Ұлыстың оңы, ырыстың молы – Наурызым - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Ұлыстың оңы, ырыстың молы – Наурызым
Наурыз − береке мен ынтымақтың, бірлік пен татулықтың көрінісі іспетті. Жұмыр басты пенде баласының аузы аққа, ауы атқа жарып, жан-жануар көкке ілігіп, жауыр аттың арқасындай тақыр төбені бәйшешек безендіріп, табиғат-Ананың төсі тітірейтін күн! Ол күні Ай мен Күн теңеліп, бай мен құл өкпе-назды ұмытып, араздастықты кешіреді. Төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді. Бұл күн – көшпелі көне жұрттың  көк Тәңіріне алғыс айтып, баба ырымын кейінгі ұрпаққа ұғындыратын  өнегелі іске арқау күн.
Сонымен...
Мешін жылы Арқаның алтын табалдырығын сүйінші сұрап, сауын айта аттағаны белгілі. Қазыналы Қарағанды Ұлыстың Ұлы Күніне бозторғай шырылынан сақадай-сай еді. Қырық шатыр тігіп, Қыдырды күткен Кеншілер астанасы Бұқар Жырау даңғылын ен жайлаған. Көш көлікті, қос көрікті. Жәрмеңкенің қызғаны күннің ызбарын елең қылар емес. Мерекелік көңіл-күй мейманасы тасыған елге шаттық шуағын қоса сыйға берген сыңайлы. Бала мәз, дала жаз.
Мереке шымылдығы Тәуелсіздік алаңында  «Мәңгілік Ел» хорео­гра­фиялық театрландырылған көрініс­пен түрілді. Түрлі ұлттар диаспорасының қатысуымен достықты дәріптеген қойылым – түбі бір түркі жұртына ортақ мейрамның қазақ халқындағы ерекшелігінен бастау алғандай. Қаһарлы қыс пен нәурізек көктемнің мәңгілік тартысы негізгі идеяға арқау болған. Бәйшешек бұралып, қызғалдақ гүл алып, Жер-Ана жаңа түрге енгендей ерекше сыпат. Сал-серілер ауылға түсіп, бесік тойынан беташар рәсіміне дейінгі қызық-қуаныштың ортасында мәңгілік көктемнің жырын жырлап жатыр. Қыдыр ата қол жайып, қалың ел Тәңірінен еліне тыныштық, жеріне амандық тілеуде. Не керек, Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жанындағы облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған игі шараның томағасы осылай сыпырылды...
Сахнаға облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков шығып, аймақты айтулы мерекемен құттықтады:
– Бұл мереке – біздің Тәуел­сіздігіміз­бен қоса келген құнды қазынамыз іспеттес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа реформаларымен тығыз байланыстағы жаңа жетістіктерге бастау боларлық айтулы той деп айтуға толық негіз бар. Бұл күні біз өткенге салауат айтып, жаңа күнге жоспар құрамыз. Болашаққа нақты қадам Наурыздан басталуы – заңды әрі бұлжымас қағидат, – деді.
Құттықтау сөзінен кейін аймақ басшысы қаз-қатар қонған ақшаңқан үйлердің бірнешеуіне атының басын іркіп, даладай ақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Халықпен етене жақын әңгімеге көшіп, елге емен-жарқын мерекелік көңілін білдірді. Этно-мәдени қалыпта жасанған әр үйде көшпелі жұрттың көне мұралары көрініс тапқан. Қыраны керіліп, құмайы ерініп, тұлпары кермеде, сұңқары бөлмеде бөлек отыр. Бәрі табиғи. Жеті түрлі тағамнан әзірленген Наурыз көженің дәмі бір бөлек әңгіме. «Еңсесі биік боз Ордаларға еңкеймей кірдік». Тура мағынасында солай. Кемзалы тал бойына қона қалған үр қыздар көпіршік атқан сары қымызын ұсынса, жөн білетін жігіттер атыңды байлап, үйіне қолтықтап кіргізеді. Әннің тәуірі шырқалып, күйдің бауыры жазылған салтанатты тілмен айтып жіткізе алсақ па?!
