Отбасы - басты құндылық - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Отбасы -  басты құндылық
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Жуырда «Теміржол­шылар» мәдениет үйінде егемендігімізге ширек ғасыр толуы аясында халықаралық отбасы күніне арналған «Отбасы – өмір аясы» атты тақырыптық кеш өтті.

Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы. Қай адамның болмасын отбасында қанаты қатайып, буыны бекиді. Алғашқы тәлім мен тәрбие де отбасында қаланады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін сөз содан қалса керек. Мәдениет үйі қызметкерлері осы шараны ұйымдастырарда да жаңағы қанатты сөзге үлкен мән берген. Арнайы Ақкозиндер, Ақпанбековтер, Мақажановтар, Налжігітовтер отбасын шақыртыпты. Көптеген игі бастамаларда бірлігі мен ынтымақтарын танытып жүрген отбасылар бұл жолы да тартынып қалмады. Бір кісідей қатысып, отбасы болып өнер көрсетті.
Әрине, «Отан – отбасынан басталады» демекші, қай мемлекет болмасын өз азаматтарының татулығын тілейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің қоғамымызда отбасы рухани және мәдени құндылықтарды сақтаушы және жалғастырушы болып табылады» деген еді. Сондықтан, жоғарыда аты аталған отбасылардың өнері мен өнегелі істері шырайлы шараның көркін кіргізіп, ажарын айшықтай түсті. Отбасы болып ән салып, жыр төкті. Көзі қарақты көрермен қызыға да, қызықтай да қарады. Татулығына сүйсініп, өнерлеріне бас иді. Көрермен қатарында отырған жасы да, кәрісі де бар. Жастардың көкейлеріндегі жалғыз мақсат – осы отбасылар сияқты тату шаңырақ көтеру. Берекелі отбасы болу. Бұл кештің ең басты маңыздылығы да сол еді. Үлгілі отбасыларды үлбір жеткіншектерге үлгі ету. Жандарына шуақ, жүздеріне мейірім ұялату. Бір сөзбен айтсақ, әншілер әнге, ақындар жырға қосты осы күнді. Татулықты ту етіп, бірлікті балталамауға бел байласты.
Сұрыптау бекетінің ақыны Вера Машкова өз отбасы туралы айтып, авторлық туындысынан үзінділер оқыды. Жиналған жұртшылыққа жырдан шашу шашты. Тебіреніп өлең оқып, еміреніп елдік, отбасы һақында сыр шертті. Арлы істен аға буын өкілдері де тыс қалмады. «Магистраль» ардагерлер хорындағы ақ жаулықты әжелер мен күміс сақалды қариялар да кеп жетті. Әдемі ән салып, әсерлі әңгіме құра білді. Мәдениет үйінің әншісі Еркебұлан Қалиев ана, отбасы туралы әуелеген әндерімен әрлесе, «Терпсихора» би ансамблі кеш көрігін қыздырды. Ал, «Бәрі де махаббаттан басталады» атты кітап көрмесі салтанатты шараның салиқалы сәніне айналды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 300
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px