Қонағы – Қонысбай, олжасы – орасан - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қонағы – Қонысбай, олжасы – орасан
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»
Жыл сайын осы мезгілде су тас­қынымен әбігер болатын Арқа жұрты би­ылғы көктемде жыр тасқынына шомыл­ды.  Алғашқысының бетін әрі қылсын, екіншісін тағатсыздана күтетін болдық. Өйткені, Қарағанды облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, Арқа айтысы ақтаңкерлерінің бірі Айтбай Жұмағұловтың мұрындық болуымен өтетін «Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық ақындар айтысы уақытын өткізіп алсақ, шекеміз шымырлайтын түскі асымыздай маңызға ие болған. Биыл да дәстүрден жаңылмадық. Ерекшелігі – жылдағы уақытынан ерте өтті. Ұйымдастырушылар сайлау сынды саяси науқанмен қабаттастырғысы келмеген. Орынды!
Сонымен... Биылғы айтыстың бар ерекшелігі осы ғана ма? Жоқ, әрине. Олжамыз орасан болды бұл додада.
Сөз басында шегелеп кетейік, айтыс тақырыбы ауқымды шықты. Ақындардан талап етілген тақырып – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын толғау тағы бар. Берілген 20 минутта осы тақырыптарды берекелі жырлағаны – берен. Айтыстың шарты – бұл. Ал, сөздің серті – ақындардың өзінде.
Аламанға әр аудан, әр қаланың үкілі үмітін арқалаған он төрт ақын қатысты. Осалы жоқ. Айтпақшы, Тілеген Әділов, Мақсат Аханов, Төлеген Жаманов сынды сақа айтыскерлер сахнадан бой көрсетпеді. Жастарға жол берген. Осылардың ең жасы Дидардың (Қамиев) өзі астаналық Сырым Әуезханмен үлгі-айтыс жасап, үміткерлерді жігерлендіруге ниет етіпті.
Екеуі де – дүбір көрген, тәжірибелі ақындар. Еркін көсіліп, айтыс тақырыбын да, қазақы қалжыңды да әсерлі қаузап, кермеде тықыршыған жас тұлпарларға сөре мен мәре арасындағы жүктің салмағына өлшем боларлық өрелі айтыс жасады.
Осыдан кейін ортаға серке тасталып, жыр көкпарының дүбірі басталды. Дүбірге қиқу қосқан көрерменнің қарасы қалың болды бұл жолы. Айта кетейік, ақындар жеребемен жұпталған. Алғашқы жұпқа Мұхтар Әділов пен Дос­кей Ботпай шыққан. Зал сілтідей тынды. Әрине, алғашқы жұптың жүгі – ауыр. Дүбір қыза қоймаған, көрермен дүбірге ене қоймаған. Оған қарап жатқан Мұхтар мен Доскей жоқ. Көсіліп берді, шешіліп шапты. Қиқу бірден үдеп берді. Жарасымды әзілдері жанымызды жадыратып, қоғам түйткілдерін жіпке тізген шымыр шумақтары тұңғиық ойға жетелейді. Екеуінің де алғаш айтыс сахнасына қадам басқан сәті – көз алдымда. Домбыраларымен бірдей болып шыққан Мұхтар мен Доскейдің бойлары да, ойлары да өскен. Екеуінің де әкелері (Тілеген Әділов пен Айтбай Жұмағұлов) құрдастарым болғандықтан, қалжыңдап қалайын. Мұхтар мен Доскей енді бір айтыстан соң арттарына қарайлап, әкелерін іздейтін түрі бар.
Бұдан кейінгі жұптардың да осалы болған жоқ. Жезқазғандық жас ақын Заңғар Тілеулинов пен қарқаралылық Қамқор Рысбайдың сөз қағысы да сүбелі сөз, салиқалы ойларымен дараланды. Сахнаға алғаш шығып тұрғандарына қара­мастан, болашақтарынан үміт күт­тіретіндіктерін аңғартып қалды.
Осы айтыстың жаңалығы – Мәди мен Қасым туған Қарқаралының жас қыраны Бекарыс Оспанов. Анығы – Қасым ауылынан. Білесіздер, соңғы жылдары Қарқаралыдан айтыс ақыны шықпаған. Шықты! Шыққанда да жарқырап шықты! Бекарыспен айтысқан теміртаулық Еркеғали Бекболат та осал қарсылас болмады. Ілкімді ойларымен көрермен жүрегіне жол таба білді.
Тағы бір сүбелі айтыс жаңаарқалық Шыңғыс Жүкенов пен Шет ауданының үкілі үміті Айдар Қамиевтің арасында өрбіді. Шыңғыс – өңірге белгілі асаба, Айдар – Дидардың туған бауыры. Шыңғыс асабалық ғадетпен арзан әзілді шиырлап, Айдар аға даңқын малданар деп ойлағанымыз жасырын емес. Алайда, олай шықпады. Екеуі өрелі ойларымен өрге ұмтылып, тәп-тәуір айтыс жасады.
