Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА, ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы: «Зайырлы қоғам мен руханият танымы екі бөлек ұғым емес» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,
ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы:
«Зайырлы қоғам мен руханият  танымы
екі бөлек ұғым емес»

ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен ағымдық жылдың ақпан айында «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық конференция өткен-ді. Ондағы қабылданған Үндеудің елімізде зор өрлеу туғызғаны белгілі. Соның жаңғырығы ретінде сәуір айының 18-де «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында облыстық конференция өтеді. Осыған орай тілшіміз өңіріміздің өкіл имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖАҰЛЫНА жолығып, сұхбаттасып қайтқан еді.
– Жергілікті жерлерде мұндай конференция өткізудің басты мақсаты не деп білесіз?
– Осы жиынымыздың мақсаты – дін мен зайырлы қоғамның үй­лес­імділігін арттыру, Қазақстан мұсыл­мандарының біртұтастығын қалып­тастыру, діни радикалды идеология және олардан келетін қауіп-қатермен қоғам болып күресудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, дінаралық татулық пен келісімді нығайту, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды насихаттау...
– Мемлекет пен дін бөлінген емес пе, біз зайырлы елміз ғой...
– Зайырлы болу деген сөз – мемлекеттің дін саласына мүлдем араласпауы дегенді білдірмейді.
«Біз ежелден Ислам дінін, сүн­ниттік бағыттағы, ханафи мәз­һабын ұстанған халықпыз» деген Елбасы сөзі баршамызға айқын бағыт болады. Олай болса зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді.
– Сонда дін билігін жоққа шығармақсыз ба?
– Зайырлы елде мемлекеттің билігі бірінші тұрады.
– Сонда діни билік мемлекеттік билікке бағынады деп ұғынамыз ба?
Осы мағынада қарау керек. Батыс елдерінен өзгешелігіміз – біз дәстүрлі мемлекетпіз. Ол дегеніміз – біздің топырағымызды ашып қара­сақ, астынан бабаларымыздың рухы шығады, біздің тарихымыз, құнды­лықтарымыз, өркениетіміз, мәдени платформамыздың бәрі осы топырақта жатыр. Ал енді, бұл платформаның үстіне құрылған мемлекет өзінің мәдениеті мен дінінен қалай бөлек болып қалады? Ол осы танымды сақтау арқылы өзінің баяндылығын қамтамасыз етеді. Сол танымды зерттеу арқылы өзінің құндылықтарын қалыптастырып, дамытады. Сол негіздерге қамқорлық жасау арқылы өз келешегін жарқын етеді. Фарабидің, Платонның анық­тамасы бойынша, кез келген мемлекеттің құрылуының басты мақсаты – сол құрушыларды бақытқа жеткізу. Сондықтан, «дін – мемлекеттен бөлінген» дегенді біз биліктің дінге бейтарап қарауы деп қабылдамаймыз. Біз зайырлылықты мемлекеттік билік пен діни биліктің ажыратылуы деп түсіндіреміз және дін ешқашан саясатқа құрал болмайды деген мәселені негізге аламыз.
– Сіздер ұсынып жүрген зайырлылық концепциясы қазақтың жүріп өткен тарихымен тығыз байланысты ма?
– Міндетті түрде. Зайырлы мем­лекет – қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азамат­тық негізде реттелетін, мем­лекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мем­лекеттің сипаты. Зайырлы мем­лекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анық­талады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыс­сыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелердің мемлекеттік деңгейде тойланатыны көп жайтты аңғартса керек.
– «Зайырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады емес пе?
– Асыл дініміз адамзатқа тән игі құндылыққа толы. Зайырлылық қағидаттары заңнамалық нормалар арқылы бекітілетіндіктен, бұл орайда алдымен заң тілімен сөйлеуге тура келеді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабының 4-тармағы бойынша діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады. Бұл орайда, ең басты назарда ұстайтын нәрсе – зайырлылық дегеніміз дінсіздік емес, ол – гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және діни сенім бостандығын жүзеге асыруды қолдайтын, дүниетанымдық еркіндікті, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындайтын, адамгершілік-өнегелілік және құқықтық құндылықтарға негізделген әмбебап жүйе. Сондықтан, діни таным да зайырлы дүниетанымның бір бөлігі болып табылады.
