ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ МҰРАТЫ - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ МҰРАТЫ

Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Жақында Жезқазғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының қолдауымен Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісі өткізіліп, отбасынан басталатын тәлім-тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланды. Оған аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, мәдениеттанушы, қайраткер Зейнеп Ахметованың қатысуы игі шараның шоқтығын айрықша асқақтата түсті. Сондай-ақ, көшпелі мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысы бойынша хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын, ҚХА жанындағы облыстағы Аналар кеңесінің төрайымы Сәлима
Нұрмағанбетова,
«Қазақстан – Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Сағат Батырханқызы, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының басшысы Майра Әбдірахманова қатысты.

Көшпелі мәжіліс,
көшелі мәселе
Қалалық тарихи-археологиялық музейде өз жұмысын бастаған Аналар кеңесінің көшпелі жиынында тәрбиеге қатысты  көшелі әңгіме өрбіді. Оның жұмысына Жезқазғанмен қатар, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданында құрылған аталмыш  кеңес мүшелері арнайы шақырылыпты. Музей табалдырығынан «Сарыарқа» күйінің әсем әуенімен қарсы алған іс-шара құрметті қонақтарға шашу шашып, дәм-тұз ұсынған ұлттық дәстүрмен басталды. «Тәрбие  – талбесіктен басталады» демекші, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтап жүрген «Ақ әжелер» ансамблі құрамындағы өнерпаз әжелер бесікті тербете отырып «Бесік жырын» әндетсе, одан әрі татар-башқұрт және украин этно-мәдени орталықтары өкілдері бұл жырды өз әуендерімен жалғастырды. Бұл көрініс одан әрі «Қалыңдықты ұзату тойына» дайындау рәсіміне ұласып, «Ақ әжелер» ансамблі «Ақ босаға» әнін әуелетті. Қазақ қашаннан ананы ардақтап өткен. «Жұмақ — ананың табанының астында» деген ұғымға бас иеді. Ертеден келе жатқан қасиетті наным-сенімдердің түп-тамыры да – ана. Музейдің аға ғылыми қызметкері Толқын Өткелова аналардың пірі, әйелдердің асқақ образына айналған «Ұмай Ана» монологын оқыды. Басталу  сәтінен бабадан жеткен асыл мұра нәрі мен қасиетті дәстүрімізге сусындаған қонақтар мұражай жәдігерлерін тамашалады.
Мәжіліс залындағы Аналар кеңесінің жиынын қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін сөз алған ҚХА мүшесі, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, қаладағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков Аналар кеңесінің алқалы жиынына ұлт тәрбиесінің шынайы мәйегі болып табылатын «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» сынды кітаптар жазған, халқымыздың жүрегіндегі қаһарманына айналған Баукеңнің келіні, ұлт анасы – Зейнеп апайды арнайы шақырып отырғанын алға тартты. Соған орай өнегелі әңгімеге кезек берілді. Зейнеп Ахметова: «Егер, Атаның келіні болмасам, ол кісінің ғибратты аманатын халыққа жеткізбесем, мені кім білер еді?! Ол кісінің намысы, өмірі туған халқына арналған. «Халықпен бірге болыңдар, адаспайсыңдар» деп үнемі қарапайымдылықты уағыздайтын ата. Әділетті сүйетін, әділетсіздікке төзбейтін. Бақытжан екеумізді де күн сайын қайрап, жігерімізді шыңдап, мықтылыққа бейімдей беріпті. Естіген әңгімемді құймақұлақ ретінде асүйдегі дәптерге жаза беріппін. Айтып жүргенім де, жазып жүргенім де сол Атаның айтқан аманаты, бабалар сөзі. Өзгелер бізден үйренетіндей қасиетіміз көп»,–деп бір қайырды.
Облыстық Аналар кеңесінің төрайымы  Сәлима Нұрмағанбетова қол жете бермейтін Зейнеп апайды Жезқазғанға шақырып, осындай мазмұнды кездесуге дәнекер болған Бекзат Ғомарұлына алғыс сезімін білдірді. Ассамблея жанында бұл кеңестің болуы жас ұрпақ бірлікті, татулықты ұғып өссін деген ізгі ниеттің жемісі. Үздік аналар, үздік әкелер өнегесін тарату ойда бар. Қазіргі қоғамда отбасының сақталуы, бала тәрбиесі өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай, Жезқазғандағы Аналар кеңесінің жетекшісі Зинаида Чумакова да өз ойларын ортаға салды. Әр ұлттың салт-дәстүрлерінің өнегелі жақтарын өрістете отырып, бір отбасындағыдай тату-тәтті өмір сүру ұстанымдарына назар аударылды. Тұрмыстағы нашақорлық, маскүнемдік, балалар арасындағы зорлық-зомбылық, ата-ана тәрбиесінен тыс қалған әлеуметтік жетімдердің көбейуі сияқты келеңсіздіктерден арылу жайы сөз болды. «Ана — ар, намыс, адалдық. Ананың бойында бәрі бар. Біз соны жеткізе алмай жүрміз» деп сөз бастаған Сағат  Батырханқызы мектептерде, колледждерде «Шуақты күндер» кітабын келіннің, ананың тәрбиесіне арналған оқулық ретінде қолданса деген ой білдірді. Аналар кеңесінің мүшесі ретінде сөз алған Света Жумкина, Мәуия Бекмағанбетова да осы ойды қолдады. ҚХА облыстық хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын тәрбиенің отбасынан басталуын бағыт-бағдар етіп отырған Аналар кеңесінің жұмысына сәттілік тілеп, Ассамблея жұмысына белсене атсалысып жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, құрметті қонақ З.Ахметоваға мұражай атынан кәдесый ұсынылды.