Тілектің ізгісі жолданып, жүрекке жақсылық нұры ұялаған думан күн еңкейгенге дейін еңсерілмеді.
Алаңда республикаға аты мәлім, «Жұлдыз» хореографиялық ансамблі бастаған, академиялық  музыкалық комедия театры әртістері қостаған, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері ән салған айтулы кеш өтіп жатты. Даусы бөлек әнші тамылжытып әнге, шабысы ерек күйші құйқылжытып күйге басқан өнер жәрмеңкесі өңірімізде қалыптасқан игі дәстүрді темірқазық етіп алған. Екпіні қатты тұлпар, тепкісі қатты сұңқар өнердің хас білгірлері шыққан сахна бұрынғыдан бетер құбылды дерсің!
Даңғылдың екінші басында ұлттық ойындардан жарыс өтіп жатты. Кірдің тасын көтерген апайтөс азаматтарға қошемет жасадық. Наурыз мерекесіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, бір-бірімізге жұмбақ жасырып, жаңылтпаштан жүйрікті анықтап мәре-сәреміз. Алтыбақанның маңайында қыз-келіншектер қыдырып жүр. Қыз бала бастаған әнді бозбала іліп әкетсе, кеудеңді бір нәзік сезім қытықтағандай қызыққа батасың... Қаламыздың қолөнер шеберлерінің он саусағынан тамған өнер туындылары көрмеге қойылыпты. Таң-тамаша жұрт таласып тамашалауда. Ағаштан түйін түйген, құмнан құман құйған, зергерлердің жасыл-жақұты көздің жауын алады. Қайырымдылық жұмыстары қала тұрғындарын қаншама жарылқап жатыр. Былғарыдан дайындалған әмиян-әшекейдің саудасы жүріп тұр. Ыстық құшақ жайған әр үйден ыстық ас ішпей аттанбайтын бұл мерекенің жөні осы жайттардан-ақ айқын.  Жорға мініп, жөн-жоралғы сыйлайтын, торқа киіп, тарту-таралғы үлестіретін қазақтың жомарт мінезі Наурыз тойында ерекшелене түседі. Мешін жылы – мерейлі жыл болғалы тұр. Ылайым солай қылғай, Жаратқан Ие!
Жергілікті өнерпаздар мен әр түрлі этно-мәдени орталықтардың өнерпаздары өз өнерлерін даңғылдың ұзына бойында көрсеткені көңіл көншітерлік. Жиналған жұрттың жанын жадыратар өнерпаздар жақсы дайындалған.  Аста-төк тойдың Арқа төсінде сабылысқан халықтың көңілін табуда жаңылысқан жері жоқ. Бәрі алдын ала ұқыпты ұйымдастырылған. Аймақтың басқа қалалары мен аудандарына да тапсырма күні бұрын беріліп қойған.
Не деуге болады? Той – Тәңірдің қазынасы. Қымбатымызды қадірлеп, сымбатымызды сәнді етуде Шаңырақ-Күн-Иенің астында, Мәңгілік Елдің жаңғырып келген Жаңа Жылын осылай тойладық.
Алты Алаштың езуіндегі күлкі, есік-төріндегі шырқы бұзылмауын тіледік іштей.
Кезінде керауыз кейбір заманның сыбырлатып тойлатқан Наурыз мейрамын, Ұлы Даланың сарыбел Сары­арқасында дүбірлетіп тойлаттық!
Тәңір Ие тартуы – Тәуелсіздіктің тойы бұл!
Наурыз – Жылдың басы!
Бақ қонып, Қыдыр дарысын!

ЖЕЗҚАЗҒАН
Мешін жылы да табалдырықтан аттады. Биылғы жылдың бедері ерекше. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қауышамыз. Азаттық жолында арпалысып өткен «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕС­КО аясындағы шоқтықты шараға айналмақшы. Желтоқсан жаңғырығына — 30 жыл. Наурыз мерекесі Жезқазған жеріне осындай мерейлі қуаныштың аққанат хабаршысындай болып жетті.