Алғашқы айналымда айтыстың ажарын енгізген салиқалы сайыс Ұланғасыр Қамиев пен шахтинскілік Нұрмұхамед Байсүгіровтің айтысы болды. Айтыстың ең жоғары ұпайын қанжығаларына бөктерген қос ақын астарлы әзілдерімен де, асқарлы ойларымен де бәсекелестерінен оқ бойы озық өнер көрсетті.
Алғашында ақындардың кілең жастар болғанына алаңдап, осылар алқынып қалмас па екен деген ойда болғанбыз. Жоқ, алқынбай-ақ, алтыншы жұпқа да жеттік. Жаңаарқалық Медет Жаманов пен жезқазғандық Жоламан Мағзұмның сөз саптасынан айтыс өнерінің екінің-біріне бұйыра бермейтін шын қасиет екенін ұқтық. Хамит Жамановтың есімі қазақ дейтін жырмен егіз елдің жүрегінде мәңгі қалған. Мынау Медет – сол Хамаңның немересі. Өлең деген құдірет бойына қанмен дарығанын танытты қаршадай Медет!
Соңғы жұп. Бүгінгі айтысқа тәуекел еткен 14 ақынның ішіндегі жалғыз қыз Балжан Әбдірахмановамен айтысу бақыты ақтоғайлық Еркебұлан Мүбарактың маңдайына жазылыпты. Аса әсерлі болмаса да, әдемі қыз бен жігіттің айтысын тамашаладық.
Ақтық айналымға жоғары ұпай алған алты ақын шығып (Медет Жаманов-Мұхтар Әділов, Доскей Ботпай-Ұланғасыр Қамиев, Нұрмұхамед Байсүгіров-Бекарыс Оспанов), алты Алаштың қатпар-қатпар мұңын да, ел бақыты – Тәуелсіздігіміздің жетістігін де жетесіне жеткізе жырлады. Додада сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ бола ма?! Кібіртіктеп қалғандары да болды. Тіпті, шабыттана келе эстрадалық әуенмен әуелете жөнелгендері де болды. Қазылардың қынжылған жері де осы болған. Шабыттанғаны жақсы-ау, эстрадада несі бар?! Бұл Қарағандыда өтіп жатқан соңғы айтыс емес. Ертеңгі айтыстарда ескі болса да, есті өнеріміз айтысқа эстрадалық әуенді жолатпаса екен деген ескертуімізді емеурін еткеніміз де жөн шығар...
Сонымен, айтыстың бас жүлдесін Нұрмұхамед Байсүгіров, бірінші орынды Бекарыс Оспанов олжалады. Екінші орын Медет Жаманов пен Доскей Ботпайдың еншісіне бұйырып, Үшінші орынды Ұланғасыр Қамиев пен Мұхтар Әділов қанжығалады. Әлихан Бөкейхан атындағы арнайы жүлде теміртаулық Бекболат Еркеғалидың өнеріне лайықталып, Қайым Мұхамедханов атындағы жүлде Қамқор Рысбайға бұйырды. Ұйымдастырушылар биыл туғанына 170 жыл толып отырған  жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы жүлде тағайындауды да ұмытпаған екен. Бұл жүлдені жезқазғандық Жоламан Мағзұм иеленді. Ал, Заңғар Тілеулинов, Айдар Қамиев, Еркебұлан Мүбарак Алғыс хатпен марапатталды.
Дәстүрлі айтыстың биылғы ер­екшелігі – Қазақстанның Халық ақ­ыны, аты аңызға айналған айтыскер Қонысбай Әбілдің құрметті қонақ болып қатысып, қазылар алқасына төрағалық етуі. Иә, мейманның алдында жерге қараған жоқпыз. Қарағанды айтысына ризашылығын білдіріп, жастарға риясыз көңілмен батасын беріп аттанды мәртебелі қонағымыз.
Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның Халық ақыны:
– Осыдан 30 жыл бұрын дәл осы сахнада Жезқазған, Торғай об­­лыстарының айтысында өн­ер көрсетіп едім. Кие бар бұл топырақта, мына сахнада. Ал­ға­шында ақындар кілең жастар екен, дұрыс айтыс жасай ала ма, бір қайырымнан тоқтатып жатамыз ба деп қобалжып едім. Олай болмады. Бәрі де төселген ақындардай үздік өнер көрсетті. Қарағанды айтыс мектебі өрлеу үстінде екен. Ризамын!

Суреттерде: айтыс жеңімпазы Нұрмұхамед БАЙСҮГІРОВ; Доскей мен Мұхтардың айтысы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 304
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px