Зейнеп апайдың зерделі әңгімесі

   Ұлағатты шара сол күні Халықтар достығы мен мәдениеті үйіндегі келелі кездесуге ұласты. Алты Алаштың алдаспаны Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметовамен Жезқазған жұртшылығының «Аманатқа — адалдық» атты кең көлемдегі кездесуінде зерделі әңгіме одан әрі тереңдеді. «Балаларға бесік жырын айтатын аналарымыздың азайып бара жатқанынан қорқамын», – деген екен Баукең сол заманда. Ал, қазір ше? Айту қиын.
–  Мені халықтың өзі тәрбиеледі, – деп сөз бастаған Зейнеп апай Баукеңнің келіні болудың қаншалықты жауапты екенін жеткізе баяндады. — Бақытжан нағашылары қаракесек елінде тәрбиеленіпті. Мен әуелде сол нағашы апасының қолына келін болып түстім. Атаның өмірлік қосағы қайтыс болған соң сол кісінің қолына баруымызға тура келді. Студияда істеп жүрген қызметімді тастап, атамның күтімімен айналысуға 25 жылымды арнадым. Атамыз  екі жағы бірдей қайралған қанжар сияқты, өте күрделі адам екені белгілі. Олай бұрылсаң да, былай беттесең де кесіп түседі. Ашуланғанда үндемей құтылуды үйрендім. «Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айт» дейтін. Негізінде, келін ананың университетінен өту керек. Ал, мен Атаның академиясынан өттім ғой деп ойлаймын.
Иә, Бауыржан Момышұлындай халқымыздың біртуар ұлы тұлға­сының ұлағатымен марқайып өсіп, қазақ келіндерінің эталонына айнал­ған абзал ана бұл кісі. «Баукеңнің келіні» деген жалғыз атағым бар, сол қымбат»,-дей келіп, Зейнеп апай келін, ана жайлы ой толғады. Келін – бір әулеттің ұрпағын жалғайтын тұлға, ененің өмірін одан әрі жалғастырады, ұрпақ өсіреді. Қазақтың ұлттық қасиеті, адалдық пен адамгершілік хақындағы бабалар өнегесі мен аманаты туралы Баукең зейінді келініне жеткізсе, ол өз шығармалары мен әңгімелері арқылы өнеге өрісін кеңейтіп, халыққа жеткізіп келеді. «Ұлттың ұлттығын ұлықтайтын да, оның ұлттық жанын сақтайтын да әйел». «Еркек – түздің тынысы, әйел – үйдің ырысы». Осылай пайымдайтын Баукең ерін сыйлау жөнінде де мол ғибрат қалдырған. Ұлы тұлға қай кезеңде де ұлтының сөзін сөйлеген. Сондықтан да, халқының жүрегінде мәңгі қалған ерекше адам. Қазақтың ұлттық қасиетін атасының ғибратымен бойға сіңіріп, зеректікпен ойына тоқыған Зейнеп апай енді сол өнеге жастарға жұғысты болса екен дейді.
Тағылымды кездесуге қатысу­шылар көптеген сауалдар қойды, тұшымды жауабын алды. Дін туралы сауалға З.Ахметова: «Біз 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүріп,  дінге бой ұрғандардың аражігін ажырата алмай қалдық. Дін ұлттан жоғары тұрса, ол ұлт жоғалады. Мен – әуелі қазақпын, сосын мұсылманмын», – деуіміз керек деп, қазіргі белең алған жат ағымдарды қатты сынады. Ата-баба дәстүрінен ажырамау қажеттігін ұқтырды. Жалпы, әңгіме өзегі «жетесіз ұл, көргенсіз келін қайдан шығады» деген сауалға жауап боларлықтай тұрғыда әсерлі өрбіді. Сарайға жиналған қалың қауым адамгершілік әдептің асыл қазынасы ақтарылғандай әдемі күй кешті.
Ұлағатты кездесуге ұйытқы болған белгілі меценант Б.Алтын­беков Баукең шаңырағының шырақ­шысы болып отырған аяулы анаға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Ер­теңінде қасиетті Ұлытау жерінде де осындай айтулы кездесу болды.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 216
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px