«Шәмшінің нағыз шәкірті...» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

«Шәмшінің нағыз шәкірті...»
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Небары он минутта ән тудырған қазақ ұлтын қалай өнерлі халық демейсіз?!
«Матай алыс бір қатар жер деген соң,
Бір ән тауып Әлекем бер деген соң,
Он минутта аузыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң» дейді. Анау-мынау емес, Абайдың Ақылбайы. Ақылбай болу үшін Абайдай алыптан туу керек шығар. Мұндай болмаса да, осыған жетеқабыл таланттың бірі қазір Қарағандыда жүр. Қазақстан Композиторлар һәм Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Қазыбек БЕКСҰЛТАНОВ атты белгілі сазгер!

Жасы жетпіске келген кәрі тарлан өзін «қазақ вальсінің королі – Шәмшінің шәкіртімін» дейді. Онымен отыз жыл ойнап-күліп бірге жүрген екен. Бұл бейресми атақтың өзін оған қазақ поэзиясының патшайымы Фариза Оңғарсынова таңыпты. Кейіпкеріміз кезінде Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің вокалдық бөлімінде оқып жүріп, Фариза апамызбен редакцияда танысса керек. Қасындағылар апайға бұл кісінің Шәмшінің шәкірті екенін айтса, Фариза апай «Шәмшінің шәкірті болсаң, мына өлеңге осы жерде әуен жазып бере қойшы» деп қолқа сала кеткен деседі. Сонда мәтінді оқып, аспай-саспай, әлгі өлеңді айналасы жиырма минутта әуенмен қабыстырған екен Қазыбек атамыз. Ақылбай бабамыз әнді он минутта тудырса, бұл кісі жиырма минутта шығарыпты. Сөзі – Фариза Оңғарсынованікі. Балаларға арналған «Аяз ата келеді!» әні. Жанып тұрған жас таланттың жасы сонда 18-19-да ғана. Әңгіме басында «Ақылбайдың әнін» айтуымның сыры – осы.
120-ға жуық әннің авторы Қазыбек атамыз – халыққа жастай танылған сазгер. Небары 17 жасында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі атанады. Шәмшінің жанына тегін адам ере ме? Мана «Ақылбайдың әнін» тілге тиек етуімнің тағы бір себебі – сазгер атамыз кейбір әндерінің әуенімен қатар, сөзін де өзі жазған. «Жаныңды жадыратып жасыл көктем, Кеудемде күй ойнайды тасып өктем» дейді «Қарқаралы вальсінде». Кезіндегі астана – Алматы жайлы әні қандай?! Алғашқы туындыларының бірі – бұл ән халыққа Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рашид Мұсабаевтың орындауында жетті. Және осы әншінің орындауындағы әндерімен Қазыбек атамыз Бухарест, Вена, Берлин, Варшава, Мәскеуде өткен халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазымын демейді. Қарапайым қалпы «қазақтың Қазыбегімін, халық деген қасиеттің баласымын» дейді. Жасы жетпіске келіп, елге еңбегі сіңіп бақса да.
Қазыбек Бексұлтанов – ғұмырын әнге айналдырып жіберген жасампаз тұлға. Алматыда өткен жастық шағынан бастап, Қарағандыдағы еңбек жолынан зейнеткерлікке шыққанға дейін басқан ізінің бәрін әнмен таңбалап, әуенмен өрнектепті. Нағыз өнер иесі осындай болса керек-ті. Осыған орай, әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев сияқты күміскөмей, жезтаңдай әншілердің орындауында жазылған. Бірталай шығармалары халықтың жүрегіне атақты «Серпер», «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», «Жетіген» ансамбльдерінің орындауында жеткені – айтарлық әңгіме.
Сазгер атамыз музыка училищесімен шектеліп қалмаған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын, Арқаға келген соң Қарағанды педагогикалық институтын бітіреді. Кейін отбасылық жағдайына байланысты Қарағандыда шахтада еңбек етті. Алайда, өнерден қол үзген емес. Мұнда жазған «Анашым», «Әже әлдиі», «Қарағанды туралы ән», «Шахтер жұлдыздары», «Қарағанды жастары» мен жарына арнаған «Бикенім» әні бір төбе. Биыл екеуінің отасқандарына 48 жыл толып отыр. 6 баладан 17 немере сүйіп отырған бұл аталы әулетте бүгінде мерейлі мереке. Ұзағынан сүйіндірсін!
Қазыбек Бексұлтанов әндерінің көбі  қазір Қазақ радиосының «Алтын қорында». Бұл – берісі. Әрісі – халқының жүрегінде. Шырқалып жатыр, шырқала береді де...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 145
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px