Күн мен түн теңесіп, Самарқанның көк тасы жібіген шақ кенді өңірге шуағын ерекше төккендей. Осы күннің алдында ғана бұрқан-талқан болып, ызғар шашқан күн райы да қабағын ашып, мейірлене қалыпты. Қаланың төр сахнасы орын тепкен Алаш алаңына қарай бет түзеген Наурыз шеруіне қатысушылар Алашахан даңғылының бойын кернеп келеді. Ел көңілі ерекше көтеріңкі.
Наурыз шеруін Қыдыр ата бастап келеді. Әр шаңыраққа Қыдыр баба келіп, ақ батасын берсе деп тілейтін ақпейіл халықпыз ғой. Ырыс-береке, құт-несібе сыйлаушы абыз әулиені: «Құт дарыған жеріме қош келдің, қасиетті Қыдыр ата!» деген пәк тілекпен қарсы алуда жұртшылық. Баба соңынан Керей мен Жәнібек хан, оның кемеңгер билері мен ержүрек батырлары да Алаш алаңының төріне қарай өтті. Ұлытау баурайынан үдере көшіп, Қозыбасыға қоныстанып, Ордасын көтерген қазақ елі қилы-қилы тағдыр жолынан өткені белгілі. Соның ішіндегі бодандық бұғауынан босанып шығуға деген асыл мұрат талай жылғы ел арманына айналды. Сол кезеңнен сыр тартып, азат елдің мерекелік шеруінде ұлт бостандығының айтулы күрескері Әлихан аға бастаған бір топ Алаш қайраткерлерінің өтуі де жарастықты болды.
Бүгін міне, Ел Тәуелсіздігінің ар­қасында сәулеті келісіп, дәулеті молайған Жезқазған Қазақстан экономи­касының маңызды күретамырына айналуда. Ұлыстың ұлы күнін айтарлықтай жетістіктермен қарсы алды. Наурыз тойына жиналған қалың жұртшылықты құттықтаған қала әкімі Батырлан Ахметов, қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев және «Қазақмыс» корпорациясы» кен байыту өндірістік кешенінің бас директоры Ардагер Әрінов табыс тартуы одан әрі еселеніп, келген жылымыздың өрлеу кезеңіне айналарына тілек қосты.
Алашахан даңғылының бойына 19 ақшаңқан киіз үй тігіліпті. Бейне бір қазақ ауылы көшіп келгендей әсер етеді. Наурыз көже бастаған ұлттық дәмдерін ұсынып, қазақтың ежелгі қонақжай дәстүрін паш етуде. Алтыбақан басы — ән-думан. Жылдағы дәстүр бойынша «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылған екен. Негізгі мақсаты — Ұлы дала төсін жайлап, көшпенді ғұмыр кешсе де төрін таза ұстап, дастарқанын жұтатпай, шаңырағына шаттық ұялатқан халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау. Осы талап үрдісіне сай сараптаған қазылар бас жүлдеге екі киіз үйді лайық көріпті. «Ютария Ltd» серіктестігі мен қалалық денсаулық сақтау бөлімінің ақбоз үйлері бас бәйгені еншілесе, қалған жүлделі орын мен номинация сыйлығына ие болған ұжымдар қатары да аз болмады.
Жан марқайтар сәулелі шуағымен, жүрек тербер жылылығымен келген Әз Наурызда ән әуелеп, би тербеді, күй күмбірлеп, жыр төгілді. Келген жылдан үміт көп. «Табысты, ырысты жыл болса екен» дейді ел тілегі. Әмин!

БАЛҚАШ
Мысшылар шаһарының наурыз күнгі таңы арайлап атты. Көкше көлдің мұз көбесі әлі сөгіле қоймаған. Алайда, әрбір балқаштықтың жүрегінде Нау­рыз көктемі, Наурыз мерекесі, Нау­рыз шаттығы. «Әжелер – отбасының алтын қазығы» қалалық байқауы, «Көңілді көктем» атты колледж студенттері арасындағы жастардың қалалық фестивалі Наурыз тойының шымылдығын ашып берді. Наурыздағы негізгі мақсат – бабалардан жеткен әдет- ғұрып, салт-дәстүрді бүгінгі ұрпаққа паш ету болса керек. Жиналған жұртшылық «Ең көрікті киіз үй» байқауының назарына іліккен киіз үйдің іші-сыртын тамашалады. «Көш-керуен» мерекелік шеруде де бабалар аманаты айтарлықтай сипат алды. Ал, Балқаш қаласының әкімі А.Аглиулин жұртшылықты ұлы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді.
