Рахаң - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Рахаңды білуім ертеден. 1973 жылы ҚарМУ-дың филфагына түсісімен сәлем беріп шыққам. Одан беріде, әрине, жиі араластық. Ал, тонның ішкі бауындай араласуымыз кейінде ғана. Обалы нешік, Рахаң – Рымқұл СҮЛЕЙМЕНОВ қазақы әңгіменің шебері болатын. Өзінің осы әңгімешілігін кәдімгідей мақтан қылатын. Мені де шамасы жеткенше баулып баққан. Ауыз екі әңгімеге. Бұл жағынан Әзілхан ағасы мен Ақселеу досын өзінен жоғары қоятын.

Рахаңмен етене араласуымыз Ақадырдан. Сондағы аудандық газеттің редакторы Марал Хасен Қарағандыға ауысты да газетіміз біраз күн редакторсыз тұрды. Арты не болар екен деп біз жүрміз. Енді көрші аудандардан «газетіңнің редакторлығы бос тұр ма?» деген қоңырау шалушылар шықты.

Сөйтіп жүргенде келді-ау, әйтеуір. Өзіміздің Рахаң. Үй де дайын бола қалды. Бұрынғы ауатком төрағасының үйін босатып берді. Елдің көңілінің күпті болатыны Рахаңның салт істеуі еді. Көп ұзамай баласы Алмаз да Ақадырға келіп, осындағы құрылыс ұйымына жап-жақсы жұмысқа кіріп алды.

Жұмысымыздың әлпеті өзгерейін деді. Өйткені бастығымыз ащы суды татып алмайды. Мұнысы бізге оңайға соқпады. Дегенмен, бөстекі жүрістерден, қызба сөздерден тыйылайық дедік.

Етектей мақалалар жазып үйреніп қалған біздер он жол жазу машығына түсе алсақшы.

Газетіміз «Пайдалы кеңеске» айнала бастады. Шайды қалай баптайды, мәсіні қалай бәстейді, жамауды қалай салады, жұлықты қалай жалғайды... Енді оқырмандар көбейді. Келушілер қарасы әсте үзілмейді.

Газетіміз таза қазақшылана бастады. Орыс сөздерінен қашамыз. Күні-түні балама іздеп жүреміз.

Тақырып бостандығына кеңшілік берілді. Еркін тақырыпқа барған соң екінші тынысымыз ашылайын деді. Туған өлке тарихын қаузайтын болдық. От боп күйіп тұрған шежіреге де барып қоямыз.

Бұл жағынан қамшы салдырсам, кәне! Мұнымды байқаған Рахаң маған қайдағы жоқ қолжазбаларды әкеліп жүрді. Сөйтсем бұл біздің елдің адамдарының «Орталыққа» жазған аңыз-әпсаналары екен. Түрлі себептермен шықпай қалған. Соны жарыққа шығару маған міндеттелсін. Ышқынайын келіп. Дөптей алмаймын. Себебі, қариялар қарасы селдіреп қалған.

Кейінде осының барлығының пайдасы тиді маған. Ақселеуден қалған кітаптар деп қайдағы бір әдебиеттерді алып келеді. Ашып қарасаң көрмек тұрсын, естімеген шөп атаулары алдыңнан жамырап қоя береді.

Сол жылы жергілікті кеңестерге сайлау жүріп жатқан. Лауазымдық қызметіне қарай Рахаң да сайлауға түсетін болды. Міне, қызық, керек құжаттарды менің қолыма ұстатты да өзі жұмыста қала берді. Баламалы негізде сайлану сол кезде шыға бастаған. Рахаң сайлаушылармен болған бірде-бір кездесуге бармады. Орнында мен жүремін.

Ақыры өтпеді. Менен көреді-ау деп қысылайын. Түк болмағандай жүріп жаттық. Бәрін қойып менен шежіре сұрайтынды шығарды. Сағаттап шежіре таратамын. Рахаң керегін жазып алады. Көп ұзамай Әуезхан Көшімов ағамыздың қолға түсе бермейтін әңгімелерін Рахаң арқылы оқуға мұрша алайын. Бірінен-бірі өткен. Нағыз қазақы әңгімелер. Кейін білсем сол әңгімелердің біразы Рахаңның өзінікі екен.

