Манарбек мұрасының мұнарасы - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Манарбек мұрасының  мұнарасы
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»
Ән – топырақтан текке біткен, арқаға қонып, көмейде бүлкілдеген рухқа қорған жан өрнегі. Осыдан тура 115 жыл бұрын шалғынына Нарманбет қазық қаққан Ақтоғайдың Қарасуында бір сәби шыр ете түседі... Әлгі шырылды естіп, әнші құстар әбігерленіпті. Бұлбұл барлығып, сандуғаш сүрлігіпті. Дегелек дүрлігіп, дүр дүниені әуезді үн тербей бастайды...
Ол – Ержанның Манарбегі еді!
Қазақтың аса көрнекті өнерпазы, әнші-орындаушысы, күйшісі, сазгері Ержанның Манарбегінің туғанына биыл – 115 жыл. Ән десе ішкен асын жерге қоятын Арқаның серікөңіл сезімтал жұрты бұл жайтқа бей-жай қарамасы анық. Оның ішінде Манарбектің шоқтығы биік. «Сайра, бұлбұлы», «Паравозының» өзі неге тұрады?! Саумалдай әндері сүйекті ерітіп, тиекті қозғап, қарттан балаға, келіншектен кемпірге дейін тыңдауға бейіл.
Манарбек әуендері – аққуға қосқан үн, алаштан оздырған ән десе жарасар. Көңіл күмбезіне сырлы саз жалатқан Тоқырауынның қатты дабысындай Манкеңнің әндері өлмес мұра, өшпес шырақ-ау...
Бұл әңгімені неге айтып отыр дерсіздер? Мәнісі бар. Манарбек атаның биылғы мерейтойын атап өтпек ниеттен туған тамаша мұрат таңғажайып өтер кешке сеп болса керек.
Наурыз айының 18 жұлдызында кешкі сағат 18.30-да Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында айтулы кешке куә болғалы отырмыз. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің ұйымдастырумен аталмыш тұлғаның 115 жылдығына орай өтетін өнер жәрмеңкесіне Құрмаш Ыбыш, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркен бастаған  белгілі әншілер қатыспақ. Манарбектің біз естімеген қаншама күйі мен сазы да сонда жарқырамақ. Кештің салмағын арттырып, жан-жағын әнмен қаумалаған сал-серілердің арасында Гүлмира Тапай, Дана Мақшонова сынды қыз-келіншектер де бар деседі. Жас өрендер өздері – бір төбе. Өнерпаздарды Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдеп, өз тыңдармандарын сиқырлы сазға бөлемек. Кіру тегін.
Ендеше, осы жұма «Шалқымаға» атыңызды шалдырып, ән ғұмырдың мәнді жырына бірге сусындайық.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 269
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px