Тұлғаға құрмет көрсетті - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Тұлғаға құрмет көрсетті
Жұлдыз  ТОЙБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Бар ғұмырын Алаш елінің азаттығы жолындағы күреске арнаған арыстарымызды жас ұрпаққа насихаттаудың маңызы зор. «Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарихи-танымдық маңызы зор іс-шараны бастап жіберді.

С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының кіші залында өткен байқауға қаламыздың 14  мектебінен мектепішілік байқауда жеңімпаз атанған үміткерлер қатысты. Сайыс 8-11 сынып оқушылары арасында өтті. Шарттағы екі тапсырманың бірі – Ә.Бөкейхановқа арналған өз арнауын жатқа, нақышына келтіріп оқу. Оқушылар берілген 3 минуттың ішінде өлең жолдарын жеткізуге тырысты. Бірі арнауын жүрегімен тебіреніп оқыса, енді бір қатысушымыз енжар қалып танытты. Бірінің өлең ұйқастары қамшының өріміндей жымдасып жатса, екіншісінің бір шумақ өлеңінің төрт тармағы төрт жаққа қарап жатты.
«Алаш арыстары және ұлт мүддесі» деп аталатын екінші кезеңде қатысушылар аталмыш тақырыпта  ой толғады.  
Байқауға қатысушылардың өнерін сараптаушы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Қарағанды тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Жұпар Жақанова және осы жолдардың авторы үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың: көркем мәтінді оқу шеберлігіне; дауыс мәнері және тіл тазалығына; мәтінді таңдау талғамына; сахна әдебіне баса назар аударды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Әлихан Бөкейханов атындағы №76 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Сара Қадырова иеленді. Сара Әлихан атындағы мектепке лайық өзін таныта білді. Бірінші орынды №68 МИББ-ның 10-сынып оқушысы Дияна Сағымбекова қанжығасына байлады. Екінші орынды № 36 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аяулым Спанова мен №34 негізгі орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аяулым Мұрат олжалады. Үшінші орынды №18 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ернияз Амантай, №58 орта мектебінің 10  сынып оқушысы Шоқан Үсенов және №54 орта мектебінің  9 сынып оқушысы Мәдина Аманкелді қанағат тұтты.
Арнайы «Үкілі үміт» жүлдесі №40 негізгі мектебінің 8 сынып оқушысы Нұргүл Ахметке, «Жас қалам» жүлдесі №41 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Абылайхан Бапиевке, «Үздік мәнерлеп оқушы» жүлдесін №32 орта мектебінің 8-сынып оқушысы  Ақниет Сағымбекке табыс етілді.
Байқау жеңімпаздары көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов атындағы Бас жүлдемен, дипломдармен, басқа да бағалы заттай сыйлықтармен марапатталады. Қалған талапкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.
P.S. Көмірлі қаламыздағы Октябрь ауданында орналасқан №76, 68, 36, 34 мектептен келген оқушылар үлкен дайындық әлеуетін көрсетті. Осындай өз ұлтын сүйетін, Алаш арыстарын құрметтейтін отансүйгіш жас ұрпақ өсіп жатқан Октябрь ауданына  Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ есімін беретін кез жетті!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 218
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px