Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.10.2018

...Сұңқар – жемін шашып жейтін текті құс. Бір тәмсілде сұңқар құс теңіз түбінен маржан жеген балықты ілетіні айтылады. Сұңқар ілген балықтың еті – құсқа, маржаны пендеге бұйырады-мыс. Біздің әріптестердің де баяны – осы. Көрген бейнеті – өзіне, терген маржаны – халық пен қоғамға. Кәдімгі сөз маржаны.
Сөйте тұра, төртінші билік өкілдері төрден ығысқалы қашан. Өткірлігіне бола – өгейлік, тегеурініне бола – теперіш көріп жүрген де – солар. Біздің қаламдастар. Ал, біздің Қарағандыда – мүлде басқа. Таңдайымызға бал салып бермесе де, маңдайымызға сойыл тиіп жатқан жоқ. Жылына бір рет болса да, кәсіби мерекемізде төрге озып, сұңқарларымызды өрге қалықтатып аламыз.
Он жыл өтіпті. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы тағайындалып, талай әріптесіміздің маңдайы жарқырағанына. Биыл да он үздікті анықтап, бір дүлдүлді тұғырына қондырдық.
Сонымен, мерейтойлы салтанаттың салмағын саралап көрелік. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысып, ақпарат майданының сарбаздарын кәсіби мерекелерімен ағынан жарыла  құттықтады.
– Сіздердің еңбектеріңіз – ақпаратты тиісті ортаға шынайы жеткізумен ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырып, адамдар дүниетанымына ықпал етуімен маңызды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту – еліміздегі сөз бостандығының кепілі, – деді аймақ басшысы. Журналистер қауымының қызметіне берілетін бұл кепілдің астарында әрбір қалам иесінің қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігі жатқандығын тілге тиек еткен облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы ақпарат саласының барша қызметкерлеріне игі тілегін жеткізді.
Ал, абыройдың арзанын өзіне алып, маржанын елге берген сұңқарларымыз кім? Сұңқарды да, тұлпарды да сүрінбей сұрыптаған екен. Тізбелей беріңіз:
«Мамандыққа адалдығы үшін»  аталымы бойынша  – «Бірінші Қарағанды» телеарнасының бас редакторы, ақпарат саласының ардагері Сергей ВЫСОКОСОВ;
«Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағаны және насихаттағаны үшін» аталымы бойынша – Теміртау қаласының «Металлург» газеті бас редакторының орынбасары Виктор МИНИН;
«Өндіріс тақырыбын үздік жариялау» аталымы бойынша – «Қазақ радиосының» облысымыздағы меншікті тілшісі Сейтқали ӘШІМ;
«Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» аталымы бойынша – республикалық «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Айжан ҚУАШ;
«Ауыл тақырыбын үздік жариялау» аталымы бойынша – Ақтоғай аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің бас редакторы Гүлнар ЕЛЕУСІЗОВА;
«Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» аталымы бойынша – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының профессоры Камешке (Қойлыбай) АСАН;
«Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» аталымы бойынша – БАҚ ардагері Валерий МОГИЛЬНИЦКИЙ;
«Мәнер мен атқарымдылық үшін» аталымы бойынша – облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің корректоры Бағдат НҰРМАҒАМБЕТОВА;
«Алғашқы табыстары үшін» аталымы бойынша – «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасы жаңалықтар қызметінің редакторы Гүлбақша АҚАЖАНОВА;
«Объектив шебері» аталымы бойынша – республикалық «31-ші арна» телеарнасының бейнеоператоры Ирина НЕНАШЕВА жеңімпаз атанды.
Он сұңқарымыз – осылар. Жалқы тұлпар – Мағауия Сембаев!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 637
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1251
count 88x31px