Мешіт атауына лайықты есім... - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Мешіт атауына лайықты есім...
Қазыналы қаламызда Алланың қолдауымен, көптің тілегімен, билік өк­іл­дерінің пәрменімен соңғы жылдары іргелі екі мешіт салынды: біреуі – 1999 жылдың желтоқсанында, екіншісі – 2010 жылдың маусым айында. Екеуі де жамағатты имандылық жолында тәрбиелеуде айтарлықтай қызмет етіп келеді. Әрі «Өлім барда – қаза бар» дегендей, туған-туыстардың бас қосып, аруақтар рухына тағзым етіп, дұға оқытып, ғибратты еске алулар орнына айналып отыр.
Осындай тіршілік жағдайында аталған екі мешітке барып тұруда жай ғана болып көрінетін қолайсыздықтар туындауда. «Қайда барамыз?» дегенде «Жаңа мешіт», не «Ескі мешіт» (екеуі де жаңа болса да), «Қалалық мешіт», не «Орталық мешіт» (екеуі де қалада болса да), «пәлен» ғимараттың жанындағы, не болмаса, «пәленше имамның мешіті» деп, басқарып отырған имамдардың аттарына телиді, әйтеуір, бітпейтін түсіндіру – әбігершілік.
Әрине, бар мәселе бұл жайтқа тіреліп те тұрған жоқ, бірақ, жан-жағыңызға қарасаңыз, өмірдің бір орында тұрмайтынын ескерсеңіз, мешіттерге дін исламға білімімен, рухани тазалығымен қызмет еткен тұлғалардың есімдерін беру заңды үрдіске айналуда және бұл іс ғибадат үйінің бейнесін айдарлай түсіп, оның діни-рухани қызмет аясын кеңейте түсуге көмектеседі. Мешіт біреудің атын иемденуге зәру де емес шығар, дегенмен, «Балақажы» мешіті, «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, тағы сол сияқты мешіттерге асыл дінімізге бар жан-тәнімен қызмет еткен ғұламаларымыздың аттарын беру – қасиетті үйдің ғибратты-танымдық рөлін тереңдете түседі.
Мешітке ат беру мәселесі 2000 жылдан бері көтеріліп келеді. Пікірлерді зерделеп қарасаңыз, көпшіліктің, оның ішінде, зиялы қауымның ойы бір есімге тоқтаған секілді. Ол – дін-руханият әлемінде «әл-Машани» деген атпен белгілі ғалым, ислам дүниесінің ірі  тұлғаларының бірі Ақжан Жақсыбекұлы Машанов.
Мәселе аталмыш уақыттан бері төрт рет көтеріліп отыр: біріншісі – «Орталық Қазақстан» газетінде, 2000 жылдың 16 желтоқсанында; екіншісі – аталған басылымда, 2006 жылдың 4 шілдесінде, 10 адам қол қойған; үшіншісі – тағы да осы басылымда, 2015 жылы.
Ең ауқымды жұмыс, бұрынғы жылдарда айтылған пікірлердің жалғасы ретінде өткен жылдың соңында басталды әрі бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Әр жерде бастамашыл топтар құрылып, әр деңгейде жұмыс жасай бастады. Бірі – жай әңгіме-пікір алмасу ниетінде көтерілмей қалып қойып, бірі – баспасөз бетінде атқарған жұмыстары жарияланбаса да, ауыз толтырып айтарлықтай түсіндіру-ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, мәселені өзінің шешілу нүктесіне таянтқан тәрізді.
Бастамашыл топтың атынан тиісті орындарға барып, түсіндіріп, біраз шаруаның қиюын келтіруші – Қазақстанның құрметті журналисі, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық шығармашылық бірлестігі Қарағанды бөлімшесінің өкілетті директоры, өңірімізге белгілі азамат Мұқаметқали Баймұқанов болып отыр.
Нәтижесінде, Қазыбек би ауданы­ның Ардагерлер кеңесі (төрағасы – Тілеубек Зейнешев) қолдау көрсетіп, тиісті орындарға құптауды сұрап, хат жолдады. Өмірдің бай тәжірибесінен өткен салиқалы азаматтардың басын біріктіріп отырған бұл ұйымға тек рахмет айтамыз.
Бұл мәселе бойынша Дін істері басқармасы, облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа оң пікірлерін білдіруде әрі қала әкімдігі де құлағдар.
Пікірлер бір арнаға тоғысты: екі мешіттің біреуіне әл-Машанидың атын беру – кезегі келген шаруа дегенге сая­ды.
