Сағынып келіп, қуанып қайттым - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Сағынып келіп, қуанып қайттым
Сонау ақ басты Алатаудан сағынышымды арқалап Жаңаарқаға екі рет келдім. Бірі – 2015 жылдың 1 қыркүйегінде  бұрынғы Н.Круп­ская атындағы мектепке халық ағарту ісінің қайраткері Бименде Амалбековтің атын беру және Білім күніне арналған  салтанатты жиынға, екіншісі – осы жолы, Бименде Амалбековтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың, оның ішінде бірінші рет өткізілген  Бименде Амалбеков атындағы  аудандық математикалық олимпиаданың  құрметті қонағы ретінде.
Аудан халқына ризамын. Алғашқы жолғы іс-шараның басы-қасында аудан әкімі, сүйікті ағамыз, Биекеңнің шәкірті, Арқаның аққуға үнін қосқан әншісі Игілік Омаровтың баласы Ғабдрахманның өзінің жүруі жүрегіме қуаныш ұялатты. Ұстазға деген құрметтің асыл арнасын көрсетті. Биекең тіріліп келгендей сезімде жүргенімді жасыра алмаймын. Аяулы азамат еді ғой, Биекең.
Осы жолы алғаш ұйымдастырылған аудандық олимпиаданың ұйымдастырушылары: аудандық оқу бөлімінің басшысы Тілеш Әштаевпен, мектеп директоры Сұлтан Бибосыновпен, қазылар мүшелері, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚарМУ-дың математика-ақпараттық технология факультетінің деканы Дәулет Әлібиевпен, Дәурен, Райхан атты ғалымдармен  жақын таныстым.
Ерекше қуаныш үстінде болғаным – олимпиаданың ашылу салтанаты кезінде жүздері бал-бұл жанған оқушыларды, оларды баптап әкелген мұғалімдерді көріп, өзімнің мектепте оқыған кездерім, сыныптас достарым есіме түсіп, ет-жүрегім елжіреді. Қайран, алаңсыз балалық шақ.
Сағыныш сезіміне берілгендігім сондай, олимпиаданың біткенін де байқамай қалыппын. Оқушылардың концертін көрдім. Одан кейін жеңімпаздарды марапаттау басталды. Марапаттау рәсіміне оқу бөлімі, мектеп, ҚарМУ қызметкерлерінен басқа Бименде Амалбековтің үлкен ұлы Иген бастаған ұрпақтары, соғыстан кейінгі шәкірттері қатысты.
Аудан көлеміндегі жетпіске тарта мектептің 9-11 сынып оқитын қырықтай оқушы бақтарын сынады. Ақтық қорытындыда 9 сынып оқушылары арасынан ІІІ орынды иелегендер: Тілеген Игенбаев (Ю.Гагарин мектебі), Рамазан Боранқұл (Түгіскен орта мектебі), Диана Сайлаубай (Ынтымақ мектебі); 10 сыныптардан Алмабек Қайыркенов (Б.Амалбеков орта мектебі), Ақниет Саламатова (Б.Амалбеков орта мектебі), Мейіржан Қуанышбеков (№132 орта мектебі); 11 сыныптардан Дәмелі Қызбалина (О.Жұмабеков орта мектебі), Әйгерім Мәути (Б.Амалбеков орта мектебі), Аружан Советова (№132 орта мектеп); 9 сыныпта білім алушылардан ІІ орынды иеленгендер Бекболат Мейіржан (Талдыбұлақ мектебі),  Айғаным Мүсілім (№135 негізгі ОМ); 10 сыныптардан Бауыржан Мәдіханов (О.Жұмабеков орта мектебі), Ақбөпе Төлеухан (Қызылжар орта мектебі); 11 сыныптардан Данагүл Нақыпова (О.Жұмабеков орта мектебі), Диана Сапар (Б.Амалбеков мектебі); 9-сынып бойынша І орынды иеленгендер: Толғанай Жүніс (Ақтүбек мектебі), 10 сыныптан Дінасыл Қатпин (О.Жұмабеков мектебі), 11 сыныптан Бекболат Зекен (Б.Амалбеков мектебі).  ІІІ орын алғандар Ақселеу Сейдімбектің кітаптарымен және ІІІ дәрежелі дипломдармен; ІІ орын алғандар Абайдың кітаптарымен және ІІ дәрежелі дипломдармен, І орын алғандар смартфондармен және І дәрежелі дипломдармен марапатталды. Марапатталғандардың барлығына сертификаттар тапсырылды. Жүлдегер оқушылардың бапкерлері алғыс хатпен марапатталды.
  Олимпиада жұмысын қорытындылай келе, оқу бөлімінің басшысы Тілеш Әштаев олимпиадаға демеушілік көрсеткен Бименде Амалбековтің әулетіне, ҚарМУ оқытушыларына, олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне толық мүмкіндік жасаған Сұлтан Бибосынов бастаған мектеп ұжымына зор алғысын білдіріп, бұл іс-шара келешекте аудан бойынша тұрақты түрде дәстүрге айналатындығына сенім білдірді. Сонымен қоса, Б.Амалбековтің туысқаны Сәбит Қарашолақовтың өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бес үздік оқушыға 30 мың теңгеден шәкіртақы бергендігін еске алып, оған шексіз алғысын айтты.
Осы өткізілген іс-шараның сеп болуымен ел-жұртыммен қауышу бақытына ие болдым. Қолыма қалам алған себебім, сағыныш сезімімді «Орталық Қазақстан» газеті арқылы жеткізсем бе деген ой еді. «Мың күніме татиды-ау, осы отырған бір күнім... » деп халқым дұрыс айтқан екен. Сағынып келіп, қуанып қайттым.
Сауық ЖАҚАНОВА,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан радиосының ардагері, диктор.
АЛМАТЫ қаласы.

Суретте: Сауық Жақанова мен Сұлтан Бибосынов.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 357
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px