«...Пәтер емес, хан сарайындай көрінетін» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«...Пәтер емес, хан сарайындай көрінетін»
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»


Қазіргі жас отбасылардың басындағы жалғыз мәселе – баспана. Алайда, бұл қиындық тек бүгінгі ұрпақтың ғана мойнына түскен ауыртпалық па? Әлбетте олай емес. Астаналықтарға жаңа пәтер кілтін табыстап тұрып, Президентіміз «Үй дегенің – құр қабырғалар мен төбеңдегі пана ғана емес, бұл ең алдымен адамның өз шекарасы, бала-шағасы өсетін жайлы орын.
Бәріміз, тіпті, мен де сарыла күткен алғашқы шағын пәтерімізді ешқашан естен шығармаймыз. Қарағанды металлургиялық комбинатында металлург болып қызмет етіп жүргенімде ол Совет Одағындағы қайталанбас завод болатын. Біз ол жерге жолдамамен келдік. «Жақсы жалақыларың, пәтерлерің болады» деген соң, бәріміз сонда ағылдық. Мен 22 жасымда үйлендім. Сөйтіп, алдыңғы қатарлы металлург ретінде цех басшысы маған мекен-жайы жазылған пәтер кілтін ұсынды. Асығып-үсігіп әлгі мекен-жай бойынша барсақ, ол жерде тек қандай құрылыстың жүргізілетіні ғана белгіленген екен. Мекен-жайын өмір бойы ұмытпаймын: Комсомолдар даңғылы 25 үй, 28 пәтер. Ол – аумағы небәрі 27 шаршы метрді құрайтын пәтер еді. Алайда, ол маған пәтер емес, хан сарайындай көрінетін» деген еді. Астана күні қарсаңында Елбасымыз еңбек жолын бастаған Теміртау қаласына жол түсті. Мақсатым – Көшбасшымыз тұрған үйді көру.
Күн санап көркейіп келе жатқан шағын қаланың шырайы – көз тойдырады. Көше бойлай сап түзеген көп қабатты үйлерге, салынып жатқан түрлі ғимараттарға қарап, қайран қаласың. Кенет, әлдененің тарсылы назарымды аударсын. Жалт қарадым. Трамвай. Жасыратыны жоқ, көше ортасынан құдды бір пілді көргендей болдым. Жоқ, бұрын көрмедім емес, көргем. Өскеменде, Павлодарда кезіктіргем. Ойлап тұрсам, еліміздің бірен-саран қалаларында ғана бар бұл темір тұлпар. Қарағандының өзінде қалмаған. Көліктің таптырмас бұл түрі шынымен өте қолайлы. Кептеліс, кешігу дегенді білмейсің. Баратын жеріңе уақытында жеткізеді.
Баратын жер демекші, межемді Қарағандыдан шықпай жатып белгілеп алғам. Президентіміз тұрған бірнеше мекен-жайдың арасынан таңдағаным – осы қалада тұрғандағы соңғы баспанасы Димитров көшесінде орналасқан 83-үйдегі 6-шы пәтер. Адаса қоймадым. Ойым – Назарбаевтар отбасы тұрған пәтерді көріп, көрші-қолаңмен әңгімелесу.
Адаспай табуын тапқаныммен, үй алдына келіп абдырап қалдым. Қай пәтердің есігін қағам, кіммен сұхбат құрам деген ой мазалады. Бақытыма орай, терезеден бақылап отыратын әжелер мұнда да бар екен. Қағаз-қаламын ұстап, әлдене жазып тұрған адам кімді қызықтырмасын? «Әй жігіт, саған не керек?» деді мосқалдау тартқан орыс әйел терезенің арғы жағынан. Газеттен келген тілші екенімді айтып, құжатымды көрсетіп, жағдайымды түсіндіріп жатырмын. Тәуба, жөн білетін адам екен. Өзін Лидия Ходырева деп таныстырған азаматша маған 16-шы пәтреге көтеріліп, Валентина Куликовамен әңгімелесуге кеңес берді. Дегенмен, Валентина Михайловна есігін бірден аша қоймады. Қайтадан Лидия Александровнаға баруыма тура келді. Ол кісі телефон шалып, газеттен тілші келгенін жеткізіп, екеуміз бірге баратынымызды айтты. Сөйтсем, 83 жастағы Валентина Михайловна бөтен адамға есігін ашуға жасқанады екен. Ол кісіге де құжатымды көрсетіп, мән-жайды түсіндіріп, табалдырығынан зорға аттадым. Әрі қарайғы әңгімеміз жарасып сала берді.
