«Тұлғатану» - түлектермен бірге - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Тұлғатану» - түлектермен бірге
Ел жайсаңдары елеулі тұлғаларын елеп, ұрпаққа үлгі етіп жатса – азаттықтың арқасы. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіруде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Соның бірі – жазғытұры Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ 150 жылдығы аясында орта мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында облыстық пәндік олимпиада ұйымдастырса, осы жолы Қарқаралы, Шет ауданының ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған екі бірдей түлегіне арнайы шәкіртақы мен сертификат тапсырды.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығымен қоса биыл кешегі Кеңес заманындағы тоталитарлық жүйе кезінде Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында мектеп салдырған Алаш арыстарының бірі – Имам Әлімбековтің туғанына 125 жыл. Осыған орай, 2015-2016 оқу жылының қазан айында «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары һәм директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызының басшылығымен Имам Әлімбеков салдырған мектеп қабырғасына Алаш арысына арналған ескерткіш-тақта орнатылған-ды. Шара барысында 2015-2016 оқу жылының соңында ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған осы мектепті бітіруші түлекке «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы арнайы шәкіртақы тағайындаған еді. Сол шәкіртақы Қарқаралы ауданы бойынша ҰБТ-дан алғашқы үштікке іліккен Бесоба ауылындағы №8 орта мектеп оқушысы Гүлназ Қасенге бұйырды. Гүлназдың ҰБТ-да жинағаны – 100 балл. Құтты болғай!
Биыл қыста Шет ауданының  орталығындағы бұрынғы М.Горький атындағы мектеп-гимназияға осы өңірден шыққан  тақты ғалым, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды ұзақ  уақыт басқарған ректор   Жамбыл Ақыл­баев есімінің берілгені белгілі. Осы салтанатты шарада конференция ұйымдастырылып, онда арнайы шақыртылған «Тұлғатану»  орталығының ғалымдары  баяндама жасап, Ж.Ақыл­баев атындағы мектеп-гимназия оқушыларын ынталандыру мақсатында ҰБТ-ны үздік тапсырған түлекке жылына бір рет арнайы шәкіртақы тағайындалатынын мәлімдеген болатын. Осы шәкіртақыны гимназияның бірінші түлегі әрі ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған Бекжан Жамантай жеңіп алды. Аталған екі оқушыға «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының шәкіртақысымен бірге арнайы сертификат қоса тапсырылды.
Мұндай игі шаралар бүгінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы мен орта мектептер арасында тәрбиелік әрі танымдық бағыттағы әр түрлі қарым-қатынас түрлерінің орнағанын көрсетеді.
СУРЕТТЕ: «Тұлғатану» орталығының директоры Н.Бейсенбекова Бесоба ауылындағы №8 орта мектеп директоры Ырысты Ағыбайға аталған білім ошағының түлегі, шәкіртақы иесінің сертификатын табыстау сәті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 631
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px