыстамбұлдан шығып, қара пойызбенен екі-үш күн жүріп, Парижге жеттік. Бізге жұмыс беретін адам өзі күтіп алды. Бұл 1971 жылдың қыркүйек айы. Сонда бір жыл Парижде келісім-шартпен жұмыс істедік. Бір жылға жасаған шарт біткен соң достарыма «Келіскен уақыты бітті. Біз бұл жерде 17 франк алсақ (ол кезде франк болатын), басқа жерде 35 франк береді екен. Мен сол жерге кеттім, барасыңдар ма?»  дедім. Олар «осы жерде істей берейік» деді. Мен өзім кетіп, басқа жерге барып жұмыс істедім. Бұл елдің жұмысының қыры мен сырын үйрене жүріп, іс тігетін машина алып, өз алдыма жеке тігін ателье аштым.  Бізге тігетін киім үлгісі пішіліп, кесіліп келеді. Біз оны тігіп береміз. Мен сол ательенің бастығымын ғой. Қарамағымда қазағы бар, түрігі бар, арабы бар 20-30 адам жұмыс істейді. Содан Түркиядан туыстарымды, бауырларымды, қайындарымды алдырдым. Қасымдағылар да алдыра бастады. Сөйтіп, 50 үй болдық. Сексенінші жылдары қазақ көбейді, 100 үй болдық. Тоқсаныншы жылдары 150 үй болдық. 2000 жылы 200 үй болдық, қазір міне, 2016 жылы 260 отбасы түтін түтетіп отыр. Қазақтар Париждің өз басында және маңайында қоныстанған. Балаларымыз сол жердің мектебіне барды, француз тілінде оқыды. Біз Францияға барып, біраз жыл жұмыс істеп, кәсіп тауып кетеміз ғой деп ойладық. Сөйтіп жүргенде, балаларымыз да өсіп қалды. Менің кенже қызым бірінші рет Париждегі әлемге әйгілі Сорбонна университетін бітіріп, әр  мемлекеттер арасында есеп-қисап жүргізетін есепші мамандығын алып шықты. Қазір сол балам Францияда үкіметтің жұмысында есепші болып қызмет істейді. Немерелеріміз ер жетті, отбасын құрды, бір-бір үй болып, осы мемлекетке тұрақтап қалды.
– Бабалар аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өшкенімізді жағып, жоғалтқанымызды таптық. Ата жұртыңыз Тәуелсіздікке қол жеткізгенде шет елдегі сіздер қандай күйде болдыңыздар?
– 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда әлемдегі қазақтардың барлығы қуанып, жылағанда, біз де жылап, дұға қылып отырдық. «Біздің енді дербес еліміз бар, мемлекетіміз бар» деп қатты қуанып, туымызды алып, желбіретіп, Париждің көше-көшесінде жүгірдік.Франция мемлекеті біздің Тәуелсіздігімізді 1992 жылы 7 қаңтарда мойындап, сол жылғы 25 қаңтарда екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1992 жылы наурызда Қазақстанның Франциядағы, 1993 жылы шілдеде Францияның Қазақстандағы елшіліктері ашылды. 1994 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парижге келгенде Париждің әкімшілігіне 50-60 үй қазақ барып тұрдық, Елбасымыз алдымыздан өте шығып, қайта айналып келіп, сәлем беріп, амандасып, қал-жағдайымызды, тұрмысымызды сұрады. Сонда мен өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Елбасымыз сол заманғы Францияның Президенті  Жак Ширакқа «Мына кісілердің бәрі менің отандастарым. Сіздің көзқарасыңыз мына кісілерге жақсы болсын, жақсы қараңыз. Мен де Қазақстанда жүрген француздарды солай құрметтеймін» деді. Сол сөзі біздің кеудемізді үлкен мақтаныш сезімге бөледі. Біз Елбасыға «Алла, разы болсын!» деп ақ батамызды бердік. Екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнатылғаннан бері ата жұртымның Мемлекет басшысы Францияға бес мәрте ресми сапармен келіп кеткен екен. Осы Тәуелсіздіктің арқасында  Қазақстан азаматтығына қол жеткіздім. «Мен, Қазақпын!» деп мақтанып айтатын болдым.