 – Бұрын Теміртауда қалалық №2 аурухана болатын. Қазір жоқ. Орны да қалмаған болар. Ұзақ жыл соның отоларингология бөлімшесінде жұмыс істедім. Шағын қалада адамдар бір-бірімен жиі ұшырасады ғой. Онда тұрған түк те жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының қаралуға келгені есімде. Кейін көрші болдық. Назарбаевтар шаңырағына жиі барып тұратынмын. Қонақ ретінде демей-ақ қояйын, дәрігер ретінде көп болдым. Сара Алпысқызын да жақсы танимын. Пәтеріміз бөлек болғанымен, бір үйде тұрғасын, талай көршіміздің отбасылық дәрігері болып кеттік қой. Арасында Назарбаевтар отбасы да бар, – деді Валентина Михаиловна.
Алғысымды білдіріп, кетуге ниеттендім. Менімен бірге ілесіп шыққан Лидия Александровна да тегін адам емес екен. Көп жылдар мұғалім болған, мектеп директорлығына дейін көтерілген. Аңқылдақ мінезді. Ол кісіге де рахметімді айтып, енді кейіпкерім тұрған пәтерге баратынымды жеткіздім.
Шынымды айтсам, осы үйге келмес бұрын біраз материал ақтардым. Бұл қос қабатты үйлерді өткен ғасырдың 40-50 жылдары жапон тұтқындары салған екен. Тұрған жері де жаман емес. Қала орталығы. Бұл пәтерді Елбасыға Теміртау қалалық атқару комитеті ұсынған көрінеді. Пәтерде көбінесе сол атқару комитетінің төрағалары тұрған. Себебі, пәтер қала әкімшілігіне бекітілген. Бұрындары мынадай ереже болатын: егер кәсіпорын өз қызметкерлеріне арнап үй салатын болса, тұрғын-үйдің 10 пайызын ол қалалық атқару комитетінің иелігіне беруі тиіс. Бұл үйде қала басшыларымен бірге жұмысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер сынды қарапайым адамдардың тұрғаны сондықтан.
Қобалжып тұрып, о бастан көздеп келген 6-шы пәтерге көтерілдім. Көнерген баспалдақтар басқан сайын «ойбайлайды». Жинақы, тап-тұйнақтай кіреберіс. Түк өзгермеген сыңайлы. Баспалдақ шетіндегі сүйеніштер де ауыстырылмағанға ұқсайды. Имене басып, «6» саны бар пәтердің есігін қақтым. Есік ашылып, арғы жағынан қазақтың көркем келбетті әйелі көрінді. Таныса келе Зәуреш Дайырбекова есімді азаматша екенін білдім. Президент тұрған пәтердің бүгінгі иесі осы кісі екен.
– Біз бұл үйге 1985 жылы көшіп кірдік. Жолдасым марқұм Бағдат Рахимов Гагарин аудандық комитетінде бірінші хатшы, қалалық атқару комитетінің төрағасы болды. Одақ құлағаннан кейін тоқсаныншы жылдары пәтерді жекеменшіктеп алдық. Жетпісінші жылдары құрылыс техникумы деген болды. Кейін ол политехникалық колледж болып өзгерді. Сол колледжде 1970-2012 жылдар аралығында 42 жыл экономика, бухгалтерлік есеп пәндері бойынша сабақ бердім. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуім де қызық оқиға болды. Ол кезде Президентіміз комбинат хатшысы еді. Мен партияға өткен кезімде Елбасымыз қалалық комитет мүшесі ретінде маған сұрақ қойып, жолдамамен келгенім туралы сұраған еді, – деді Зәуреш Дайырбекова.
Міне, Президентіміздің үйіне түскен жол осылай аяқталды. Талай адамның тағдырын тоғыстырған көне ғимарат қалған сырды ішіне бүгіп қала берді. Дәм тартса тағы келермін...

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 833
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px