Сәулелі сөздің сарайы - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Сәулелі сөздің сарайы
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Қолыма жаңа кітап түссе, парақтамас бұрын кеудеме басатын ғадетім бар. Бұл кітапты да сөйткенмін. Қалам дертінің азабын тартып, мехнатын бір кісідей тартқандықтан шығар, бәлкім... Жүрек тұсым шымыр ете қалды. Тегін емес!
Сонымен, қолымдағы кітап – «Шал мен шындық». Авторы – Қали СӘРСЕНБАЙ. Қабырғалы қаламгер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты. «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы. Осал емес!
Иә, «Орталықтан» ойып орын беретіндей, бұл Қалидың Қарағандыға қатысы қанша? Туындауы кәдік сауал, әрине. Әсіресе, мақаласымағы кешеуілдеп жатқан жазармандарымыздың қаны басына тебуі мүмкін. Сондықтан да, сөз басында бұл пікірімді автордың абырой-атағына қарап емес, кітаптың салмағына қарап саралап отырғанымды түсіндіре кеткім бар. Оның үстіне, автордың руы, тегі болатын шығар, кітапта ру, география деген болмауы тиіс. Әйтпесе, Ұлы Абайды, Абайды әлемге танытқан Әуезовті Семей жұрты ғана оқып, Арқаның көзі қарақтысы Ақсұңқарұлын оқумен ғана шектелу керек болады ғой.
...Кітапқа оралайық.
Кітап күнделік іспетті басталады. Әлдекімдердің күнделігіндей ішкен-жегенін емес, ішке түйгенін баяндайды. Қомағай қоғамның дертін дөп басады. Автор – рентген аппараты немесе тамыршы. Дерттің қауіпті екенін ескертеді. Ұлттық рухтың бәсең тартып бара жатқанына қынжылады. Рухани дағдарыстан қауіптенген автор әр келеңсіздіктің астарындағы әлеуметтік салдарға үңіледі. Мұң мен шерге жүкті болған қаламына сүйенген Қали аға қаламгерліктің де, қайраткерліктің де ғажап үлгісін танытқан.
Автордың «Ешкімді сағынбайтын бала көрдім» деген жалқы сөйлемінің өзінде қандай қасірет жатқанын түйсінетін сана бар ма біздің қоғамда?! Құрылымы сонша қарапайым болғанымен, бұл сөйлемнің астарындағы сонша күрделі ахуалды біздің саңырау билікке жеткізу үшін кітап туралы кітап жазуымыз керек шығар, бәлкім.
Кітаптың әлқиссасында автор «Бұл да бір «жалқау» не «жедел» жанр түріне жата ма, кім білсін?! Оқи отырыңыз» деп, бергенін бұлдап, жазғанын жарнамалаудан бойын  аулақ салады. Бірақ, «Қазіргі қоғамды ұстап тұрған – өтірік тәрізді» деп, бейдауа жүйенің бетін осып жіберген өткір қаламнан туған әпсана қалай «жалқау» немесе «жедел» жанр бола қалсын?! Әйтпесе, «Тарихты өзі келген, тоқтаған жерден бастайтындар бар» деген түйіндегі ақиқатпен келіспейтіндеріңіз бар ма?
Жинақ босағасы, төрі деуге келмейтін, бірыңғай төрден орын беруге лайық төрелік түйіндерін өзек еткен төрт бөлімнен тұрады: «Сөз сәулесі», «Оқи отырыңыз», «Тұлғатану», «Бүкпесіз әңгіме». Әр бөлімнің өз айтары, өз салмағы, өз емеуріні бар. Түйсінген санаға, әрине. Ордалы басылым басшысының пілдей орынбасары болған соң, газеттің әр номерінде 2000 (кейде аз, кейде көп) жол мақала оқуыңа тура келеді. «Орынбасар» деген атың бар, түзейсің, күзейсің... Біздің тілмен айтқанда, қорытасың. «Шал мен шындықты» екі күн бас алмай оқығанда, өзім қайта түзетіліп, қайта қорытылып шыққандай болдым. Міне, кітап!
Жасыратыны жоқ, отбасылық альбом деңгейінде жарық көрген «жазушы» ақсақалдарымыздың кітабына да пікір айтып, жазып жүрміз ғой. Кітап авторы Қали Сәрсенбайдың өзі айтқандай, «Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң, ұлт мүддесі мұраты туралы үлкен сөздер қатар жүреді. Мұндайда қаламың да қиналмайды, жүрдек келеді. Ал, кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай, ит боласың». Менің де кейбір кездері «мемлекеттік тапсырыспен» мақала жазған сәттерімде қалам тістелеп қиналғаным есіме түсті. Ал, мына кітапты екі күн аударып-төңкергенім болмаса, пікір жазуға шығындаған уақытым – бар болғаны жиырма минут.
Сөйтсем, қолымдағы кітап емес, сөз сәулесінің сарайы екен. Төрт бөлімі – төрт құбыласы. Салтанатты сарайды аралағанның  әсері қандай болатынын кіріп-шыққандар жақсы білсе керек-ті. Сондықтан, Сіз де «Шал мен шындықты» оқуға асығыңыз.
Төрт бөлімінің төңірегінде ой өрбітсек, нағыз төрт тұяғын тең тастаған һас тұлпар – бұл кітап. Тағы бір қырынан келсек те болады. Ресми газетте қызмет еткендіктен бе, тым саясиланып кетеміз кейде. Осы тілмен айтсақ, Қалекеңнің бұл кітабы – рухани дағдарысқа қарсы қамданыстың «Жол картасы».
...Ашығын айтайын, қоғамның дерті мен қаламның серті шендескен бұл жинақта мен түсінбеген бір ғана тұспал бар. Шындығы – шындық, ал, шалы – кім? Әшейін айтамын, оны да таптым. Бірақ, мұндағы Шал әлгі шындықтың тап өзі секілді. Уақыт өткен сайын шау тартып, шөгіп бара жатқан...
Айтпақшы, оқырман ойында күмән кетпесін, автор жайлы мағлұматымды толықтыра кетейін. Қали Сәрсенбай Қарағандыға бөтен емес. Сонау қиын-қыстау кезеңде (1928-1932 ж.ж.) Арқадан Қаратауға үркердей боп ауа көшкен жұрттың сарқыты. Ата-бабасының қонысы – Жаңаарқа. Ол аз десеңіз, Қалекең – Ұлытаудың күйеу баласы.    

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 176
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px