– Сөзіңіз аузыңызда, «Қазақстан азаматтығын алғанда, Мен, Қазақпын!» деп мақтанышпен айтамын дедіңіз. Бұған дейін қазақ екеніңізді айта алмай келдіңіз бе?
– Сауалың дұрыс. 2008 жылы Алматыға келіп екі жыл шағын бизнес істеп кеттім. Сол жылы атамекеніме келіп, Қазақстан азаматтығын алдым. Сонда үш айда азаматтық алуға қол жеткіздім. Құжат беретін мекеменің адамы «Азаматтығыңызды үш айдың ішінде алдыңыз, бұл бұйырған үлкен бақ қой, басқалары үш жылдың ішінде әрең қол жеткізеді» дегенде, әлгі адамға сүйіншісін беріп, көк паспортты қуана қолға алып, қолтығыма тыққан сәтімді көрсеңіз. Францияға барып көк паспортымды барлығына көрсетіп «Міне, мен азаматтық алдым. Қазақ азаматы атандым, енді менен «сен кімсің» деп сұрағандарға жауабым дайын» дедім. Олай деуіме негіз бар. Мен әлемдегі көп мемлекетті араладым. Түркияда, Германияда, қысқасы, Еуропаның түкпір-түкпірінде жүргенде бетімізге қарап «қытайсың, жапонсың, вьетнамсың, корейсің» дейтін. Бұлай деп айтқанда мен қатты қиналатын едім. Ол ұлттарды былай кішірейткенім емес, оларды құрмет қыламын. Олар өздерінше бір ел, ал менің тегім – қазақ қой. Менің өз тілім, дінім, дәстүрім, бар. Қазір «Мен, Қазақпын!» деп қасқайып тұрып айта аламын. «Қазақ болсаң, паспортыңды көрсет» дегенге, көк паспортымды көрсетемін. Сол кезде осы сұрақты қойғандар енді маған құрмет көрсететін болды.
– Сіз Мұстафа Шоқай атындағы қоғамның төрағасысыз. Францияны екінші Отаным деп есептеген Парижде Мұстафа Шоқайдың құрметіне нендей белгілер қойылды?
– Мұстафа Шоқайға арналған бақ және мүсін Париж қаласының Ножан-сюр-Марн қаласында ашылған. Өйткені М.Шоқай осы қалада 1923-1941 жылдар арасында 18 жыл өмір сүрген еді. Сонымен, Мұстафа Шоқай сынды қазақтың ұлы тұлғасы 20 жылдай мекендеген жерінде, ұмыт болғанына әбден көзіміз жетті.
