Сәні келіскен мейрам - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Сәні келіскен мейрам
Приозерск қаласының тұр­ғын­дары биылғы Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтті. Наурыз күні халық таң бозынан орталық алаңға ағылды. Бір күн бұрын тігілген он киіз үй мен жеті шатырдың айналасы мерекелік көңіл күйдің ордасына айналды.
Қызылды-жасылды, әсем киінген жұрт бір-бірімен құшақ қауыша көрісіп, жадырай құттықтасып жатты. Үш жерге орын тепкен алтыбақан маңына жиылған балалар ойын көрігін қыздырды. Қала әкімі Қайрат Қамзин, қала имамы Дәуіт Сейтқалиұлы, Сайлау қажы Смағұлұлы қатарласа қанат жайған киіз үйлер мен шатырларды аралап, жиылған жамағатты ұлық мейраммен құттықтады.
Бұдан әрі мерекелік шаралар жалғасын тапты. Қала өнерпаз­дарының театрланған көрінісінен кейін жиналған халықты қала әкімі Қ.Камзин мен қалалық мешіт имамы Д.Сейтқалиұлы құттықтады.
Мейрам барысында «Үздік киіз үй», «Үздік шатыр», «Қазақ халқы асханасының ұмыт қалған тағамдары», «Қазақтың нео-фоль­клор киімдері» байқаулары өтіп, оза шапқан жеңімпаздар аталымдар бойынша сыйлықтарға ие болды. Киіз үйлердің арасынан сыртқы көрінісі мен ішкі безендірілуі жағынан 06708 әскери бөлімінің тіккен киіз үйі айтарлықтай көзге түсті. Дегенмен, қазылар алқасының  бағалауына орай, киіз үй байқауында І орынды «КТҮҚҚБ» коммуналдық кәсіпорыны жеңіп алса, ІІ орын 44841 әскери бөліміне берілді. Жүлделі ІІІ орынды 06708 әскери бөлімі еншіледі.
Қазақтың ұмытыла бастаған тағамдарын дайындауда «Ертай» ЖШС-нің бас аспазы Жазира Қосымбайқызының сиырдың  ұлтабары мен тақия қарынынан үйрек пен оның балапанын мүсіндеп пісіріп әкелген тағамы қазылармен қатар, басқаларды да таң қалдырып, І орынды талассыз жеңіп алды. Ал, «Қазақтың нео-фольклор киімдері» байқауының жеңімпазы болып «Айналайын» балабақшасы танылды. Сондай-ақ, «Қазақ оюы», «Ең ұзын бұрым», «Мақал-мәтелдер жарысы» да ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауға бағытталған еді.
Спорттық жарыстарға жұрт аса белсенділікпен қатысты. Онда ерлер мен әйелдер арасында кір тасын көтеруден, арқан тартудан, армреслингтен күш сынасқан командалар мен жекелеген мықтылар марапаттарға ие болды. Наурыз мейрамын тойлауға келген қала тұрғындары киіз үйлер мен шатырларға шақырылып, мерекелік ас мәзірінен дәм татысты.
Наурыз мерекесіне дайындық кезінде әскери бөлімдердің қала­дағы мекеме, кәсіпорын, ұйымдарға шатырларды құру және жинау барысында барынша көмек көрсеткенін ерекше атап өткіміз келеді. Қалада өтіп тұратын мәдени-бұқаралық іс-шаралар барысында әскери бөлімдер қызметкерлерінің әрдайым қол ұшын беріп, өздері де ұйымшылдықпен қатысауы – құптарлық іс деп есептейміз.    

Н.ҚАРАБЕКОВ.
ПРИОЗЕРСК.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 212
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px