«Наурыз дәмі» байқауы ұлттық тағамдардың бірнеше түрінен тұрады. Жұртшылық бұған да тәнті болды. Түрлі спорттық ойындар, мерекелік концерт, наурыз-думан, мәдени-сауық кеші балқаштықтардың жолы түскен қонақтардың көңіл-күйін асқақтатып, келер наурызға аман-есен жетейік деген игі тілекпен ұштасып жатты.

АҚТОҒАЙ
Тоқырауын өзенінің жағасындағы Ақтоғайдың жұртшылығы да көктемнің ызғарына қарамай-ақ, наурыз мейрамына ерте дайындалды. Ыстық ықылас, ізгі ниет, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы, құрметі осындайда тіптен арта түседі. Жұртшылық бір-бірімен қауыша көрісіп, аман-есен қыстан шыққандарын тілеу етіп, наурызға жетіп, мәре-сәре күй кешкендеріне дән риза. Ақтоғайлықтар сән-салтанаты жарасқан көшеге 12 киіз үй тігіп, бабалалардың көзіндей болған дәстүр-салт, әдет-ғұрыпты үш буын өкілдеріне ұсына білді. Әсіресе, жас құрақтай өсіп келе жатқан жастардың наурыз дәстүріне деген сүйіспеншілігі көңіл қуантады.
Ақтоғай ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов бүкіл жұртшылықты осын­ау ұлы мерекемен құттықтап,ел бірлігі, өзара түсінісушілік жағдайындағы тамаша ой-пікірін жеткізді. Дәл осы күні денсаулық сақтау саласының ардагері Оразбек Рахымбеков 80 жасқа толған екен. Аудан әкімі еңбек ардагерінің иығына шапан жауып, Алғыс хат тапсырды. Тағы бір игілікті бастама Көкөзек ауылының Сана би көшесінің тұрғындары өздері жеке үй тігіп, наурыз көркін қыздыра түсті. Жастардың мәдени бос уақытын өткізу орталығы, мәдениет бөлімі бірлесе отырып наурыз шеруін ұйымдастырды. Оған аудандағы колледж ұжымы, мектеп оқушылары белсене қатысты. Спорт жарысы, сауда ұйымдастырылды. «Тоқырауын толқындары» ансамблі, басқа да өнер ұжымдары тартымды кеш ұйымдастырды.

АҚСУ-АЮЛЫ
Игі бастама қашан да халықтың көңілінен шығады, қолдау табады. Наурыз мерекесі қарсаңында Ақсу-Аюлы селосында көктем мерекесіне орай арнайы акция ұйымдастырылды. «Бұлақ көрсең – көзін аш» – акцияға қатысушылардың ұраны осындай. Бабаларымыз табиғат тамырын дәл баса білген ғой. Көктемнің жаңаруы кезінде қайнардың көзін ашып, мөлдіреп, сарқырап еркін ағуына мүмкіндік жасаған. Жастар орталығы ұйымдастырған акцияда жақсы Жанғұтты бұлағының маңайын қардан аршып, тазартты. Бұл бастама ауданның басқа өңірлерінде де жүргізілді.
Аудан орталығына 13 киіз үй тігіліп, әртүрлі байқаулар ұйымдастырылып, наурыз мерекесінің жалпыхалықтық болып өтуіне екпін берді. Мұнда да наурыз дәстүрі, наурыз насихаты бабалардың көзіндей болып, жұртшылықтың жан жүрегіне жақындай түсті. Шет ауданы­ның әкімі Рысқали Әбдікеров арнайы наурыз құттықтауын жеткізді:
– Наурыз біз үшін бейбітшіліктің, жақсы тұрмыстың бастауы. Ел бірлігі, өзара түсіністік жақсы өмірді жақындата түседі. Осыны ұмытпағанымыз жөн. Наурыз құтты болсын...
