Өнегелі өмір өрнегі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Өнегелі өмір өрнегі
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Биылғы көктемде қайт­қан құстың қанатымен жеткен жаңалық – жаңа кітап. Қазақ әйелдерінен заң саласында «профессор» ғылыми атағын және «Әділет полковнигі» шенін иеленген аяулы жан Роза Балбатырқызы ҚҰЛЖАҚАЕВАНЫҢ өнегелі өмірінен сыр шертер рух кітабы. Құрастырушы – Роза апайдың өмірлік серігі, қоғам және мемлекет қайраткері, Қарағанды облысының және қаласының Құрметті азаматы Сұлтан
ДОСМАҒАМБЕТОВ.

...Иә, Арқаға көктем келді. Құстар қайтып... Жалғыз Досмағамбетовтер әулеті ғана емес, бүкіл Арқа жұртшылығы аптыға сағынып, аңсап күткен бір жан оралмады. Ол – ғибратты ғұмырының 60 жылын ішкі істер қызметіне арнаған қайраткер ана, «Құрмет» орденінің иегері Роза Балбатырқызы. Кеше ғана қадірлі әулеттің аяулы анасы, қайраткер азаматтың асыл жары, жоғары білімді заң қызметкерлерінің ұлағатты ұстазы Роза апай бүгінде тұтас Сарыарқаның сағынышына айналды.
Кітаптың сүйінші данасы қолымызға тигенде, жанарымызға жас үйіріліп, толқыдық. Табиғат-Ана да сүйікті перзентін іздегендей – көкті бұлт жауып, Жаратқанның жасындай жаңбыры сіркіресін...
Жайсаң жанның жарқын бейнесін жарқырата жазып, жабырқай еске алған кітапты демде оқып шығып, кеудемізге бастық. Апайдың мейірім төгілген құшағына енгендей.
Қалыңдығы еліге жуық кітап екі бөлімнен тұрады. Пәни мен бақи. Роза Балбатырқызының пәнидегі парасатты ғұмыры жүк болған бірінші бөлімі әріптесіміз Қызғалдақ Айтжанованың сұхбатымен басталыпты. Сыр-сұхбат 2013 жылы апай 80 жасқа толғанда өзіміздің «Орталықта» жарияланған. Әріптестері мен замандастарының боямасыз болмыс иесі туралы көзі тірісінде жазған дүниелері де осы бөлімге топтасқан.
Ал, екінші бөлім мәнді ғұмыр иесінің мәңгілік өміріне сапарлайды. Яғни, сағыныш! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатынан бастап,  апайды ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митингіде сөйлеген азаматтардың сөзіне дейін – осы бөлімде. Сағынышпен салмақтанып, шермен зерленген жинақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағауия Сембайдың «Қайран, шеше» атты жүрек толғанысымен және Арқаның ақиығы Серік Ақсұңқарұлының қазанамасымен түйінделген екен.
Анығында, бұл кітап – құлпытас. Бейіттегі құлпытастан жүректегі құлпытас – құдіретті!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 252
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px