Ендігі мәселе – түйінді кім шешеді, нүктені кім қояды, осы тақырыптың аясында жұмыс жасау. «Көп тілегі – көл» дегенді ескерген дұрыс болар.

♦ ♦ ♦

Әр нәрсенің, әр мәселенің орны бар. Сондай орынды, қисынды әрі  жағымды мәселенің бірі – мешіттің біріне Ақжан Машановтың атын беру.
Ал, Машанов деген кім? Көпшілік оның атын әспеттеп-құрметтеп, қызғыштай қорғап, қасиетті үйге оның атын беруге неге құмар?! Зиялы қауым өкілдеріне әл-Машанидің есімі мәшһүр болса да, тағы да бір қайта көпшіліктің есіне сала кеткен абзал болар.
Қысқаша баяндайық.
А.Машанов 1906 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Нұркен ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Атасы – атақты Машани би, Қарқаралы өңірінде белгілі адам, әйгілі Құнанбай қажымен замандас, сыйлас және пікірлес болған. «Машан, Машандай ұл туғанша қашан?» деген кең мағыналы, ойлы сөздің ел жадында қалуы көп нәрсені аңғартса керек.
Ақаң әуелі ауылдық мектепте, Қарқаралы педтехникумында оқып, кейіннен Алматы тау-кен институтында оқып, тәмамдайды. Алғашқы қызметін ұстаздық жолдан бастайды: мұғалім, оқу бөлімінің инспекторы, ашаршылық жылдары балаларды панасыздықтан қорғау мәселесімен шұғылданады.
Ақжан Машанов – еліміздің эконо­микалық қуатын арттыруда айтарлықтай еңбек еткен жан. Жас ғалым-инженер ретінде Қоңырат, Ақбастау, Құсмұрын, Лениногор, Зырян, Жезқазған, Қаратау, т.б. кен орындарын ашуға қатысады.
Ол – Қазақстан Ғылым Академия­сының негізін құрушылардың бірі. 1946 жылы құрылған Ғылым Академиясының коррес­пондент-мүшесі болып сайланып, Қаныш Сәтбаевпен тізе қосып, елімізде ғылым­ның дамып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Өмір бойы Қазақ политехникалық институтында дәріс оқып, маркшейдер кафедрасын басқарып, шәкірттерін ғылым жолына, Отанға адал қызмет ету ісіне жалықпай, табандылықпен тәрбиеледі. Ғылыми еңбектер жазды, ол – геомеханикалық мектебінің негізін қалаушы әрі қазақ әдебиетінде фантастикалық жанрға түрен салушылардың бірі.
Ұлы ғалымның артына өшпес­тей із қалдырған еңбегі – Фара­битанудың негізін қалауында. Ұлы ғұлама әл-Фа­рабидің қазақ топырағынан шыққанын дәлелдеп, оның еңбектерін Париж, Каир, Лондон, Лиссабон, Рим, т.б. қалалардың кітапханаларынан тауып, жинақтап, Алматыда Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізу үшін қаншама қиналып, тер төккенін түсінуге болады. Әл-Фарабидің Шамдағы Бас ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, ескерткіш тас қоюға ықпал етті. Ақаң ұлы ғұламаның еңбектерінің қазақ тілінде шығарылуына жол салды, өзі де әл-Фараби ілімі жөнінде зерттеулер қалдырды.
Шәкірті әрі ізбасары Шәмшидден Әбдірамановтың айтуынша, Машанидің Фарабитану бойынша 10 томдық еңбегі қолжазба күйінде қалған.
Ақаң – Абайтануға зор үлес қосқан адам. Сонау, 1945 жылы, Абайдың 100 жылдық мерейтойына байланысты конференцияға белсене қатысады. «Абай – озат ойшыл» деген мақала жазады. Абайтанудағы ерекшелігі – әл-Фараби мен Абайдың рухани үндестігін, танымдық ойларының үйлесім тауып, жалғасуын көрсете білуінде. Екі алыптың өмір сүру кеңістіктерінің алшақтығы – мың жылға жуық, осыған қарамастан, Абайды Фараби ілімін жалғастырушы деп тануы, елге танытуы, дәлелдеуі – ғылыми шебердің шеберінен ғана келетіні айғақ.
