Ғұламаға –тағзым - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Ғұламаға –тағзым
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

    Сәтбаев атындағы қалада ғұлама ғалымның туған күні құрметіне салтанатты шаралар ұйымдастыру жыл сайынғы бұлжымас дәстүрге айналған. Осыған орай, 12 сәуір  күні академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 117 жыл толуына байланыс­ты Кеншілер алаңындағы ұлы ғалымның еңселі ескерткіші алдында салтанатты митинг өткізілді.

Жүректерде алауың
                      жалындасын,
От іздесең, бізге кел,
                      бауырласым.
Кенші қалам – кіндігі
                      Сарыарқаның,
Қаныш аға көтерген қабырғасын, – деген ақын жыры асқақ есіледі. Иә, солай. Қаныш аға есімі сәтбаевтықтар үшін аса қастерлі. Жезқазғанның кен байлығын Мәскеудің мықтыларының алдында дәлелдеп, жапан түзде осындай жарасымды қос қаланың жұлдызының жарқырауы Қанекеңдей біртуар тұлғаның толағай еңбегінің арқасы екенін ел жақсы біледі. Бүгінгі ақтарылған ақ тілек пен әуелеген ән, жүректен шыққан жыр да тау тұлғаның құрметіне арналды. Өнерпаздар «Сәтбаев вальсі», «Город алых тюльпанов», «Қаныштың қаласында» әндерін шырқады.
Жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтаған қала әкімі Асқар Ыдырысов «Жезқазған өңірі туралы айтқанымызда ойымызға ең әуелі қазақтың мақтанышы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев оралады. Үлкен Жезқазғанның кен байлықтарын тұңғыш рет зерттеген геологияның білгірі, ғұлама ғалым оны халқымыздың игілігіне айналдырды. Оның атымен аталатын оқу орындары, планета, көшелер мен кенттер, сондай-ақ, еңселі  ескерткіштері баршылық. Ал, Сәтбаев есімін иеленген қала – жалғыз. Бұл – біз үшін зор мақтаныш»,– деп шегеледі сөзін. «Тау-кен кәсіпорындары» кешенінің бас директоры Саят Бәкіров, еңбек ардагері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы технология  колледжінің оқытушысы Динара Тоқсейіт хал­қымыздың біртуар перзентінің асыл қасиеттері мен өшпес еңбегі туралы тебірене ой толғаса, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің үгіт-насихат тобына қатысушы оқу­шылар Қаныш Сәтбаев туралы өлеңдерді мәнерімен оқыды.
Митингіге қатысушылар Қанекең ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

 СӘТБАЕВ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 276
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px