«Түбіміз – Түркі, түлігіміз – жылқы» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«Түбіміз – Түркі, түлігіміз – жылқы»
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Ұлытау ауданының шалғайдағы Шеңбер ауылында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша Ұлы Жеңіс күніне орай, дүбірлі дода – ат бәйгесі ұйымдастырылды. «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» ұранын ұстанған биылғы бәсекеге Қарағанды облысынан сыртқары аймақтардан келген сәйгүліктер де қатысты. Бәйгенің ұйымдастырылуы мен өткізілу шығынын, әдеттегідей, ауыл азаматтары көтерді.

Дүрмегі мен думаны толайым әрі жанкүйердің делебесін қоздыратын жарыстың ашылу салтанатында алыс-жақыннан жиналған қауымды Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров құттықтап, барша ағайынға бақуатты ғұмыр, баянды бақыт, атбегілер мен шабандоздарға сәттілік тіледі. Аудан басшысы байрақты бәсекенің ауыл азаматтарының бұлжымас бірлігі мен мызғымас берекесінің арқасында ұтымды ұйымдастырылып отырғанын, жарасымды дәстүрді басқа да ауылдық округтердің үлгі-өнеге ретінде қабылдауы қажеттілігін атап өтті. Ол ұлттық сипаттағы шырайлы шараның бабалар дәстүрін бағалау тұрғысында келешек ұрпақ тәрбиесіне тигізер пайдасы  зор екендігін де тілге тиек етті.
Ұлы мерекеге орайластырылған бәсеке барысында тай және құнан жарыстары, сондай-ақ, аламан бәйге ұйымдастырылды. Шабандоздар 4 айналымнан тұратын аламан бәйгеде 25 шақырымдық жарыс жолында бақ сынаса, тай жарысы 10 шақырымды, ал, құнандар бәсекесі 15 шақырымдық қашықтықты құрады.
Аламан бәйге қорытындысында бас бәйгені Қостанай облысы, Амангелді ауданына қарасты Сарыторғай ауылынан келген Арман Нұрпейісовтің сәйгүлігі еншіледі. Оған ұлтжанды азамат, ауылдағы іскер азаматтардың бірегейі, жеке шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Алпысбеков тіккен тай тарту етілді. Жүлделі ІІ орын бас бәйгені еншілеген  жүйрік иесінің жерлесі Азамат Әбудің еншісіне бұйырып, ауыл азаматтары тағайындаған 60 мың теңгені қалтасына басты. Ал, ІІІ орынды шеңберлік Еркебұлан Абылаев баптаған ат жеңіп алып, 40 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Құнан жарыста І орын Кеңес Нұраев, ІІ орын Әділхан Төлегенов , ал, ІІІ орын Берік Мәліков баптаған жүйріктердің еншісіне тиді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер тиістілігіне сәйкес, ақшалай марапаттарды иеленді.  
Тай жарысында І орын Ербол Мусин, ІІ орын Әміржан Абылаев, ІІІ орын Ержан Алпысбеков бәйгеге қосқан қылқұйрықтылардың қанжығасына байланды. Олардың да  сый-құрмет пен марапаттан шеткері қалмағаны анық, әрине.  
«Басты жетістік – жеңіске ынталы топтың бел ортасында болу» қағидасын қатты ұстанған өзге де бәйгеге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Дүбірлі дода барысында жұртшылық назарына ауыл өнерпаздарының күшімен  әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлық мерекеге орай ұйымдастырылған дүбірлі той құрметіне ән мен күйден шашу шашылды.
Осындайда, «Азаматына қарап, ауылын таны» делінетін тағылымды тәмсіл еріксіз еске түседі. Иә, елдік ұстанымнан айнымаған елге бақ қарап, қыдыр дари берері анық. Лайым, солай болғай!..

ҰЛЫТАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 180
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px