Фараби – Ибн Син – Бируни – Ғазали – Дауани – Маржани тізбегі арқылы Абай ұлы ғұламаның ілімімен таныс, рухани үндес болған деп батыл да дәлелді болжам жасайды. Машановтың «Жұрт әл-Фарабиді философ дейді, бірақ, әл-Фараби музыкант; жұрт Абайды ақын дейді, бірақ, Абай – философ» деп жазғаны таңқаларлық, ойланарлық нәрсе емес пе? «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегі – Ақаңның қос алыпқа қойған рухани ескерткіші.

♦ ♦ ♦

Ақжан Машановтың жеке басы, азамат ретінде қасиеттерінің бірі – дін ислам қағидаларына адалдығы. Біздің көтеріп отырған тақырыбымызға керегі осы. Жоғары оқу орнында ұстаздық ете жүріп, бес уақыт намазын тастамады, мешіттерді жағалады, егде тартқан шағында араб тілін үйреніп, (діндар Сәдуақас Ғылмани көп жәрдемдескен), Құран Кәрімді, әл-Фараби еңбектерін түпнұсқадан оқып, зерделеді. Араб елдерінде шығатын журналдарға араб тілінде мақалалар жазды. Сол мақалалардың бірінде «Әл-Машани» деп өзіне бүркеншек ат қойды. Ғылым мен дінді байланысты зерттеуі ғалымның дүниені, өзін, Алланы тану жолдарына жетеледі, бұл Ақаң шыққан биік белес болатын.
Осы жерде ғалым Рахима Нұри­деннің терең жазылған еңбегінен ой тастар үзінділер келтірейік. «А.Машанидың мақалалары құрғақ сөз емес, ол тұнып тұрған сызбаларға толы, геометриялық дәлдікпен есептеген Құран Кәрімнің ғылыми тұжырымдамалары» деп жаза отырып, ұлы ғалымның «Бар ғылымның тоғысар арнасы, зәулім шырқау шыңы – қасиетті Құран кітабын оқуды аманат етемін. Ислам – ғылымға негізделген ең таза дін. Исламның бір үлкен парызы – ғылым. Ата-бабаларымыз қастерлеген сол дінді қадірлеп, имандылыққа бой бұрған ұрпақтарымның ертеңгі өмірі арайлы болатынына сенемін» деген өсиетті, ұлағатты сөздерін келтіреді. Бұл аманат – сөзді айту үшін жылдар ойланып, толғанып,  ыждаһатпен іштегі иірімді, қат-қабат қыртысты ой-толғаныстарды сыртқа кемелдікпен шығара білу керек болар.
Белгілі діни қайраткер Халифа Алтай: «Мен – бар болғаны аудармашымын, ал исламның ғылыми негізін тереңнен толғайтын нағыз ғұлама – Ақжан Жақсыбекұлы» десе, академик Әлия Бейсенова: «Өзінің біліміне тиянақты, сөзіне тұрақты, құбылысты қазақтың ұлттық дәстүрімен, кең жазира даласының тарихымен байланыстыра түсіндіретін Ақаңдай бірде-бір адам көрмедім» деп толғана жазған. Иә, ғұламаның «ХХ ғасырдың әл-Фарабиі» деп атануы – әйгілі замандастары – ғалымдарының ой елегінен екшеленген қанатты, дуалы сөз еді.
Ұлы ғалым, ұлы тұлғалар: Дін­мұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Шахмардан Есенов сияқты ғалымдармен замандас, сыйлас болды.
Рахманқұл Бердібай, Мұхтар Мағауин, Тұрсынбек Кәкішев, Қасым Қайсенов, т.б. танымал азаматтардың естеліктерінде Ақаңа, оның еңбегіне, адами қасиетіне жоғары баға береді.
Сондай баға алған Ақаңның армандары болған екен. Армансыз адам бола ма, арманына әркім жеткен бе?! Ғылымның шынар биігіне көтерілген, Фараби мен Абайдың, Құран Кәрім мен ғылымның байланысын, үндестігі-үйлесімін тапқан ғалым нені армандады? Әріптестері мен шәкірттерінің айтуы бойынша үш арманы болған екен: біріншісі – Түркістанда ашылған Қазақ-түрік университетінде дәріс оқып, ғылыми жұмысын жалғастыру үшін жатақханадан бір бөлме беріп, жазып-сызғанын тіркеу үшін бір лаборант берсе деген тілегі, түпте, Әзірет Сұлтан кесенесі шырақшысы болсам деп; екінші – «Әл-Фараби» мұражайын ашып, Тұран елінің бар ескерткіш-жәдігерлерін, тағы басқа тарихи құнды деректерді осы мұражай аясында жинақтап, әлемге танытсам деген ойы; үшіншісі – 2007 жылы Меккеге баруды жоспарлаған. Өкінішке орай, бұл сапары-арманы да жүзеге аспады: 2006 жылы қайран Ақаң бұ дүниемен қоштасты.
