Ұлағатына ел ұйыған имам - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Мен білетін зейнеткер милиционерлердің басым бөлігі не коммерцияға, не күзет қызметіне кетеді. Ал біздің кейіпкеріміздің таңдауына таңданбаған жан жоқ. Ол молдалық құрамын деп шешті. Бұған өзі бауырында өскен Сақып әжесінен көрген тәлім-тәрбиесі бір әсер етсе, екіншіден өзі айтқан ғажап жайттың қозғау салғаны да рас.

– Мен бозбала жігіт шағымда ылғи түс көргенімде, рухым ауада ұшып жүруші еді, – дейді осы туралы Мейрам Қасымұлы. – Бір күні түсімде рухым ұшып, бір биік таудың басына жетті. Сондағы мешіттің алдында мені бір адам күтіп, қарсы алды. Кейіннен, нанасыз ба, нанбайсыз ба, сол көргендерімнің бәрі айна қатесіз дәл келгені. Осы жолға бет бұрып, ниет қылып, Қарағандыда дін оқуы болмаған соң сол кездегі Ақмола (қазіргі Астана) қаласына бармаймын ба?! Бұл мекендегі ескі ағаш мешітте медресе бар екен. Бірақ, жасым асып кеткенін желеу қылып, ондағылар мені курсқа қабылдағысы келмеді. Мешіттің бас имамы Гүлтөре тегі Файзолла, найб имамы, әрі медресе меңгерушісі Мамлюк Мұсаев деген азаматтар көрінеді. Амалсыздан ұнжырғам түсіп, қайтып бара жатыр едім, Мұсаевтың өзі мені тоқтатып, «Сіз балаларға төрбиеші болып қалыңыз да, оқыңыз», –дегені. Содан жас балалармен бірге үш ай дін сабақтарын алып, курсты үздік бітіріп шықтым. Бізге Түркиядан келген Мехмет есімді қари дәріс берді.

«Ізденген жетер мұратқа» демекші, Мекең он үш күнде құран сүрелерін жаттап алып, құранға түсіп, намазға жығылады. Дәл сол күні өмірі түсіне енбеген әжесі Сақып ұйқыда жатқанда аппақ болып киініп келіп, «Мейрам, сен мені ұмытып кеттің ғой» дейді. Жалма-жан орнынан атып тұрып, алғаш рет аруақтарға құран бағыштаған еді сонда.

Медреседегі діни курсты үздік бітіргені туралы куәлік алған Мейрам Қасымұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұйрығымен Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешітіне әуелде молда, сәл кейін найб имам болып тағайындалады. Ал, 2002 жылы Абай ауданы, Топар кентінің мешітіне бас имамдыққа жіберіледі. Өзі де осында біраз жыл тұрып, 17 жылдан соң оралған мезгілі – бұл.

Мұндағы мешіт үйі кезінде Мичурин ауданында әкім болып тұрған шақта қадірменді ағамыз Тілеубек Зейнешев бергізген балабақшаның босап қалған бір қабатты ғимараты екен. Алайда күтім көрмегеннен әбден тозып кетіпті. Электр жарығы, жылуы жоқ, батареялары жарылған. Сондықтан да бастапқыда соның бәрін реттеп, жөндеп, қалпына келтірумен шұғылдануына тура келді. Жылдағысы солай. Өйткені, бара-бара бұл ғимараттың намазға, батаоқырға жиналатын жамағатқа тарлық ете бастағаны сезілуде. Бір кездері аудан орталығы болған, он мыңның үстінде халқы бар Топар сияқты кентке үлкен бір мешіт керек-ақ. Сол үшін де Мейрам ағамыз қазір жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүр.

Ия, амандық болса, мешіт құрылысы аяқталып ашылған сәтте Мейрам қажы оны «Амин» деп атамақшы. Мұның мағынасы, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұлтына қарамай дұға арнап, бет сипауды білдіреді. Бұл сөзді Құдайға құлшылық ететін барша діннің өкілдері қолданатыны белгілі.

Алла разы болсын, Мейрам Қасым­ұлының бұл ретте атқарып отырған шаруалары да аз емес. Мәселен, ол бұрнағы жылы Топар кентіндегі Мәдениет үйіне жұртшылықты жинап, үлкен шара өткізді.

Жүрегі ізгілік пен мейірімге толы қажы ағамыз қай кезде де жоқ-жітік, жетім-жесір міскіндерді ұмытпайды. Құрбан айт уақытында оларға қоржын-қоржын тамақ өнімдерін садақа ретінде таратса, аудан колледжіндегі жетім, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерге сан рет тегін киім-кешек үлестірді.

