Үшінші жауынгер де табылды - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Үшінші жауынгер де табылды
Төрехан Майбас,
«Орталық Қазақстан»


Газетіміздің Жеңіс күнгі санында «Жәдігер» айдарымен «Бір суреттің сыры» атты шағын мақала берген болатынбыз. Онда Совет Одағының Батыры Қазыбек Нұржанов пен қандыкөйлек жолдастары – қызылармияшы Түсіп Жалмағанбетовтің және Қабдыраш Ғалиевтің суреттері бейнеленген. Сұрау салудың нәтижесінде Қабдыраш Ғалиев табылғанды. Ол жөніндегі материал «Батырдың қанды көйлек жолдасы табылды» атпен  газетіміздің  2 маусым күнгі №88 (22193) санында жарияланды. Міне, енді Түсіп Жалмағанбетовтің немересі Айнұр хабарлассын.

Сонымен белгісіз болып келген үшінші жауынгер де табылды. Өкініштісі ол кісі 1983 жылы бақилыққа озыпты. Құдайы қосағы Қауажан Жүнісқызы да мәңгілік мекенін тауыпты.
Түсіп Жалмағанбетов 1916 жылы  Ақтоғай ауданының Қонырат ауылында дүниеге келіпті. Сол заманғы барша қиындықты бір адамдай бастан өткереді...
Осы жерге келгенде есіме Қазыбек Нұржановтың да осы ауылда дүниеге келгені  есіме оралсын. Ол 1919 жылы туған. Олай болса Түсекең Қазыбектен үш жас үлкен болып шығады. Отбасылық жағдайына байланысты он жеті жасынан бастап бүкіл саналы өмірі Шет өнірінде өтеді. Жас кезінен партия қатарына өтіп, партияның жүктеген тапсырыстарын орындауда аянбайды.  
1939 жылдың күзінде Қызыл әскер қатарына шақырылады. Міндетті азаматтық борышын Амурдағы Комсомольскіде өтейді. Содан соғысқа қатысады. Елге 1946 жылы аман-есен оралады. Үлкендер жағы кеудесінде орден-медаль көп болатын дейді.  Шет ауданының Беталыс колхозында тұрыпты. 1960 жылы Ақтөбе бөлімшесінен Орджоникидзе совхозына бас жылқышысы болып ауыстырылады. Қарқаралыдан совхозға мың жылқы әкеліп, 1961 жылы бірінші болып Енбекшіл бөлімшесін ұйымдастырып, басшысы болады. Зейнеткерлікке шықса да сол кездегі совхоз директоры Сейілбеков Қуаныштайдың сіздің қолыңыздан жұмыс келеді деген өтініші бойынша 1978 жылдан 1983 жылға дейін Орджоникидзе совхозында жанар-жағармай меңгерушісі болып жұмыс атқарады.
Кейінгі балалар қолында алты орден-медаль қалыпты. Заманында ықтиятты болмаған.
Қосағы Қауажанның Омар және Бекен атты немере ағаларының біреуі май зауытының меңгерушісі, екіншісі тағы сондай жерде еңбек етіп жүргенде байқұлақтың балалары, халық жаулары деген жалған жаламен тұтқынға алынады. Бұл жайында айтып отырған себебіміз Түсекең соғыстан оралған соң шаңырағы шайқалған бірнеше отбасының балаларына әке орына әке, аға орнына аға – барлығына қамқоршы болыпты.
Омардың жалғыз қыз Күлзия ерте тұрмыс құрып қайтыс болады. Бекеннің қызы Бибіжанның күйеуі Үшкірбай соғыста ұшақтан құлап қатты жарақат алып кешікпей қайтыс болған.
Қауажан ағасы Әбіш те соғыста ерлікпен қайтыс болады. Одан Зықан, Зақан, Дәмежан есімді үш қыз қалады. Түсекең оларды да құтты орындарына қондырады.
Ал Қауажан ана болса хабарсыз кеткен ағаларын өмір бойы күтеді. Тек 1997 жылы ғана Қарағанды ҰҚК екі ағасының жалған жаладан ақталғанын, тұтқынға алынған күннен екі аптадан кейін Шет ауданының Жарық стансиясында атылғаны жөнінде деректер береді.  
Түсекеңнің өз отбасында екі ұл, төрт қыз болыпты. Бәрі де ордалы отбасы болып отыр. Олардың арасында Астанада тұратын жоғары санатты ұстаз, үлкендері Зәурешпен, Қарағанды мешітінде асхана меңгерушісі болып істейтін Сайлаукүлмен тілдестік.
– Әкеміз аузынан Қазыбек бабамыздың есімін тастамайтын. Бір ауылдың төлдері еді ғой, – дейді Зәуреш Түсіпқызы.
Ал, өзімізбен алғаш болып хабарласқан Айнұр Қарағанды техникалық университетінде кафедра меңгерушісі болып еңбек етеді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 549
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px