Мұражай қоры сыр шертеді - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Мұражай қоры сыр шертеді
Жер жүзіндегі кез келген халықтың қадір тұтып, қасиетті санайтын киелі мекені болады. Қойнауы – қазына, тасына тарих тұнған Ұлытау өңірі – кешегі көшпенді қазақтың көшесіз астанасы. Бұл аймақта қалалық мәдениет, қолөнер, сауда-саттық дамығанын Басқамыр, Жошы Орда, Аяққамыр, Ордабазар қалашықтарына жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесі – сөзімізге дәлел.
Ақсақ Темір Алтыншоқы тауында тасқа қашап, белгі қалдырған. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлытау – өте қасиетті жер! Ұлытау деп аталуының өзінің де тарихи мәні бар, қазақтың ен даласының қайсысына барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Дегенмен, Ұлытаудың орны бөлек», – деді бір сөзінде. Киесінен киік үріккен мекеннің құпиясымен бөлісіп тарихынан сыр шертетін «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы» 1990 жылы 29 қарашада құрылды.
«Ұлытау» қорық-мұражайының қорғау аймағын жалпы көлемі – 147246 гектарды алып жатқан 25 тарихи-мәдени кешен құрайды. Мұражай қызметкерлері тарихи археологиялық ескерткіштерді қорғау, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында жұмыстар атқаруда. Аталған аймақта 200 ескерткіш кешені орналасқан. Ескерткіштер санын анықтау және төлқұжаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ұлытау ауданы аймағында  358 тарихи-мәдени ескерткіш төлқұжаттандырылған.  Олардың ішінде 11 ескерткіш республикалық маңызға ие: Айранбай, Мақат, Жошыхан, Алашахан, Болған ана, Басқамыр, Аяққамыр, Дүзен, Домбауыл, Кетебай, Лабақ мазарлары.
Мұражайда «Тарихи ландшафт», «Археология», «Архитектура», «Қазақ хандығы», «Қазақ этнографиясы», «Ұлы Еуразия даласы және Ұлытау» көрме залдары жұмыс істейді.
«Тарихи ландшафт», «Көрме» залында Ұлытау тарихы Ұлытау тауы төңірегінде мыңжылдықтарда өткен тарихи оқиғаларға байланысты көрсетілген. Табиғи ландшафтқа ұлттық мәдени мұра ретінде  мән берілген. Даланың еуразиялық белдеуінің орталығында орналасқан Ұлытаудың географиялық өзгешеліктері, оның табиғи ерекшеліктері және байлығы бұл өңірді Ұлы Дала тарихындағы негізгі орны бар екендігін көрсетеді.
«Археология» залында ғалам, дүние жаратылысы, Қазақстанның қазба байлықтары мен ежелгі дәуір тарихынан ХV ғасырдың І жартысына дейінгі кезең оқиғаларын сипаттайтын жәдігерлер және Ұлытау өңірі тарихын зерттеуші археологтардың  портреттер галереясы орналасқан. Шикі кірпішті кесенелер мен күйдірілген кірпіштен қаланған кесенелерді дарынды көшпелі сәулетшілер салған. Бұл Ұлытау даласында бірнеше жүзжылдыққа созылған түздік архитектуралық  ренессанстың көрінісі. Тағы бір Ұлытаудың ерекше мәдени-тарихи ландшафтысы жартас суреттерінің мекендері болып табылады.
«Қазақ этнографиясы» залында қойылған этнографиялық материалдар көп жылдардан бері қалыптасқан қазақ халқының тұрмыстық өмірінен, дүниетанымынан, бай материалдық және рухани мәдениетінен сыр шертеді.

Зағила ЖЫЛҚЫБАҚОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының қызметкері.
ҰЛЫТАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 202
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px