«Отан қорғаушылар» мемориал алаңы – Қарағандының тартуы - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Отан қорғаушылар»  мемориал алаңы – Қарағандының тартуы
Жұлдыз  ТОЙБЕК,
«Орталық Қазақстан»


Жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан еліміздің жүрегі – Астана қаласын өркендетуге барлық аймақтар үлес қосуда. Астананы ажарландыра түсуде қарағандылықтар да қалыс қалған жоқ. Астананың қақ төріндегі «Отан қорғаушылар» мемориал  алаңы қарағандылықтардың ел ордасына жасаған тартуы екенін екінің бірі біле бермейді. Архитектуралық-көркемдік композициясының авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
2000 жылдың 20 мамырында Елбасының өзі ескерткіштің тұңғыш эскизін сызып, ақ қағазға түсіріп, сәулетшілер мен суретшілер қауымына ұсынған болатын. Бұл бастаманы бірден жерлесіміз, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Ұлттық Ғылыми академиясының корреспондент-мүшесі Мақаш Әлиақпаров бастаған қарағандылық шығар­машылық топ қолға алды. Мақаш Әлиақпаровтың тікелей басқаруымен, оралдық мүсінші Ю.Баймұқашев, сәулетші Б.Тай­талиев, Т.Баймырза, Е.Шахиев, Е.Ержанов, А.Бексұлтанов, Н.Конапольев, А.Курицын ме­мориалдың сәулеттік-көркемдік композициясын ойдағыдай іске асырды. Елбасы тапсырған ескерткіш қысқа ғана мерзімде дайын болды. Қажетті шикізаттарды, материалдарды, жұмыс күшін Қарағанды қамтамасыз етті. Аймағымыздағы «Испат-Кармет», «Қазақмыс» тәрізді алпауыт өндіріс орындары  қаржылай көмек жасады. Балқаштықтар 60 тоннаға жуық қоланы сыйға тартты.
«Отан қорғаушылар» мемориалы, «Отан-Ана» монументі - 2001 жылы 7 мамырда Астана қаласындағы Тәуелсіздік және Қ.Мұңайтпасов даңғылдарының қиылысындағы алаңда тұр­ғызылды.
«Отан қорғаушылар» мону­менті алаңы ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы аясында Ұлы Жеңістің 56 жылдығына және ҚР Қорғаныс Күштері іргетасы қалануының 10 жылдығы мерекесі қарсаңына орай ашылды. ҚР Президенті Н.Назарбаев 2001 жылдың 7-9 мамырында Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты шеруге қатысып, «Отан қорғаушылар» мемориалы жайында:
– Бұл күн – жауды тізе бүктірген Жеңіс мерекесі болуымен бірге жалпыхалықтық еске алу күні, аға ұрпақтың өшпес ерлігіне бас ию күні. Сондықтан бұл мемориал ұрпақтарымыз бейбіт өмірімізді құрметтеп, қанқұйлы соғыстың зардабының қандай болатынын естен шығармау үшін ұлағатты ескерткіш болуы керек. Біз ата-бабаларымыз бен әкелерімізді мақтан тұтамыз. Біз өз иықтарымен бар ауыртпалықты арқалаған айрықша аналарымызды мақтан етеміз. Оларсыз жеңіс те болмас еді. Мынау монументтің айрықша көрініп тұрған бөлігі де сол – әйел-ана бейнесі. Мына ашылып отырған ескерткіш Ұлы Отан соғысындағы ерлікті ғана бейнелемейді, қазақ халқының батырлығын, ержүректігін де сипаттайды. Бұл есімі мәлім және есімі беймәлім жандардың аруағын тербетіп, топырағын торқалайтын перзенттік махаб­баты­мыздың көрінісі, соның куәсі. Отын өшірмеген ержүрек аталарымыз бен шаңырағымызды шайқалтпаған мейірбан аналарымыздың қадірі мен қасиетіне қойылған киелі белгі! - деді.
«Отан қорғаушылар» мемориалы символикалық мазмұны кешегі мен бүгінгі, ертеңгі ұрпақтар жалғастығын білдіреді. «Отан қорғаушылар» мемориалының биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монумент - ана бейнесі. Ақ кимешекті әйел-ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып оны, ұлттық дәстүрмен, келе жатқандарға қос қолдап ұсынуда. Сонымен қатар, соғысқа аттанған жарын, алысқа кеткен ұл-қыздарын алаңдай күтіп тұрған ананың бейнесінен бүкіл қазақ әйеліне тән ұлттық болмыс-бітім аңғарылады. Қола бағанның (ескерткішдіңінің) ұшар басында 121 алтын масақтан тұратын нысан – көпұлтты қазақстандықтардың тереңнен тамырланған бірлігі мен берік достығының нышаны. Масақтардың іргесі қазақ жерінде әр ұлттың рухани және мәдени мұрасын бейнелейтін ою-өрнектермен безендірілген. Бұл сонымен бірге жаңа өскін-өмір, бейбітшілік, молшылық пен тұрақтылық белгісі. Үш бөлікті тұтқырдың тағы бір ерекше көңіл аударатын тұсы – жер шарының бейнеленуі: онда сонау ескі дәуірден бастау алған Жібек жолымен сапар шеккен керуендер түркі халықтарының ертедегі кіндік шаһары — Түркістан мен рухани орталық болған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне соғып, одан ары талай тарихи кезеңдерді артқа тастап, жаңа Елордамыз Астана қаласына ат басын тірегені мүсіндік тәсілмен тайға таңба басқандай айшықталған. Қырық метрдей қола бағанның екі жақ қапталының бірінде – ата-бабаларымыздан қалған кең-байтақ мекенімізді әртүрлі басқыншылардан қорғаған һас батырлар, екінші жағында — Ұлы Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен қазақстандық әскерилер бейнеленген. Бұл –қаһарлы соғыс жылдары майданда елінің бостандығы үшін мерт болған жауынгерлер мен арамызда өнеге көрсетіп жүрген соғыс ардагерлеріне деген ерекше кұрмет ескерткіші.  Үш бөліктен тұратын кешеннің айтар ойы осындай.
Бұл күнде Астанадағы «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені көпшіліктің жиі соғатын, бабалар рухына тағзым етіп, бас иер сүйікті алаңына айналған. Қазақ жеріне ресми сапармен келген шетелдік делегациялар да бірегей өнер туындысына барып, тәу етеді. Қазақтың топырағына табаны тиген Рим папасы Иоан Павел ІІ де осы ескерткіштің түбіне гүл шоқтарын қойған.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 781
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px