Майдангер өнегесі –мақтаныш - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Майдангер өнегесі –мақтаныш
Жеңіс күні біздің халқымыздың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қайтпас қаһармандығы мен ерен еңбегі туралы естеліктердің санамызда қайталап жаңғыруымен құнды. Бұл күні біз қолына қару алып, қас дұшпаннан Мәскеуді қорғап қалғандарды, оларды Еділ бойынан кері ығыстырғандарды, Курск доғасынан тықсыра қуғандарды барынша әспеттейміз. Бұл күні біз қарша бораған оқтың астында Днепр, Висла, Одер өзендерінен өткендерге, фашистердің ұясы – Берлинді алғандарға шексіз құрмет көрсетеміз.
Қазақстандықтар майдан даласында үнемі алғы шепте болып, ерліктің ерен үлгісін танытты. Басқыншылардың бағытын еріксіз өзгертіп, бетін батысқа қарай бұрды. Олар майдандағыларды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, киім-кешекпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тылда тынымсыз еңбек етті.
Ұрыс даласында қаза тапқандардың есімдері – біздің мәңгі есімізде. Соғыс сұрапылынан есен-сау оралғандардың әңгімелері – біз үшін аса қастерлі. Тыл еңбеккерлерінің естеліктері біздің жүрегімізде тебіреніс сезімін оятады. Қысқасы, Жеңіс күні – біздің барша халқымыз үшін ең қастерлі, ең қуанышты мереке!
Соғыс өртінің өтінде болған майдангерлерді ардақ тұтатын барлық қазақстандықтар секілді Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері де өздерінің ардагер аталарын айрықша мақтан тұтады. Мәселен, аталған департаменттің бас маманы Гүлдана Кашенованың қайын атасы Мұхамедия Мұрсалов – Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер.
Ол 1924 жылғы 21 қыркүйекте Жаңаарқа кентінде дүниеге келген. Әке-шешесі колхозда жұмыс істеген. Соғыс басталғанда Мұхамедия да әкесімен бірге еңбекке араласады. 1942 жылы 18 жасқа толған соң Нұра аудандық әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясының қатарына шақырылады. Мәскеуден 60 шақырым жерде әскери әрекеттерге машықтану курсынан өтіп, алты айдан кейін 226-шы Минск полкінің Ішкі істер халық комиссариатына қарасты бөлімшесіне жіберіледі. Сталинград және Тула қалалары түбіндегі шайқастардың бел ортасында болған.
1944 жылы Кеңес әскерлері айтулы жеңістерге қол жеткізіп, дұшпанға үстемдік көрсете бастады. Сол кезде Мұхамедия Мұрсалов қызмет атқаратын әскери құрылымды Ішкі істер және Мемлекеттік қауіпсіздік  министрліктері ретінде екіге бөледі. Жас жауынгер Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне бағындырылған 226-шы ішкі істер полкі құрамында қалады. Соғыс аяқталғанымен, бейбіт күн барлық жерде орнай қоймаған еді. Ол ұлтараздық өшпенділікті өршіту мақсатында Кеңес армиясына қарсы өздерінің тыңшыларын пайдаланған ұлтшыл сатқындармен 1946-1949 жылдары Украина және Белоруссия жерінде  болған сансыз ұрыстарға белсене араласады.
1949 жылы әкесінің қайтыс болуы себепті, туған жеріне біржола оралады. Мұнда оны екі інісі мен кішкентай екі қарындасы күтіп отырған еді. Елге оралған соң бір айдан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жаңаарқа аудандық бөлімшесіне қызметке қабылданады.
Бүгінгі күні Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхамедия Мұрсаловтың өнегелі ісін оның немересі Нұркен Мұхамедия жарасымды жалғастыруда. Ол әскери институтта оқиды және өзінің атасын айрықша мақтан тұтады.

Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер
 департаменті.   

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 197
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px