Сарыбелдегi салтанат - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Сарыбелдегi салтанат
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»
Сәрсенбінің сәтінде, яғни, 18 мамыр күні Осакаров кенті асқақ рухтың құшағында тербелді. Аудан мұражайының қақ төрінен Сайдалы Нияз батырдың еңселі мүсініне орын беріліп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында азаттық жолындағы күрескер тұлғаның өмірі мен өшпес ерлігін насихаттауға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында жанын шүберекке түйіп, ұлан-байтақ даланы шашақты найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған баһадүр Ниязды оқырманға ежіктей таныстыру артық болар. Дегенмен, Ресей, Қытай мұрағаттарынан ғалымдар тапқан деректерді негізге ала отырып, ХVII-XVIII ғасырларда Нияз батырдың Орта жүздің ықпалды билеушісі болып, жоңғарға қарсы күресте қажыр танытқанын айта кеткеннің сөкеттігі болмас. Ел басына күн туған сол кезеңде Түркістанның билеушісі болып, қазақ халқын бірлікке жұмылдырған тарихи тұлға болғаны, Қаздауысты Қазыбек бимен бірлесе отырып, дипломатиялық миссияларға қатысқаны тағы бар.
Осынау тарихи тұлға өмірінің күреске толы кезеңдері «Абылай аспас Арқаның Сарыбелінде» (қазіргі Осакаров ауданы аумағында) өткенін де көне тарих деректері растап отыр. Біраз жылдан бері белгілі ғалым, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетайтегі бастаған ынталы топ Осакаров ауданына – Сарыбел атауын қайтарып, Осакаров кентіне Нияз батыр есімін беру туралы бастама көтеріп жүргені де сондықтан.
Сонымен, аудан мұражайы төрінен орын алған батыр мүсіні Нияз батырдың рухын дәріптеуге қатысты сауапты істердің басы болды дей аламыз. Баһадүр баба мүсінінің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Шайжанов сөз сөйлеп, осынау жарқын іске ұйытқы бола білген батыр ұрпақтарына алғысын жеткізді.
– Бүгінгі шараның ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығымен, Қарағаны облысының 80 жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзінен өр рухымыздың тұтастығы мен беріктігі аңғарылып тұр. Біз Нияз батыр секілді тарихи тұлғаларымызды дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіре аламыз, – деп толқыды аудан басшысы.
Бұдан кейін батыр баба ұрпақтары атынан белгілі ғалым Байқоңыр Ижанов тілегін арнап, айтыстың ақтаңкері Қойлыбай Асан жырдан шашу шашты.
...Рух ұлтқа, ұлысқа жіктелмейтініне көзіміз жетті осы жолы. Иә, Қазақстанның шаңырағын биік, ордасын еңселі етіп тұрған халықтар достығы екені даусыз. Жергілікті ақын Виктор Правдин Нияз батырға арнаған өлеңін оқыған сәтте мұражайдың шағын залына жиылған қауым теңіздей болып буырқана толқысын. Мәңгілік Ел ордасының іргесі ортақ мүддемен берік болса керек-ті. Міне, қазақ халқының тарихына, тұлғаларына деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласы мен құрметі осыны айғақтады.
Мұражайдағы салтанатты рәсімнен кейін сауапты шара жоғарыда атап өткеніміздей, аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.
Жиын тізгінін аудан әкімі Қайрат Абдоллаұлы ұстаған. Алғашқы сөз батырдың жетінші ұрпағы, профессор Темірғали Көкетайтегіне берілді. Темағаң тебіренді. Толқыды. Жанарына жас үйірді. Батыр бабаға деген бүгінгі ықылас пен пейіл толқытқан. Бұдан кейін сөз кезегі Алаш жырының ақтұйғыны, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлына берілген. Наркескен намыстың найзағайын ойнатты Сер-аға! Мінберден жыр төгілді.
Белгілі ғалым, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Темірғали Аршабеков пен жергілікті тарихшы ұстаз Евгений Манжасовтың баяндамаларында Нияз батырдың қайраткерлік келбеті тың деректермен асқақтай түсті.
Нақтырақ айтсақ, Нияз батырға арналған конференция анау айтқандай басқосулардан мүлде бөлек формада өтті. Үнемі ресми жиындар өтіп келген әкімдіктің мәжіліс залы да сол күні Алаш рухының асқақ серпінімен теңселіп тұрғандай көрінді маған. Талантты әнші Ержан Базарбековтің орындауындағы Иманжүсіптің толғауы бабалар арманын жеткізді.  Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Мирас Асанның баба рухына, арнаған жыры бүгінгі ұрпақтың аманатқа адалдығын айғақтады.
«Нияздың Аюлыда – Қаракөлі»... Иә, Нияздың Қаракөлі де, Абылай аспас Арқаның Сарыбелі де батыр ұрпақтарының осынау бастамасы мен сауапты ісіне еміреніп тұрды.
Сөз түйінін батырдың Жаңаарқадан келген ұрпақтары атынан Сатыпалды Қызыров ақсақал айтса, аудан халқының батыр бабаға деген шексіз ықыласын аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Ислам ақсақал жеткізді.
Сөз басында айттық қой, бүгінгі шара – Нияз бабаны дәріптеу арқылы қазақ халқын елдік пен бірлікке ұйыту мақсатындағы игі шаралардың басы ғана. Темағаңның бастамасын іліп алып, бүгінгі шараға бастан-аяқ демеушілік көрсеткен батырдың ұрпақтары – Ермек Бұқаршин, Берден Башаров, Азамат Жаманғарин. Осы жігіттер аудан орталығына баба есімі беріліп жатса, Нияз батырдың ат үстіндегі еңселі бейнесі сомдалған ескерткіш қоюға ниет етіп отыр. Бұл мақсатта қор ашылғанын мәлімдеді. Ал, Темағаң айтады: «Бабамыз керемет қамшыгер болған. Болашақта Нияз бабаның қамшы ұстаған ескерткіші бой көтерсе...» деп.
Ниет бар жерде – нәтиже болатынын бүгінгі шара көрсетті. Іске сәт!
...Жиын соңында баба рухына құран бағышталып, ас берілді.

ОСАКАРОВ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 189
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px