Әлем назарын өзіне аударған Ақорда - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Әлем назарын өзіне аударған Ақорда
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

Астана өзінің жиырма жылдық тарихы ішінде алғашқы күндерінен-ақ әлемдік астаналар арасында өзіндік орнын алуға ұмтылды. Қазақ елінің Еуразия кеңістігінде орналасуы оның екі құрлықтың алтын көпірі болуға итермеледі.
Астана Жаңа Қазақстанның бастауында тұрды. Әлем жұртшылығы оны солай қабылдады.
Бұрынғы Одақ тараған соң  посткеңестік кеңістігінде славян және мұсылмандардың екі үлкен тобы бой көтерді. Бұл екі топтың арасында әлеуметтік, саяси қақтығыстың, болмаса басқадай бір кикілжіңнің тууы әбден мүмкін еді. Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құруда жетекші рөл атқарған еліміз сол қақтығыстың алдын алуда табандылықпен күрес жүргізді. ТМД елдері басшыларының саммиті Астанада бірнеше рет өтті. Әсіресе, Астана саммитінің лаңкестікті айыптауы, оған қарсы жұртшылық болып күресу жөніндегі декларациясы баға жетпес құжат болды.
Астана саммитінде заңсыз көші-қонға тосқауыл қоятын тұжырымдар қабылданғанын да айта кетейік. Бұл да сол тұстағы маңызды құжат еді.
Жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды белес 2010 жылы болды. Қазақ елі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық жасады. Еліміз бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет болды.
Адамзат баласы жаңа ғасырда текетірес пен қақтығысқа, лаңкестік пен зорлық-зомбылықтарға үрейлене қарады. Сирия, Ирак, Украина, Пәкістан және басқа да елдердегі жанжалдар алыс көрінгенмен, олардың ешқайсы да  Қазақ елін айналып өтпейтін еді. Тұрақтылық пен келісімді, дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықты ұштастырып, дамытып келе жатқан еліміз әлемдік қауымдастыққа жаңа ұсыныспен шықты. Елордамызда  2003 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының басшылық етуімен жиналған әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің алғашқы съезі дүние жүзі халықтары арасында рухани жақындауға ұйытқы болды.
Мұндай жиын арқылы Қазақстан жер-жаһанның барлық діндері мен конфессиялары өкілдерінің басын біріктіріп, бейбітшілік пен өзара мәмілегерлік принциптерін насихаттайтындығын оларға өз ауыздарымен айтқызды.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін жоғары деңгейде атқарған ресми Астана бітіспес тараптарды бір үстел басына жинау арқылы Еуразия кеңістігінде ғана емес, бүкіл әлем алдында саяси салмағы сан батпан іргелі миссияны абыроймен атқарып шықты. ЕҚЫҰ шеңберінде он бір жылдан бері өтпей келе жатқан саммиттінің тамырына қан жүгірту – бұл Қазақстан дипломатиясының жеңісі. Бұл Саммит аз ғана уақытта алты құрлыққа аты мәлім болып үлгерген, өзінің даму үрдісін қалыптастырған Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік саяси кеңістіктегі жаңа кезеңінің, жаңа дәуірінің бастамасы екендігін паш етті.
Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті.
Бұл басқосу тарихи оқиға деп қабылданды. Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары жүйесінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) бастамасын жүзеге асыру айрықша орын алады.
АӨСШК-нің 20 жылдыққа арналған мерейтойлық отырысы мен форумның сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі 2012 жылғы қыркүйекте Астанада өтті. Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК-нің маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті. Президент АӨСШК-нің арқасында түрлі мәдениеттер мен өркениеттер және даму үлгілері үшін паназиаттық диалог орнатудың сәті түскенін айтты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – қызметі басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталған әскери блок болып табылмайды.
ШЫҰ кезекті саммиті 2014 жылы желтоқсанында Астанада өтті. Оның жұмысына мүше елдердің үкімет басшылары қатысты. Саммит ұйымның қағидаттарына толық сәйкес келетін мемлекеттер арасында өзара сенім мен түсіністіктің арта түсуіне көмектесті.
Осылайша, Ақорда бүгiнгi таңда үлкен саясаттағы алдына қойған барлық мақсаттарына жетті деп сеніммен айтуға болады. Бұған осыншама қысқа мерзімде қол жеткізілген халықаралық бедел мен Ақсарайымыздың әлемдік танымалдығы мысал болады. Астана әлемдік саясатта маңызды рөл атқара бастады, әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тапқан бастамалар нақ осы Астанада өмірге келді.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 830
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px