Мұсылмандықтың мәйегі мешітте... - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Мұсылмандықтың мәйегі мешітте...
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Ұлы сәскеде үйден шығып, қаладағы қарбалас тірлікке қойып кеттік. Күн ашық-жарық болғанымен, желбегей жамылған шапан етегін желпілдетер жел бар. Көк төрінде әредік жүзген ақша бұлттар аспан көркін аша түскендей. Мұсылманның бір парызы – пітір садақа беру мақсатында орталық жаңа мешітті бетке алған мендік жайбарақат жайды дәл жаныма келіп, ышқынып заулай жөнелген жеңіл көлік бұзды. Көсіліп жатқан ұзын жолдың бойы болса – бір сәрі. Үй арасындағы бір бұрылыстан екіншісіне дейін екі-ақ аттам. Онсыз да ойқы-шойқы көп жолда «мені көрдің бе?» дегендей, қасыма келе сала жерін қаза-маза күш алып жөнеп, кілт тоқтап, тағы сөйте барды. Қалтарысы көп үйлер арасында баппен байқастап жүрушілер аз. Бұған дейін де бірталайына куә болғанбыз.
Облыстық орталық жаңа мешіттің ауласы кең-ақ. Өзі де тамаша. Күмбезі көкке ұмсынған ғибадатхана – Қарағандыдағы таңдаулы ғимараттардың бірі. Қазіргі жұрттың бір парасы мешітті «Алланың үйі» деп жүр. Ақылға қонымсыз секілді. Ол заманда бұл заман, Алла адамнан үй сұрап па? Өзіне құлшылық етуден басқа. Мешіт, ғибадатхана, Аллаға мінәжат ететін үй деген орынды шығар.
Жаңа мешіттің алдына көтеріле қалсаң, биік тұғырлы көк байрақ пен «Сүйінші» монументі мен мұндалап сала береді. Көз қуанып, көңіл өседі сонда. Бұл күні мешітке келушілер қарасы аз болмады. Айтарлықтай көп те емес. Дегенмен, үздік-создық жамағат қатары үзілген жоқ. Көбі – пітір берушілер мен құран оқытып кетушілер. Отбасыларымен келіп, садақа салып кетіп жатыр. Кіреберістегі күзетші жігіт жұма, сенбі, жексенбі күндері кісі көп келетінін айтады. «Қазір қасиетті рамазан айы болғандығынан, пітір берушілер қатары қалың, сосын құран оқытушылар мен некесін қидырушылар басым көпшілігі. Қалған жай күндері жамағат көп келе бермейді» дейді.   
Жұма намазында мешіт аузы-мұрнынан бір-ақ шығады. Төрт жарым мың адамға шақ мешітке бұл күні жамағат сыймай кетеді. Сыймағандары кілем төсеп, сыртында құлшылық етіп жатқанын талай көргенбіз. Құдайға қараған елді көріп қуанасың. Қазақ – қашаннан Алласынан адасып, тәубасынан жаңылмаған ел. Жекелеген кейбір топтар жік-жік болып жат ағымдар жетегінде кетіп жатса – жастайынан осы мешітке бармағанының, ұлттық тәрбиенің уызына жарымағанының кесірі. Сөйткен рухани кеңістігі бос өскіндердің жалған сенімге еріп, жат ағымға еніп кетуі – оп-оңай. Жұма намазынан бөлек жай күндері мұнда жамағаттың аз келетіні қынжылтады бізді. Мәселен, біз тіл тартып, сөйлес қылған Әсет есімді жігіт Қарағандыға жеке жұмыстарымен келген Балқаш қаласының тұрғыны болып шықты. «Бос уақытым болғандықтан, мешітке келіп намаз оқып кетуді жөн көрдім» дейді. Бір өкініштісі, мешітке келуді әдетке айналдырған жамағат болмаса, жалпы бұқара жұрт мұнда құран оқытып, садақа беру мақсатымен ғана бас сұғатын сияқты. Оны мешіт қызметкерлері де айтады. Асылында, намазға жығылып, ораза тұту – исі мұсылманның бір парызы емес пе?! Осы имани жолға түсудің басты шарты бірінші ниет болса, мәйегі мешіт екенін ұмытпағанымыз абзал, әрине.
Мұнда келіп, құран, намаз оқымаған күннің өзінде көкірек-кеудеңіз кеңіп, жан сарайыңыз ашылып сала береді.  Бір бұрышта жамағатқа діни дәріс оқылып жатыр. Кіріп-шыққандардың кейбіреулері сонда тізе бүгіп, дәріс тыңдаушылардың қарасын көбейтуде. Бір жарым, екі сағатқа дейін созылады екен дәріс. Әр-әр жерде шоқиған бірен-саран жамағат. Біреулері құлшылық қылып жатса, кейбіреулері кітап оқып отыр. Кешкісін 160 адамға ауызашар беріледі. Онда келетіндердің көбі ақсақалдар мен студенттер. Ауызашарға келгендерді үйіне жеткізу мақсатында арнайы бағыттарға автобустар жұмылдырылған. Таңертеңгі сағат оннан түскі үшке дейін төрт жастағы, одан жоғары жастағы балаларға жазғы лагерь – имандылық, әдептілік сабақтары өтеді. Рамазан айы басталғалы қарилер бүкіл мұсылман қауымына бағыштап хатым-құран түсіруде. Бізді қуантқаны – мұнда шапағатқа малынып жас бүлдіршіндердің жүргені.
Ізгілік пен имандылықтың ордасы –  мешітте екі сағат мұғдарында аялдап, үйге таман домаладық. Ойласақ, мұсылмандар үшін Алла мен адамзат арасында тұрған жалғыз ғибадатхана – осы мешіт қана. Неге аптасына бір рет жұма намазына барып, құлшылық етіп тұрмасқа деген ой қаперден шықпай қойды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 567
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px