Спорт ойындары қызықты өтті. Нән қойды желкесіне көтеріп, бірнеше  рет отырып, тұрған Айдын Дәрнеев есімді жігіт басқалардан анағұрлым мықты екенін көрсетті. Сөйтіп, қыс бойы бордақыда тұрған семіз секті олжалады. Ұлттық киім, дәмді тамақ байқаулары да өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарын тауып жатты. Күмбірлеген күй, асқақтаған ән Ақсу-Аюлы бөктерін түннің бір уағына дейін шадыман шаттыққа бөлеп тұрды.

ҚАРҚАРАЛЫ
Ынтымақ пен берекеге үндейтін ұлық мерекені Қарқаралы ауданының жұртшылығы да ерекше атап өтуді әдетке айналдырған. Бұл жолғы мереке, әдеттегідей, бұлақ көзін ашумен басталды. «Қарты бардың, қазынасы бар» демекші, Ұлы Отан соғысының ардагері Жақия Мұсатаев атамыз бастаған ардагерлеріміздің қатысуымен алты ай қыс бойы қардың құрсауында, мұз астында қалған бұлақтың көзі аршылып, арнасы тазаланып, ізгі бата-тілектер айтылып жатты. Адам баласының көңілін көтеріп, қуанышын еселей түскен шара «Қош келдің, әз Наурыз»  атты сазды бағдарламамен аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Алдымен, аудан әкімі Халел Мақсұтов қалың елді Наурыз мерекесімен құттықтады. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің, Халық қаһарманы, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіровтің жылы лебіздерін жеткізді.
Аудан өнерпаздарының сахналауымен күн мен түннің теңелгендігі, биші қыздар сомдаған тіршілік атаулының жандануы, жауқазын гүлінің қауыз жарып, гүлдеуі – бәрі-бәрі жер бетіне жылылық шуағын себе түсті. Көрермендердің көңілі толқып, шүкіршілік етті. Ал, сыртта әлдеқашан нағыз думан басталып кеткен болатын. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, салт-дәстүріміз ұлықталып жатты. Қос етек көйлек, бүрмелі бешпет киген қыз-келіншектер, оюлы шапан жамылып, құндыз бөрік киген азаматтар бірі-бірімен қауышып, төс қағыстырып, барлық жақсы тілектердің тиегін ағытты. Дастарқандар ұлттық тағамдармен толды. Келген қонақтар қыстан қалған сүр еттен, наурыз көже, қымыз бен айраннан дәм татты.
Осы бір атаулы мерекені айшықты салт-санамызбен қарсы алуға машық­танған қала басындағы барлық мекемелер өздері тіккен отауларында дәстүрлерімізді насихаттады. Ақ жаулықты әже бесікке немересін бөлеп, барлық жөн-жоралғыны, енді бірі көнеден келе жатқан, бүгінде жаңаша жаңғырып, өзінің құндылығын жоғалтпаған сыңсуды көрсетcе, енді бірі келін түсіріп, беташардың әдептерін алға тартты. Сондай-ақ, тілашар, тұсаукесер, сырға салу, құда түсу салтын көрсетті. Сондай-ақ, «Әз Наурыз – ырыс нұры, ұлыс күні» атты фестивальға қатысты. «Қазақстан – достықтың киелі шаңырағы», «Наурызбен келе берсін құт-береке», «Ұлтымыз Ұлыстың  Ұлы күнін ұлықтайды», «Көктем әуендері», «Наурыз нақыштары», «Қазақстан – киелі мекенім», «Жасай бер, Қазақстан» деген тақырыптарда сазды бағдарламаларын халықтың назарына ұсынды. Ұлттық ойындар да мерекенің көрігін қыздыра түсті.

Мирас АСАН,
Амандық РАХҰЛЫ,
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Сағыныш ӘБІЛОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 213
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px