Бұл жағдай, бізді Мұстафа Шоқай үшін Ножанда бір белгі орнатудын қажет екені жөніндегі ойға жетеледі. 2001 жылдын 18 қазан күні Қазақстанның Премьер-Министрі болған Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франциядағы төтенше жане өкілетті елшісі Ақмарал Арыстанбекова жане Ножан әкімі Жак Мартан 1933-1941 жылдары арасында Мұстафа Шоқайдың тұрған үйі орналасқан Скуар до ла Фонтен көшесінін бас жағына М.Шоқайға арнап белгітас орнатты. Сонымен бұл белгітас Шоқайды еске алатын Еуропадағы екінші орын болды. Бұған дейін Мұстафа Шоқай тек Берлин қаласындағы бейіт басында ғана еске алынатын. 2001 жылдан бері Париж қаласындағы осы белгі­тас гүл шоқтарын қойып, М.Шоқайды еске алатын орынға айналып отыр. Сол күні Франция әкімшілігі мені шақырды. «Париж әкімдігінде істейтін Томе дейтін әйел адам бар, мұражайдың директоры бар, сіз де келіңіз» деді. Мұстафа Шоқай атамыздың атына ескерткіш ашқан Иманғали Тасмағамбетов әкімге шапан жапты. Бұйрық қой, сол күні мен де қазақша шапан киіп барғанмын. Ножан қаласының әкімі Жак Мартан мені жанына шақырды «Сен қазақсың ба?» деді,  «Иә, қазақпын»,– дедім. «Енді мен де қазақ болдым,  қатар тұрайық» деп менімен иық тірестіріп, әңгімелесіп тұрды. Содан біраз уақыт өткен соң әкімшілік мені шақырып «Мұстафа Шоқай аталарыңның атына бір қоғам құр, құра алмаймын десең, француздарға құрғызам» демесі бар ма? Мен өзім құрамын» дедім бірден. Жолдас, жақын-жуықпен ақылдасып, Қазақстаннан келген студенттер бар, 25 адам 2007 жылы Мұстафа Шоқай атындағы Француз – Қазақ Достық қоғамын құрдық. Қоғам құрылып, біз Мұстафа Шоқайдың мүсінін жасайтын болдық. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Францияға арнайы сапарындағы бағдарламасы арқылы қолға алдық. Мүсін жасауды жоспарламас бұрын француздардан рұқсат сұрағанбыз. Сонда француздар: «Мүсінді жасаңдар, рұқсат, жалғыз-ақ мүсін Шарль де  Голльден үлкен болмасын» деді. Шарль де Голль – француз елі тарихында айрықша орын алатын, осы елдің гүлденуіне зор үлес қосқан атақты генерал. «Ойбай, үлкен болмайды» дейміз. «Онда жасаңдар» деп рұқсат берді. Мүсінді жасамақ болып, біз Қазақстанға, Мұстафа атамыздың туған жері – Қызылордаға бардық. Алматының әкімшілігіне шықтық, осындай жоспарымыз бар деп. Содан Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданының әкімшілігі көмегін көрсетті. Қызылордада М.Шоқайдың екі мүсіні бар. Ол кісілермен жақсы қарым-қатынастамын. «Сіздерге мүсінді жасап береміз. Бірақ, кеденнен өзіңіз өткізесіз» деді. Келістім. «Сіздер мүсінді жасап, құжатын беріңіздер, арғы жағын өзім реттеймін» дедім. Мүсінді қызылордалық мүсінші жасады. Мен мүсінді алып, Францияға жол тарттым. Алланың құдіреті ғой, жүрек таза, сонда бірде-бір пенде жолда «мынау не, қайда апара жатырсыз?» деп сұраған жоқ. Аман-есен Францияға жетіп, елшілікке алып келдім. Орынбасарым түрік досым болатын. Сол мүсіннің астын жасады. Ешбір қазақтың қолы тиген жоқ. Үстіне атамыздың мүсінін қойдық. Француздар көріп, көңілі толды. 30 шаршы метр аумақта Мұстафа Шоқайға ескерткіш мүсін қойылды. Ескерткіш мүсіннің ашылу салтанатына сол кездегі Қазақстан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед келіп, өз қолымен ашқандығын біз мақтаныш көреміз.  Жыл сайын қаңтар айының 7-сі күні ескерткіш алдында М.Шоқайды еске алу жиналыстары өткізіледі. 2015 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Парижде бірқатар кездесулер өткізіп, Мұстафа Шоқай саябағында болып, шет елдегі қандастарына алғысын айтты. Ескерткіш мүсіннің басына өзге де шет елден келген мәртебелі өкілдер келіп тұрады. Мұстафа Шоқай тұрған қаладағы мұражайда Мұстафа Шоқай атындағы арнайы бұрыш бар. Бұл бұрышқа көптеген суреттері мен жеке жәдігерлері қойылған. Оның ішінде еліміздің әнұраны мен туы да орын алған.
– Жеке кәсіпкер ретінде де есіміңіз танымал. Қазақстанда өтетін  «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қосар үлесіңіз бар шығар?
