«Өлең өзін өмірге елші етеді...» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Өлең  өзін өмірге елші етеді...»
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Поэзия мұзбалағы Мұқағали МАҚАТАЕВ «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай, Мына халық неге жатыр тойламай?» деген кезінде. Бұл қасірет сол тұстағы барша ақынның басында бар еді. Еліміз – бодан, Отанымыз – отар кез ол. Қазір Алаш – азат, ел – егемен. Кеңес заманының төлі болса да, азаттықта өмір сүріп келе жатқан Мұқағалидан берідегі толқын қалай жырлады туған күндерін деген заңды сұрақ туады, әрине. Біздің еске сонда Ақсораңнан ұшқан ақиық Серік  АҚСҰҢҚАРҰЛЫНЫҢ мына өлеңі түседі:
«Барыс жылы туған асау Балықпын.
Жердің тілін, шөлдің мұңын
                                        шала ұқтым.
Мұң-шерімен қасіретінде жүзгенмін,
Мұхиты жоқ қазақ деген халықтың», – дейді Сері ағаң! Алаштың аяулы да асқақ рухын оятып.
«Темірді қызуында соқ» деген. Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әмір бастап, ақынды дәл туған күні – сәуірдің 29 жұлдызында алақанына салды десе болғандай. 66-ға келген атайы ақынды аталған оқу орнына шақырып, туған күнімен құттықтап, студенттермен жүздестірді. Біз тамаша кездесудің куәгері болдық.
Төрде – Алаштың Ақсұңқарұлы. Туған күнінде қыранша қомданады. «Ақынның түбіне жетіп, өлтіретін – оны ортасының, елінің елемей қоюы. Іштей мойындаса да, білмегенсіп, мән бермей жүре берсе, ақын өзімен-өзі күйік-құсадан өліп қалады. Жұрттың қошемет, қолпашы керек оған. Жамбыл атамыздың ұзақ жасауының бір себебі де осында. Соғыс жылдарында «Ленинградтық өренім» өлеңі листовкамен тарап, Кеңес өкіметі оны төбесіне көтерді. Алланың қалауы мен халықтың ыстық ықыласының арқасында жүзге келді, жарықтық Жамбыл», – деп бір қайырды.
Ақынның туған күні осылай оқырмандарының арасында өтуі керек деп топшыладық біз. Студенттер ақынмен етене отырып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрды. Бір ескеретіні, бұл оқу орнында С.Ақсұңқарұлы атындағы кабинет пен бұрыш баяғыдан бар. Бұл күні ақынның стенді кездесу орнында ерекше реңк беріп тұрды. Кеңейтілген залдағы үлкен экраннан ақынның балалық, жастық, жігіттік һәм шығармашылық ортада жүргендегі суреттері жүріп жатты. Кезінде ақын жайлы түсірілген «Келбет» бағдарламасындағы фильмнен үзінділер көрсетілді. Оқтын-оқтын туған күн иесінің өлеңдерін жатқа оқып отырған оқырмандардың сұрақтары да салмақты. Сері ағаңнан Жазушылар одағының пленумында Шерхан Мұртазаның берген бағасын сұрағандары да болды. Ол жайында айтылмай жүрген Тараз сапарына барғандағы естеліктер қатарын Есжан Әмір ағамыз толықтыра түсті. Сондай-ақ, атайы ақынның өкшесін басып келе жатқан Мирас Асан мен Жанат Жаңқашұлы өлең оқып, ақын ағаларына ыстық лебіздерін білдірді. Кезек әнге келгенде, атақты «Шайтанкөл» шырқалды. Ақын кеудесіндегі ынтызарлық табиғатпен астаса келіп, азаматтық, адамзаттық мұңға ұласа барады...
Серік ағамыздың өзі айтпақшы, «Өлең өзін өмірге елші етеді...». Ендеше, өмірлік елшілеріміз көбейе берсін.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 156
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px