Сонымен, үш арманы да жү­зеге аспады. Өмірі де жеңіл болған жоқ: кедергілер, шектеулер көптеп кездесті, тіптен, Фарабимен шұғыл­дануын әріптестері келеке еткен. Ақаң Фарабидің портретін кабинетке іліп қояды екен. Соны көрген профессор әріптесі «Ей, Ақжан, мынау сәлде киген шалың кім? Жаратылыстану ғылымына жақынсың ғой, зерттеші, мүмкін, руы кім екенін айтарсың» деп ащы да улы әзілдер айтады екен.
Армандарына қарап отырсаңыз, бәрі де ар ісіне, имандылық жолына бағытталған, дін мен ғылымның біртұтастығын дәлелдеуге ұмтылу бар.
Осыдан туындайтын мәселе: ұлы ғұламаның армандарын жүзеге асыру үшін, оның еңбектеріндегі рухани дәндерді Арқа жеріне егу, баптап, күтіп, жинап жас ұрпақ зердесіне жеткізу.

♦ ♦ ♦

 Ақжан Машановтың есімі де, еңбектері де, өмір жолы да Арқа жұртына таныс. Ұлы жерлестерімізді мақтан етеміз. Ол бір рудың, бір ауылдың, бір ауданның мақтанышы емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Ақаң туралы облыс көлемінде ғибратты-танымдық ма­қалалар жазып жүрген азаматтар баршылық. Олардың қатарында: Төрехан Майбас,  Ғұзыхан Ақпанбек, Қалиасқар Шыныбектегі, Мұқаметқали Баймұқанов, Серік Сағынтай, О.Қойшыбеков, Қ.Исқақова, Б.Әбілов, С.Әбілова, Е.Төлеубаев, С.Ләмбекұлы, Ж.Мол­дахметұлы (соңғы азаматтарды атын білмегендіктен толық жаза алмадым – кешірім сұраймын), тағы басқалары бар.
Осы әңгіменің боларын білгендей, «Орталық Қазақстан» Ақжан Ма­шанов­тың екі мақаласы жарқ ете түсті (06.01.2016, 28.01.2016). Айтпақшы, ұлы ғұламаның 110 жылдық мерейтойы да таяп, жылжып келеді.
Сонымен, халық, тиісті орындар құлақтанған, «Сабақты ине сәтімен» дегендей, әл-Машанидің есімін мешітке беру арқылы, орындалмаған армандарының орнын толтырып, еңбектерін,  философиялық сапалық ойларын, тағылымды істерін мешіт қызметіне пайдалануымыз қажет.
Ғұламалардың атын иемденген мешіт, дұрыс пайдаланса, ұтары көп; ол мешіттің бағыт-бағдарын кеңейтіп, уағыз-насиғат аясын ғылыммен, біліммен ұштастырып, заман талабына сай жұмыс істеуге көмектеседі. Ұлылардың өмірі – адами қарым-қатынастарының үлгісі, елін-жерін, жұртын, ата-анасын, салт-дәстүрін сыйлаудың, жақсылық жасап, жамандықтан аулақ болу, үлгі-өнеге жолы.
Бұл жолды ұстасақ, ол – қазіргі уақытта дін жолынан адасушыларға, жікшіл топтардың шығуының алдын алу шаралары, яғни берік тосқауыл емес  пе, одан артық не керек?!
Бұл ой-пікірім көптің ойын зерделеп, білгендіктен туындап отыр әрі өзім де аз уақыт болса да, ғұламаны көзім көргендіктен және кейбір айтулы еңбектерімен таныс болғандықтан қолыма қалам алдым. Ақаңның ісіне адалдығы, дін исламға деген ыждаһаттылығы, тұрмыстағы қарапайымдылығы – әрбір адамды тәнті қылар қасиеттер.
Айтарым, құрметті ағайын, бір тоқтамға келіп, он бес жылға созылған ұсыныс-тілектердің қабыл болуына сөзімізбен, ісімізбен және ниетімізбен ат салысайық.
Марат Түсіпов,
ардагер ұстаз.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 289
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px