Зайырлы жүйеде діни білімге де, дінтанулық білімге де тыйым салынбайды. Керісінше, еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған. Мысалы еліміздегі екі мыңнан асатын мешіттеріміздің жанында діни сауат ашу курстары тұрақты қызмет жасап, жасына, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан діни білім беріп отыр. Жастарымызды имандылық пен адамгершілікке бау­­­литын және діни мамандық иесі болып дұрыс жолға бағыттайтын әр өңірдегі медреселер мен ТМД елдері арасында теңдессіз іргелі оқу ордамыз «Нұр-Мүбәрак» ислам университеті ешқандай кедергісіз өз жұмыстарын жасап келеді. Зайырлылық дінсіздікке апарады деген қате түсінік қалыптастыратын ешқандай негіз жоқ. Егер де дінсіздік ұғымында түсінер болсақ біздің осыншама рухани құндылықтарымызды бағалап оны арттыруға ықпал етіп отырған мемлекетіміздің ұстанымына қиянат жасағандығымыз емес пе? Мешіттеріміздің халыққа көрсетіп отырған қызметтері мен оның қабыр­ғасында жасалып жатқан ғибадат­тарымыз өз алдына бір бөлек тақырып. Білім жүйесінің зайырлы сипатына сәйкес орта мектепте діни білім емес, дінтанулық білім беріледі.
– Оқушының діни білім алуына не кедергі?
– Діни білімді мектеп оқушысы өз қалауына сәйкес және ата-анасының келісімі бойынша діни бірлестіктер жанындағы діни сауат ашу курстарынан алады. Ересектердің де діни білім алуға толық мүмкіндіктері бар.  Еліміздегі ресми тіркелген діни бірлестіктер өздерінің жанынан діни сауат ашу курстарын ұйымдастыра алады. Қазір елімізде 334 исламдық сауат ашу курсы қызмет атқарады. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде исламдық бағыттағы – 13 (2 қарилар дайындау орталығы, 9 мед­ресе, Имамдардың білім жетілдіру институты, «Нұр-Мүбәрак» университеті) қызмет атқаруда. Бұл орайда мед­реселер кәсіптік оқу орындарына теңестірілгенін, арнайы бекітілген стандартқа сәйкес жұмыс істейтінін және мемлекеттік үлгідегі диплом беретінін атап айту қажет. Ал «Нұр-Мүбәрак» университетінде исламтану мамандығы бойынша жоғары діни және жоғары білімнен кейінгі діни білім беріледі.
– Дінтану пәнінің жайы қалай?
– «Дінтану» пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің 1400-ден ас­там жоғары оқу орнының бағдар­ламаларына енгізілген. Ал, еліміздің 6 жоғары оқу орнының арнайы кафедраларында діндер тарихы мен теориясын, мемлекеттік-діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерттеп-зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Осы айтылғандардың негізінде зайырлылық қағидаттары рухани дамуымызға септесіп қана қоймайды, тікелей кепілдік те береді. Өйткені, зайырлылық – руханиятсыз, ал руханият дінсіз болмайды. Зайырлы мемлекеттегі діни және дінтанулық білім жүйесі, біріншіден, мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына, екіншіден, қоғам сұранысына, үшін­шіден, заманауи бағдарлар мен білім жүйесінің даму болашағын ескере отырып жасалатын талдауларға сүйенеді. Соның негізінде қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттей отырып, оның дүниетанымдық көзқарастарын ғылыми тұрғыдан байытады, рухани-мәдени құндылықтарының сақталуы мен дамуына жағдай жасайды. Сондықтан, зайырлы білім жүйесі – мемлекеттің рухани дамуының кепілі деуге толық негіз бар.
– Тарихымызға көз жүгіртер болсақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысы» болған ғой...
– Қазақ халқының хандық дәуірін­дегі әдет-ғұрыптық заң ереже­лерінің жиынтығы болды. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген мемлекеттік басқаруда қолданылған ұлттық дәстүрлі қағидалар болды. Ол Қазақ хандығының өміршеңдігіне бірден-бір ықпал еткен мемлекеттің Ата заңдары болатын. Сонау замандарда асыл дініміздің өмірлік қағидаттары қатаң сақталып тұрған дәуірде біз тақырып етіп отырған «зайырлылық» өз уақытына сай күнделікті тұрмыс тіршіліктің өзегі болған. «Әр заманның өз ғалымы, өз құралы болады» дегендей, бүгінгі мемлекетіміз бен дініміздің арасындағы салиқалы сабақтастығын дұрыс қабылдағанымыз жөн. Дін ұстануды Алла тағала бізге міндеттей отырып, оның зорлық құралына айналмауын да бұйырған. «Дінде зорлық жоқ» Демек, діни құлшылықтарымызды заңның күші­мен орындату осы аятқа қарама-қайшы келеді. Сондықтан, Алла алдындағы діни міндеттерімізді саналы түрде, ешкімге міндетсінбестен мінәжат ретінде риясыз атқаруымыз керек. Дінде тоқмейілсу, міндетсіну, өзгеге деген өшпенділікке жол берілмейді.
– Берген сұхбатыңызға рахмет. Жұмыстарыңызға берекет тілеймін.
– Алла Тағала бүгінгі жиынымызды берекелі етіп, зайырлы елімізде заманауи көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыздың қатарын мол етіп, еліміз бен жерімізге тыныштық, дінімізге қуат берсін деп тілеймін.
Сұхбаттасқан
Төрехан МАЙБАС.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 194
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px