Осы жерде атап өтуіміз керек, ол қашанда колледжіміздің құрметті қонағы. Бізге келіп, жергілікті құқық қорғау органдары, өзге дін өкілдерімен бірге лаңкестікке, бейәдеп істерге қарсы үнемі дәріс оқып, тағлымды әңгімелер, ұлағатты уағыздар айтып тұрады. Әсіресе, дін атын жамылған адамзат баласына қарсы қасқөйлік қылмыс жасағандарға жаны қас.

Осы жолы, яғни, мұсылмандардың қасиетті ораза айы Рамазаннан бір күн бұрын Ақтөбе қаласында санасы уланған, жат пиғылдағы діни ағым өкілдерінің қолдарына қару ұстап, қару-жарақ дүкендеріне, әскери бөлімге шабуыл жасап, соның салдарынан жазықсыз бірнеше полицей мен әскери қызметшінің, бейбіт тұрғынның қандары төгілгені белгілі. Ертеңінде, дәл ораза басталған 6 маусым күні, пітір садақасын беріп, аруақтарға дұға оқытқалы мешітке бас сұққанымда, Мекең терең бір ойдың құшағында отырды. Сәл-пәлден соң ол:

– Қарағым, осының бәрі қазақы ұлттық тәрбиемізді сақтамаудың салдары. Біле білгенге, біздің қазақ тілінің өзі салт-дәстүрі ислам дінімен біте қайнасып кеткен. Тіліміз бірыңғай нұрлы сөздерден құралған. Ұлтымыздың тілі – ниет те, дәстүр, тәрбиесі – амалы. Оны исламнан ажыратып алып қарауға болмайды. Адам дұрыс сөйлеу, дұрыс қарекет жасау, таза жүріп, таза тұру арқылы ойын, бойын түзейді. Бұл жолы Ақтөбеде болған қанды оқиға осы жолды ұстанбаған, білімдері таяз, теріс бағыттағы діни ағым өкілдерінің ісі. Әйтпесе, Пайғамбарымыздың хадистері «Адам адамға – бауыр» деп үйретеді. Сондықтан да қылмыс жасап, қан жүктеген қылмыскер лаңкестердің жазалары заң жүзінде қатаң болуы тиіс, – деп қатты айыптады бұл жағдайды.

Ол өзін-өзі рухани жетілдірумен, дамытумен үзбей айналысады. Көкірегі ояу, кеудесі даңғыл ағамыздың ұлағатқа толы рубаяттар жазатын өнері де бар. Олары тұсында аудандық «Қарқаралы», «Абай-ақиқат» газеттері мен «Азия» альманағында жарияланған да. Енді соның бәрінің басын қосып, жинақ етіп шығармақшы.

Сол сияқты 2004 жылы Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру институтының 4 айлық курсын оқып тауысып, үздік шаһарат (диплом) алып шықса, 2008 жылы киелі Меккеге сапар шегіп, қажы атанып қайтты.

Ізгілікті жан әманда өзін ғана емес, өзгені де ойлай жүруі тиіс. Соған орай қазір Топар мешітінде жұмасына үш рет Абдолла есімді ұстаз Қарағандыдан арнайы келіп, 30 шақты жасқа құран оқу мен тәжиуттен (дұғаны дұрыс мақаммен оқу) дін сабақтарын береді. Жуырда қыз-келіншектерді оқыту ниетімен Алматыдан оқып келген бір бойжеткенді ұстаздық жұмысқа алмақшы. Сосын алдағы уақытта Топардан тағы бір адамды Алматыға жіберіп, оқытып алмақ ойда. Өйткені, бұл күндері діни сауатын ашып, білімін көтерем деушілер кентте жеткілікті. Егер Ақтөбеде әлгі содырлар ұлағатқа ұйып, осындай имандылық жолында жүрсе, жаңағыдай сойқан оқиға болар ма еді?! Бұл бір біз ғана емес, баршамыз ойланатын мәселе...

Мейрам ағамыз діндар, білімдар жан ғана емес, сүттей ұйыған үлкен шаңырақтың иесі де. Орыс тілі пәнінің мұғалімі, қазір зейнеттегі Шолпан Рахымбекова жеңгеміз екеуі алтын асықтай үш ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Атап айтқанда, үшеуі де жоғары білімді. Ұлдың үлкені – Расул Қарағандыда «Қазақмыстың» бір бөлімшесінде жоспарлау бөлімін басқарса, ортаншысы – Алмас Абай көпсалалы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы да, кенжесі – Айбар Топар ГРЭС-інде жетекші инженер болып істейді. Ал, қос қария осы балаларынан көрген, Алла берген үш немересінің қызығына тоймай, жатса-тұрса ел амандығы, жұрт тыныштығын тілеумен болады. Әмсе, ұлағатына ел ұйыған осындай имамдарымыз көбейе берсін.

 

Ержан Имаш.

Абай ауданы.

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2458
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px