Сарыарқа сазға оранып... - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Сарыарқа сазға оранып...
Сарыарқа – салдың бесігі, Қарағанды – қара өлеңнің қалтқысы. Кешегі ән падишалары Жүсекең, Манекеңдер өлең айтқан, Тәттімбет, Тоқалар исінбес қара шанақтан күй сауған, Шолпан, Күләштар құйқылжып әнге басып, Қайрат, Мейірхан, Жақсыгелділердің салдық дәурен кешірген киелі Сарыарқасының қасиеті жайлы бүгін ғана айтып отырған жоқпыз. Іргесін атақты Қоянды жәрмеңкесі қымтап, толарсағын Тоқырауынның толқыны көміп, жағасын Жаңаарқаның жазирасы жапқан, бауырын Бұғылының күйі жайлап, Нұраның сиқырлы сырлы үні әлдилеген Қарағанды топырағында қайтсе де бір кие бар.

Ғашықтар күнінде кенді қала тұрғындары Кеншілер мәдениет сарайына қарай ағылды. Қарағанды төрінде сазы мен сөзі үйлесім тапқан, көрерменнің көңіл кілтін дәл тауып, әнге сусап жүрген халықтың мейірін қандырған «Махаббаттың бесігі — Қарағандым» атты қарағандылық әуесқой жас сазгерлердің алғашқы концерті өтті.
Сәтті өлең тәтті әнге үйлескен уақытта, жымдасқан бірлік алып мұнараға айналары – заңды құбылыс. Замандастары, сондай-ақ, қатарының алдындағы арқалы ақындардың шығармашылығымен тығыз байланыс жасап, ұрпаққа сабақ, бабаға парыз есепті жас сазгерлердің бұл шығармашылық әрекетінде өте зор мән бар еді.
Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мұрындық болып, облыстық халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған игі шара облыстың 80 жылдығын да назардан тыс қалдырмаған.
Өз шығармашылықтарымен жұртты тәнті еткен саз зергерлері – Амангелді Ахметжанов, Марғұлан Уәлиев, Қасиет Қамиев, Нұрболат Клим. Сондай-ақ, екі ай бұрын,  небары, отызға енді аяқ басар шағында  қыршынынан қиылған жас сазгер  Ерғалы Омаров...
Не керек, кешті жас ақын Рауан Қабидолдин мен белгілі жүргізуші Нұргүл Өміртаева тізгіндеп, иін тірескен көрерменді сахнамен етене жақындастырған ән кеші басталды.
Жаңа әндердің тұсауы кесіліп, қазақтың ән қоржыны  біршама әнмен толықты десе болғандай.
Сарыарқаның сайын даласын әнмен тербеген кеште поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар Арқа ақындары Қайрат Асқаров, Мирас Асан, Қуаныш Медеубаев, Алмаз Мырзахмет, Рауан Қабидолдин, Жәнібек Әлиман, Жəлел Қуандықұлы, Берікбол Тәжібековтің сөздеріне жазылған әндер жан сарайын жадыратты.  Бұлбұл үнді, дүлдүл арынды әншілер Қуаныш пен Гүлзар дуэті, Аман мен Зағыпран дуэті, Бақытжан Рахымжанов, Ербол Алшынбаев, Катя Төлепберген, Әнуар Адамбаев, Медет Осатаев, Уатхан Захан орындауында шырқалған әндер Арқа аспанын  айрықша ажарға бөледі.  
Кеш соңында қазақ эстрадасының жұлдызы, жерлесіміз Саят Әбдіғали сөз сөйлеп, жас сазгерлерді жаңа қуатты толқынға балады. Сонымен қатар, Жаңаарқа аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Жарас Ізтілеуов жерлестері Қасиет Қамиевтің иығына зерлі шапан жауып, ықылас гүлін тапсырды.
Концертті белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Құжыманов Дәулет Сәтібековтің әні «Қарағанды вальсімен» қорытындылап, кеш шымылдығын жапты.
Сахнадан төгілген сырлы әуен мен шалқыған ән  жан-дүниеңді өзге бір әлемге жетелеп, қиялыңа қанат бітіріп, көңіліңе шуақ төккендей. Мәдениет сарайында жоғары деңгейде өткен ғажайып кеш көрерменнің көңілінен, тыңдарманның талғамынан шыға білді. Оған көрерменнің ыстық ықыласы дәлел.
Арқаның төрін әсем әндермен тербеген өнер кеші жас сазгерлердің қанаттарын қатайтып, құлаштарын кең жайып, Алаштың аспанында еркін қалықтауына жол ашты.
Марал ДАДИЕВА.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 126
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px