Ұлт көсемі – ұрпақ жадында - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ұлт көсемі – ұрпақ жадында
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»
Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ «Жерімізде жатқан кез келген қарапайым тасқа шейін әрбір қазақтың кеудесіне түйме болып қадалуы тиіс» дегеніндей, дүниені ғылым-білім билеген бүгінгі таңда Алаш идеясындағы әрбір оймақтай ой әр қазақтың кеудесіне құйылып, жүрегімен бірге соғуы керек. Егемендігімізді, елдігімізді сақтап қаламыз десек, әрине. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің жанындағы «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған жас зерттеушілердің                               ІІ құрылтайынан түйгенім – осы.

Жалпы, өзі әлемді таныған, оны әлем тануға тырысып жатқан ұлт көсемі Әлихан Бөкейханды біз өз мәнінде қаншалықты насихаттап жүрміз? «Ақыл жастан шығады» деген сөздің шындығына тағы бір көз жеткіздік. «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығы ұйымдастырған «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстан» атты жас зерттеушілердің құрылтайының арқасында. Идея авторы – осы орталықтың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызы былай дейді: «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығы осыдан екі ай бұрын мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық байқау жариялағанбыз. Бұл байқау осымен екінші рет өтіп тұр. Былтыр Мұстафа Шоқайға арнағанбыз «Әлем таныған тұлға» деп. Мақсат – елін, жерін сүйген тұлғалар арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Әр мектептен іріктеліп шыққан үздіктер өз жобаларын қазір осы жерде қорғайды. Оны бағалап, саралайтын комиссия құрылған. Төрағасы – өзім. Былтыр бұл құрылтай Нұрмақов мектебі мен осы тарих факультеті арасында ғана өтсе, биыл облыстық сипат алып отыр».
Біз көрген жобалардың осалы жоқ. Топтасып төрт-бес оқушыдан тұрып алып, көрнекі құралда (баннер) көрсетілген жұмыстарын қорғап жатыр. Бір топ Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетінде жарияланған халықаралық си­паттағы сараптамалық мақа­лаларына шолу жасап, өзге елдерді өзінің қазағымен салыс­тырып, тиімді жағын нұсқап жол сілтегенін айтады. Бір топ «Қазақ» газеті бетіндегі киіз үйді көрсетіп, бұл – қазақ елі бірлігінің символы екенін тілге тиек етеді. Бір шаңырақтың астына бірік дегенді білдіреді деп, жобаларының бағыттарын да шаңырақ астына топтастырып: «ХХ ғасырға дейін қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық көтерілістердің заңды жалғасы «Алаш» қозғалысы. Абылай ханның «білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда, қапыда қалып жүрмелік...» дегенін ескерсек, білекке сенген заманда Кенесары, Исатай-Махамбет, Сырымдар көтеріліске шықса, білімге сенген заманда Әлихан бастаған Алаш азаматтары шықты» дегенді алға тартты. Ал, енді тағы бір топтың жұмысы тіптен тың тақырып екеніне көзі жеткен Нұрсахан Ахметқызы таң қалып отыр. Манағы «ақыл жастан шығады» деген сөзіміздің дәлелі – осы. Бұл тарих факультетінің І курс студенттерінің тақырыбы – Әлихан Бөкейхан шығармаларындағы әлемге ортақ тарихи тұлғалар. Жалпы, Әлихан шығармаларында үш жүзге тарта әлемге ортақ тұлғаның аты кездессе, бұлар соның жүзге тартасының тізімін жасап, Абай, Шоқан, Ахмет, Потанин туралы айтқан озық ойларынан үзінділер келтіріпті. Мәселен, Әлихан шығармаларында Абай он тоғыз рет кездеседі екен. Ал, жалпы үш жүз тарихи тұлғаның ішінде сексен тұлға туралы толық еңбектер жазып қалдырған екен Әлекең. Тізімдегі басқа тұлғалар жайлы не жазып, қандай өсиет қалдырғанын зерттеу – алдағы уақыттың еншісінде.
Сонымен, байқау барысында М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп, Н.Нұрмақов атындағы мектеп және №58 мектеп жүлделі ІІІ орынға табан тіресе, жүлделі ІІ орынды Н.Назарбаев зияткерлік мектебі мен №41 мектеп оқушылары иеленді. Ал, жүлделі бірінші орын Дарын мектебіне бұйырды. Бұдан бөлек осы байқауға қатысып, жоба қорғаушы Әлихан есімді балаға және Әлихан Бөкейханға арнау өлең жазғаны үшін тарих факультетінде «Серпін» бағдарламасымен білім алушы І курс студенті Бақдәулет Пернебекке ақшалай сыйақы берілді.     

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 258
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px