Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 13.12.2018

Мемориалды тақта орнатылды
Қарағандыда  ҚР Халық әртісі, қаланың Құрметті азаматы Жәмила ШАШКИНА тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды.  Енді Бейбітшілік гүлзары бойымен Сәкен театрына бет алған әр адам 7-ші үйдегі театр падишасының мәрмар тастағы кескін-келбетіне тағзым етіп өтері даусыз.

Өнері мен өмірі аңызға айналған Жә­ми­ла Шашкина – облыстық Сәкен Сейфул­лин атындағы қазақ драма театрының іргетасын  қаласқандардың бірі. 100-ден астам рөлдерді  асқан шеберлікпен сом­даған сахна саңлағын еске алу салтанатын облыс әкімінің мәдениет  мәселелері бойынша кеңесшісі, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова ашты.
– Бұл – біз үшін тарихи күн. Өлке­міздің өнері мен мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген, қара шаңырағымыз – теа­тры­мыздың анасы Жәмила Шашкина тұрған үйге ескерткіш тақта қою көптен бері көкейде жүрген ой еді. Бұл күн шы­ғармашылық орта ғана емес, театр­сүйер қауым үшін үлкен мереке. Облыстық әкімдік пен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама  басқармасы, Сәкен театры және «Сарыжайлау» кинотеатрының қол­дауымен қойылған мемориалдық тақта ұлы актрисаның есімін мәңгілік есте қал­ды­рады, – деп атап өтті Рымбала Кен­же­балақызы.
Саналы ғұмырын театрға арнаған Жә­мила апайдың сахнадағы тұңғыш қа­­дамы 1932 жылы өлкеміздегі қазақ драма театрының шымылдығын ашқан А.Ша­ниннің «Зәуре» пьесасы бойынша қойылған спектакльдегі басты рөлмен басталған. Басынан қандай дәурен өтсе де өнерге, туған театрына деген адал­дықтан айнымаған ұлы актриса Жәмила апайдың   қызы Сулико анасының театр­мен бірге өмір сүргенін, үйдегі репетицияларда ең алғашқы көрермені де, сыншысы да өзі болатынын сағына еске алды. Туған-туыстары мен ұрпақтары атынан Сулико Егінбекова осы игілікті шараға мұрындық болған жандардың баршасына алғысын білдірді.
Жәмила Шашкина сахнада бірде Қыз Жібек, Еңлік, Баян сұлу болып өмір сүрсе, енді бірде  Ақтоты, Қарлыға секілді қазақ аруларының бейнелерін сомдады, олардың қай-қайсысы да көзіқарақты кө­рерменнің көңілінде жатталып, көкейінде қалған. Жәмила Шашкинамен бір сахнада жұмыс істеу бақытына ие болған қа­рашаңырақтың қазіргі майталмандары сах­на саңлағының рөлді сомдау, образға ену ерекшелігін тамсана еске алды.
Ұлы актриса қазақ театрының жеке шаңырағы болса деген арманының орын­далғанын көрді. 2008 жылы Елбасының өзі қатысқан Сәкен театрының жаңа ғимаратының ашылуында Жәмила Шашкина аналық ақ батасын берген болатын.
Театр анасы атанған актрисаның шә­кірттері, туған туыстары және өнерсүйер қауым Жәмила Шашкинаны еске алуды «Сарыжайлау» кинотеатрында «Талант өлмейді, ол қайта ізбасарлары арқылы жетіліп отырады» тақырыбындағы кинокешпен жалғастырып, сахна саңлағы қатысқан бейнекадрларды тамашалап, жүрекжарды лебіздері мен естеліктерін айтып, спектакльдерден үзінділер қой­ылды.
Қазақ театр өнері мен мәдениетінің өркендеп өсуіне зор еңбегін сіңірген Жә­мила апайдың жұлдызды жолы соқтық­палы-соқпақсыз болған жоқ. Совет үкіметі жылдарында бай әулеттен шыққаны үшін отбасы қуғын-сүргінге ұшыраса, алғашқы жары Зейін Шашкин репрессия тұзағына тұтылды.  
Ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән шынайы шеберлігімен, сахнадағы сә­ні­мен елімізге танымал болған, театр тарихына есімін алтын әріппен қалдырған ұлы актриса Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.  

С.СЫДЫҚҚЫЗЫ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 625
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1267
count 88x31px