Өнегелі шаңырақтарды үлгі етті - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Өнегелі шаңырақтарды үлгі етті
Қазақта: «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды ошақ. Данышпанның да, ғылымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осында қаланған. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін, Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек.
Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев қашанда халқымыздың әлеуметтік жағдайын дамытып, азаматтардың қуатын арттырумен бірге, мемлекеттің іргетасы – берік отбасы, үлгілі шаңырақтан басталатынын қайталап айта отырып, Жолдауында бұл мәселеге айрықша тоқталған.
Көп балалы отбасының әуелден ұйымшыл, бауырмал, бірауызды, үлкенге сый, кішіге ілтипат көрсететін қасиеттерін кейінгі ұрпаққа жалғастыруды, ол құндылықтарды насихаттау жолында қызмет етуді тапсырған болатын. Таяуда Мәдени қызмет көрсету орталығында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мазмұны да осы негізден бастау алған болатын. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау салтанатын аудандық мәслихаттың хатшысы Қанат Саққұлақов ашты. Бұл шараның Ұлы Жеңістің 71 жылдығы,  Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойының аясында өтіп жатқандығын айтты. Ана сүтімен бойымызға сіңген игілікті салтты, озық дәстүрлерімізді сақтап, ежелден отбасына тән асыл қасиеттерімізді қастерлеп, аудан, ауыл, кенттерде тұратын үлгілі отбасын елге таныстыру, өнеге ету екенін сөз етті.
Осакаров ауданында «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын анықтау жөніндегі аудандық комиссиясының шешімі бойынша, аудандық кезеңнің ІІІ орын  – Ақбұлақ селосынан Әділбековтер отбасы, ІІ орын – Маржанкөл ауылынан Қуанышевтар отбасы, жүлделі І орын – Осакаров кентінен Чингариди отбасына, Бас жүлде – Шұңқыркөл ауылынан Жапаровтар отбасына табысталды. Сондай-ақ, оларға «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне жолдама берілді.
Осакаров ауданы әкімінің аппараты мен аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген бұл байқау адам ғұмырының мәні мен мазмұны – отбасының мызғымас бірлігінде, әрбір отбасы – қоғамның басты тірегі екенін жария етіп, жақсы әсер қалдырды. Мұндай сайыстар болашақта дәстүрін үзбей, жалғасын тапса нұр үстіне нұр десті көпшілік.
Әрбір отбасы сый-құрметке бөленіп, бағалы сыйлықтармен, дипломдар табысталып, жеңімпаздардың құрметіне ән-жырдан шашу шашылып, мың бұралған бишілер салтанаттың сәнін келтірді.

«Осакаров аудандық  ішкі саясат бөлімі» ММ.
ОСАКАРОВ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 383
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px