Енді, біздің рухани туыстығымыз басталды. Кәдімгідей маған қамқор болып жүрді. Өзі бармайды, мені жібереді. Мен бірнәрсені бүлдіріп алсам өзі ақтап алады. Сөйтсем мені редакторлыққа баулып жүр екен ғой.

Аудан басшыларымен жүре сөйлеседі. Қай-қайсымен болсын сіз, біз деп майысып тұрмайды.

Бір күні жұмыс аяғынан соң алып қалсын. Білгенім кетеді екен. Қарағандысына.

– Сені орныма қоя алмай барамын. Ағаңның осы бір кещелігін кеш,  – десін.

Өзім жаман қысылайын.

Ертеңінде жұмыста отырғанбыз. Өзіне шақырсын. Менің көзімше ауатком төрағасымен сөйлессін.

– Мен кетіп барамын. Ендігі реадакторларың Төрехан,  – десін.

Түскі пойызбен ағамды Қарағандыға шығарып салайын.

– Бәрібір сенен артық редактор таппайды,  – деп кете барды.

Күн артынан күн өтіп жатты. Ешкім менен редакторың қайда деп сұрамайды.

Бір күні Рахаң хабарлассын.

– Не боп жатсың?

– Сол баяғы зам.

– Үй не болды?

– Бос тұр.

– Бәрін таста да кет. Жезқазғанға. Үшіншімен өзім хабарласып қоямын.

Сөйтіп бір күннің ішінде бастық болып шыға келдім, дағарадай баспанаға да ие бола кеттім. Босаған үйімді де бермедім. Арбакешіме бұйырттым.

Одан кейін тағдыр бізге қайтып жұмыс істеуді жазбаған екен. Мен «Орталыққа» келгенде ағамыз басқа жұмыста екен. Дегенмен, кездесіп тұрдық.

Рахаң мен білетін шалдардың дұрыс қартайғандарының бірі. Еңбек демалысына шыққаннан кейін анауымды шығарып бер, мынауымды шығарып бер деп мазамызды алмады. Келсе әңгімелесіп, өзімізді байытып  қайтады.

Бір күні келген. Бір әңгімесін құшақтап.

– Саған ұнаса бастырамын, – десін.

Онысы «Шал мен қасқыр» еді.

Рахаң шығармасының шоқтығы биік дүниесі осы – «Шал мен қасқыры» еді. Онысы алдымен бізде, кейін басқа да басылымдарда жарық көріп, оқырмандарынан жоғары бағасын алды.

Кейін өзім де Алматыға ауысып кеттім.

Бір келгенімде ауруханада жатыр екен. Арнайы іздеп бардым. Алматыдағы Қарғалы шипажайының бас дәрігері Динара Шибанова біздің елдің қызы болады. Сонда Байқоңырдан алдырылған компьютерлік диагностика бар еді. Онымен ғарышкерлердің денсаулығын тексеріп отырады екен.

Соның шіреті қырғын. Тегін емес, әрине. Тұздықты. Динарамен сөйлесіп едік, ағамыз деген соң елп ете қалды. Алайда, Рахаң керенау тартсын. «Жанымды қинап қайтесіңдер» деп.

Ақыры сол сырқаты алып тынды. Арулап ақтық сапарына шығарып салдық.

Одан бері де біраз жыл араға түсті. Алайда, бірге істеген інілері аяулы ағаларын әлі күнге ауыздарынан тастамайды.

Рахаң бақилық болғанда рухтас, қаламдас інілерінің атынан бақұлдасуды мен жазған едім. Сол тұста тағы бір рухани інісі Мағауия Сембай ауылда болмай қалып, кейін ренішін білдірді. Рахаң бір сенің ағаң ғана ма еді деп. Кейін зерделеп отырсам алпысыншы жылдары журналистикаға келген қаламдас ағаларымның барлығы да өздерін Рахаңның шәкірті санайды екен. Одан беріде талай уақыт өтті. Асыл ағам жөнінде бір жібі түзу дүние бермеппін. Бәлкім, мен осы ағамның бақилығына сенбей жүрген болармын. Бәлкім, менде де бір рухани кещелік бар болар...

 

Төрехан МАЙБАС.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 393
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px