– Қазақстанда өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне мен қазіргі заманғы жейделерге ежелгі батырларымыздың бейнесін көркем етіп салып, сатылымға шығарсам деймін. Егер осы  бастамама отандық көптеген компаниялардың қызығушылығы туып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бірлесіп жұмыс жасауым – осындағы ескі жұрт бауырларыммен бірігуім деп санаймын. Бірлік жоқ жерде, тірлік те жоқ. Мысалы Еуропада әлде Америка елдерінде осы жейделерге өздерінің батырларын, қолдан жасалған, ойдан шығарылған кейіпкерлерін қойып, мәз болып жатады. Ал біздің батырлар шүбәсіз шын мақтаныш. Біріншіден, тұлғаларымызды жас ұрпақтар танысын, екіншіден, Атилла, Бейбарыс Сұлтан, Қобыланды, Қабанбай және тағы басқа батырларымыздың бейнесі әлемге танылсын деген оймен шығармақпын.
– Ширек ғасырға толып отырған Тәуел­сіз Қазақстанның бүгінгі келбеті қандай?
– Қазақстан 25 жылда жақсы жігіт болып өсті. Әлем Қазақстанға көз тігіп отыр.  Елбасымызға шет елдегі қазақтар ризамыз, шексіз алғысымызды айтамыз. Әсірелеп айтқаным емес, шет елде Нұрсұлтан Назарбаев десе, аққан су тоқтап қалады. Неге десеңіз, бұл үлкен кісінің қолынан да, тілінен де іс келеді. Оған көз жеткізіп келеміз. Шет елге дипломатиялық қарым-қатынаспен барғанда мемлекетаралық деңгейдегі маңызды істерді ақылымен шешеді. Шет ел Президенттері де біздің Елбасымымызды ерекше құрметтейтінін көзімізбен көріп жүрміз. Н.На­зарбаев Қазақстанды әлемге барынша таныта білген адам. Қазақстандағы бүгінгі тұрмыс өте жақсы, экономикалық-әлеуметтік жағдайы да көш ілгері, демократиялық көзқарасы бар. 1998 жылғы Қазақстанмен қазіргі Қазақстанды мүлдем салыстыруға келмейді. Еліміз зор қарқынмен дамыған. Алла бұйыртса 2030-да Қазақстан көптеген жетістіктерді бағындырады деп ойлаймын.
– Алыстағы ағайын ата жұртына көшкісі келе ме?
– Әлемдегі қазақтарды атамекеніне көшірейік дейді. Жарайды, көшейік. Көшкенде қайтып көшеміз?! Естуімше, Қазақстан адам басына 1500 доллар береді екен. Бір үйден 4 адам барса, 6 мың доллар. Бұл – 6 мың доллар бір айлық ішім-жемнен аспайды ғой, одан соң не болады? Үй жоқ, жер жоқ. Еліміздің жері кең байтақ. Баспананы жалғыз Алматы мен Астанадан бермесін. Ақтаудан, Атыраудан, Петропавл, Қызылордадан берсін. Жағдай жасаса, ел ауып келеді ғой. Еуропадағы қандастарыңның жақсы мамандықтары бар. Бизнесті терең меңгерген. Жат елдегі қазақтарға жерін, үйін берсе, Отанына келіп қызмет етер еді.  Шүкірміз. Мұстафа Шоқай – бар ғұмырын қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігіне арнаған тұңғыш эмигрант күрескер болды. Ең бастысы – барша түркі жұртының тәуелсіздігі жолында күрескен Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!
– Әңгімеңізге рахмет! Шет елдегі қандастарымызға дұғай сәлем айтыңыз!
Сұхбаттасқан: Жұлдыз  ТОЙБЕК.

СУРЕТТЕ: Франциядағы Мұстафа Шоқайға орнатылған ескерткіш-мүсін, оң жағында Яшар ДИНЧ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 229
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px