Кәсіп-нанын емес, қасық қанын қиған... - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Кәсіп-нанын емес, қасық қанын қиған...
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»

Сәуірдің жиырма бесі – Алаш ардақтысы Нығмет Нұрмақұлының туған күні. Тура сол уақытта Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Нығметтің ардақ тұтар көсемі, Әлихан Бөкейхановтың конференциясы өтті. Дон қабіріндегі №1-ші шұңқырда бірге барақат тапқан екі тұлғаның арасындағы бұл байланысты осыдан кейін кездейсоқтық деп көріңіз...
Ұлтының бақ-талайына бола туған Барақ сұлтанның баһадүр зәузаты, жеті атасынан жілік майы үзілмеген Бөкейханның жұрағаты Әлихан қазаққа қасық қаны қалғанша қызмет етті.
Сондай-ақ, жуырда сол айтулы тұлғаның туғанына 150 жыл толуына орай Астана қаласы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де халықаралық,  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Қараөткелдегі мәнді мәслихатты «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік мұраты» деп атаса, республикалық ғылыми келелі жиынды біздің Қарағанды «Әлихан Бөкейхан – азаттықтың ұзақ жолы» деп айдарлады.
Сонымен...

Қарағандыда
Аталмыш оқу ордасының бас ғимаратында өткен конференцияны Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Арыстан Ғазалиев құттықтау сөзімен ашып, тарихқа таптауырын жолмен емес, тыңнан түрен сала шықты.
Алғашқы баяндаманы конференцияның құрметті қонағы, әлихантанушы сұңғыла ғалым,  «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы жасап, өзінің үш тілде жарық көрген «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты зерттеулер, публицистикалық мақалалар, сұхбаттар және дөңгелек үстел материалдарының жинағы топтастырылған үлкен кітабының тұсауын кесіп, университетке сыйға тартты.
Одан әріде Әлихан және Алаш мұраты үшін жан-арын шүберекке түйген қазақ арыстары һақында бейнебаян тамашаланып, студент жастар ұлы тұлғаға арнау өлеңдерін, сонымен қатар, Сұлтанмахмұт, Міржақып сынды атайы ақындардың жырларын оқып, Арқаның арқасындағы рухқа қозғау салды.
Әлихан – Алаштың алтын тұтқасы. Бұл сөзді Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетінің деканы,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Гүлнар Мұратбекқызы айтты. Іргелі ғалым, ҚарМУ-дың «археология, этнология және Отан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қанат Өскембаев болса, конференция барысында әлімхантанушы ғалым ретінде Алаш қозғалысының мәні, маңызы, мұрасы жайын сөз етті. Ғылымның қарагерін қатар тебініп, үзеңгі қағыстырған ҚарМУ мен ҚарМТУ ғалымдары кезектесіп баяндама жасады. Шекарамызды шегелеген шерлілер жайын ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкерлері Айтбай Жұмағұлов, Ләззат Шотбақова айтса, ҚарМТУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сүйіндікқызы өз кезегінде «Біздің тәу етер Тәуелсіздігіміздің басталуы бір күндік, немесе жиырма бес жылдық қана іс-әрекеттің нәтижесі емес, оның тамыры тереңде, ол Алаш  зиялыларының идеялары негізінде, оны бастаған Әлихан Бөкейханов сынды көсемнің үлкен еңбегі. Осы бір ауыр кезеңде қазақ зиялылары өзінің ұлылығын танытты. Олар өмір сүрген кезеңді академик М.Қозыбаевтың сөзімен айтқанда: асуы болса да шатқалы көп, өзендері болса да өткелі жоқ, тауларының панасы жоқ, ханы көп болса да қайырымы жоқ, наласы көп заманда өмір сүріп, ұлылығын таныта білді олар...» деп ұққанға ұлт үшін ұтымды сөзді айтты.
Арыстан Мәуленұлы «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағидатты берік ұстана отырып, ғылымда өзіндік орны бар, аузы дуалы ақсақалдарды қасына жинап отырды. Кәбен Тоғайбаев, Бура Ахметжанов, Ибатолла Арыстан, Сәкен Малыбаев, Петр Кропачев, Сәбит Бексейіт сынды азаматтардың ақыл-кеңесіне құлақ түре келе, өткізген ігілікті іс өзінің діттеген мақсат-мұратына толықтай жетті.
Конференция барысында Әлиханның өмірі мен қызметінің маңыз­ды кезеңдерін ескере отырып, «келесі жұмыстар жалғастырылсын» деген қарар  қабылданды. Мәселен, ҚарМТУ-дегі патриоттық тәрбие беру моделі аясында студенттерді қа­зақстандық патриотизмге тәрбиелеу  мақсатында тұлғаның өмірі мен қызметін оқып білу, насихаттау, үйрену енгізілсін, сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде оқу курстарында, дәрістерде, студенттің оқытушы мен өзіндік жұмысы сабақтарында Әлихан Бөкейхановтың ғылыми мұрасын мен еңбектерін талдау, зерделеу жүргізілсін, оқу орындарында мұражайлар мен кітапханалар Әлихан Бөкейхановқа және Алаш қозғалысының мүшелеріне «Әлихан тағылымдары мен мұрасы» тақырыбында бұқаралық дәрістер, дөңгелек үстелдер өткізу, Қарағанды облыстық әкімдігімен келісе отырып, Қарағандының орталық көшелерінің біріне Әлихан Бөкейхановтың есімін беру, Ақтоғай ауданында «Талдыбейітте» мемориалдық кешен орнату сынды қарар қабылдады.
