Саялы бәйтерек - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Саялы бәйтерек
Нұрлы Нұра өңірінен түлеп ұшып, елі­міздің барлық аймақтарында еселі еңбек еткен, соның нәтижесінде лайықты негізде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алған, еліне ардақты, қалың қауымға қымбатты ағаларымыз баршылық. Осындайда:
«Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік,
Бәріміз де жазылмаған дастан едік...
Замандастар қайда, абзал достар қайда...»  деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.
Сол ағалардың бірі, бәйтерегі – Сәтбек Сәрсекейұлы Уайыспеков ортамызда жүргенде 80 жас мерейтойымен құттықтап жатқан болар едік... Өкінішті, әрине...
Қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы, ақын Қадыр Мырза Әли өз өлеңдерінің бірінде:
Адам жылап туады,
Жатады жұрты жұбатып.
Және жылап өледі,
Өзгелерді жылатып.
Жылайтыны туарда –
жамандар бар қинайтын
Жылайтыны өлерде –
жақсылар бар қимайтын...  – дегені бар...
Сол жүрегі жайсаң, ақжүрек азамат қадірлі де, қимайтын жақсының бірі Сәтбек ағамыз 1996 жылдың  19 қаңтары күні 60 жасқа толған торқалы тойын өткізіп (қоштасқан жан секілді), көп ұзамай мамыр айында бұл фәниден бақиға аттанып кетті. Оған да 20 жыл болыпты.
Ол – қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында саналы жандарға адами қалпын даусыз дәлелдеп кеткен жан. Еңбек жолын Қарағанды политехникалық институтын тау-кен инженері маманы бойынша бітірген соң «Октябрь көмір» тресінде бастады. Сол жерде өзінің іскерлігін танытып, №36-42 шахтасына бас инженер болып ауысты. 1966-1975 жылдары Қарағанды ғылыми зерттеу көмір институтында (КНИУИ) ғылыми жұмыстар атқарды. Одан  1975 жылы облыстық кәсіподақ кеңесінде инспектор қызметінде болды. 1976-1996 жылдары «Қарағанды взрывпром» арнайы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Сәтбек Сәрсекейұлы – көмір өнеркәсібіне қатысты көптеген ғылыми еңбектердің авторы. «Еңбек ардагері»  (1984 жыл) және мерекелік медальдармен, түрлі министрліктердің грамоталарымен марапатталды. 1980-1993 жылдары Қарағанды қаласына қарасты Совет аудандық Кеңесінің депутаты ретінде ел аманатын арқалады. 1995 жылы үздік еңбек жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мәртебелі атағына ие болды.
Ақ пен адалдан жаралған, періште пішіндес ағамыздың адамдармен араласуы, достармен әзіл-қалжыңы, туыс-туғанмен тіл табысуы, бауырларына бауыры езілуі, Танядай жарын жан-тәнімен жақсы көруі, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауы – «Парасат жеңсе, адам періштеден жоғары тұрады» деген сөзді растайтын еді.
Тұла бойы тазалықтан, бауырмалдықтан, мейірімділіктен ғана жаралған ағамызды ақтық сапарға шығарып салғанда үйдің ауласы адамға сыймай, көк аспанды көп адамның күрсінуі кернеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан көңіл айту жеделхатының келуі тегін бе, әсте? Бір отбасының баласынан халық жұртының баласына, ел ағасына айналған Сәтбек аға мәңгілік сапарына сый-құрметімен аттанды.
Атамыз қазақта «Жылқыда да жылқы бар –қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» деген татымды тәмсіл бар. Фәни жалғанда жақсылықтан айнымаған ардақты ағамыз, бақи дүниеде де ұмыт болмайтын шығар... Ол, әрине, Жаратушыға ғана аян...
Артында жақсы атын шығаратын Таня жеңгеміздей текті жары, Талғат, Сәкен, Амангелді, Жанна, Сәуле, Айсұлудай тәрбиелі  ұлдары мен қыздары, немерелері, шөберелері барда Сәтбек ағамыздың ғұмыры – мәңгілік. «Орнында бар оңалар» деген халық даналығы осындайдна айтылған болар, сірә.
Біз Сәкеңнің артында қалған жарына, ұрпақтарына бақытты да мағыналы ұзақ ғұмыр тілейміз. Сәтбек ағамыздың жатқан жері жайлы болуын, Алладан иман байлығы бұйыруын, пейіштің төрінен орын беруін тілейміз.
Жарылғасын БИКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қызметкері,
Нұра ауданының Құрметті азаматы.
Төлеу БАЛМАҒАНБЕТҰЛЫ,
профессор.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 160
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px