Конференцияға қатысушылар жиын соңында Вице-Премьер Дариға Назарбаеваның жауапхатына сәйкес, Қарағанды қаласындағы Гоголь көшесіне Әлихан есімін беру, Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхановтың есі­мімен атауды қоса ұсынды.
Қараөткелде
Астанада өткен конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, елшілік қызметкерлері және Алаш ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының ұрпақтары қатысты.
Игі шараны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған «Алаш» мәдениет және рухани даму институты ұйымдастырған. Ұйымдастыру комитетінің құрамына белгілі ғалымдар, шетелдік ғылым докторлары мен ТҮРКСОЙ секілді беделді мекеме басшылары кірген.  Ғылыми-тәжірибелік конференцияның кіріспе сөзінде университет ректоры Е.Сыдықов Әлихан Бөкейхановтың мұраларының маңызы мен жас ұрпақ үшін пайдасына қысқаша тоқталып, оны зерттеуде университет ғалымдарының қосқан үлесі пен конференцияның мазмұнды өтуіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтты. Мемлекеттік органдардың басшылары қатыспаса да, бұл жиынға орынбасарлары немесе көмекшілері арқылы құттықтау хатын жолдаған. ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының құттықтауын министрліктің жауапты хатшысы Т.Уәлиев, Парламент төрағасының құттықтауын депутат, шоқайтанушы М.Бақтиярұлы жеткізген, сонымен қатар, Иассауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы М.Йылдыз, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі И.Кавабата екі елдің кей мүдделерінің ортақтығын сөз ете отырып құттықтады.  Ресми құттықтаулар аяқталысымен конференция отырысы пленарлық баяндамалармен жалғасты. Еліміздегі бірден-бір әлихантанушы, Ә.Бөкейхановтың әзірге 9 томдық шығармаларын құрастырушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы баяндама барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның мерейтойға қатысты министрліктер мен өзге де органдарға жүктеген міндеттерін тізіп, тиісті Мәдениет және спорт министрлігінің атқаруға міндетті шаруаларын еске салды. Академик Серік Қирабаев ұлт тұлғасының жалпы бітім-болмысы хақында ой қозғап, оның өмірінің біз үшін эталон бола алатынын, ақтау комиссиясының жұмысы қалай жүргені жайында біраз сыр айтты.  Әлихан Бөкейханов туралы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптың беташар тұсаукесер рәсімі өтті. Оның ишарасын Әлиханның інісі Смаханның ұрпағы, ғалым Ортай Әбдірахманов пен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов жасады. Әлихан туған 5 наурызда Анкараның Гази университетінің ұйымдастыруымен халықаралық жиын өтіп, оған алыс-жақын түрік елдерінен ғалымдар қатысқан болатын. Сол игі бастаманы Гази университетінің «Түркітану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Хулия Касапоғлу Ченгел ханым көтеріп, іске асырған. Осы конференцияға келген ол «Түркологиядағы зұлмат және Қасым Тыныстанов» тақырыбында баяндама жасады.  Сонымен қатар, өз баяндамасында Мәскеудегі қазақ ғалымы, тарихшы, академик Дина Аманжолова Әлихан Бөкейхановтың саяси қайраткерлігіне жан-жақты тоқталып, кейбір түсініксіз сауалдарға, ұғымдарға талдаулар жасаған. Ал тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы ұлт көсемінің тек саяси ғана емес, тілдің бастауында тұрған үлкен қайраткер екенін айтты. Бұл орайда тіл атасы А.Байтұрсынұлының еңбектерін жоққа шығармай, бұл салада да онымен тізе қосып, өзгеше пікір айта білген Әлиханды ұлт тілі мен баспасөз тілін, ғылыми тіл стильдерін сақтаушы қайраткер деп тануды мойындау керектігін жеткізді. Сондай-ақ, еркін аударма жасауда Әлиханның үлгісін назарда ұстау қажеттілігін, жас аудармашылар үшін үлкен қазына екендігі де айтылмай қалмады.  Теология ғылымдарының докторы, философ Досай Кенжетай «Әлихан Бөкейхановтың зайырлылық концепция туралы көзқарасы» тақырыбы баяндама жасап, зайырлы-демократиялық қалыптағы жаңа мемлекет құрудағы Әлиханның тұжырымдары қандай болғаны турасында тамаша ойлар айтты.  Мұнда да жиын соңында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қарары қабылданды. Онда ҚР Президенті Н.Назарбаевқа Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойын және Алаш ұлттық-автономиясының 100 жылдық тарихи датасын лайықты атап өтуге арнайы жарлық шығаруды ұсынды.  Алматыдағы Ұлттық агротехникалық университетті (немесе Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін) Әлихан Бөкейханов құрметіне атау, Алматыдағы метрополитенге Ә.Бөкейханов есімін беру, Семей қаласының тарихи атауын қайтарып, Алаш деп атау беру туралы ұсыныстар мен өтініштерді дұрыс жеткізу көзделген.  
Кәсіп-нанын күйттемей – қасық қанын қазақ үшін төккен қайран, Алаш арыстары, шын мәніндегі нағыз ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановты осылай ұлықтауға тырыстық.
Үлкен той әлі алда деп үміттенеміз де...

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 160
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px