Төлеген және оның «НЛО»-сы - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Төлеген және оның  «НЛО»-сы
Төрехан Майбас,
«Орталық Қазақстан»

Керекулік ақын Ерсін Қыдыровтың «Төлегенге» деген арнау өлеңі бар:
Сыздықұлы Төлеген,
Сәулетші екен көреген.
Берерін беріп өнерге,
Алып жүр алғыс өнерден.
Сондай үлкен талғамы,
Ұнайды жұртқа салғаны.
Алматы оған «тар» болды,
Қазақстан – арманы.
Іздейді істің ірісін,
Түсінемін бұл ісін.
Павлодарда қолға алды,
Бас мешіттің құрылысын.
Тұрғызды үйін Алланың,
Сәулетіне таң қалдым.
Еш жерде бұрын көргем жоқ,
Мұндай мешіт салғанын.
Салынсын елдің бағына,
Ғимараттар тағы да.
Өнерде табыс тілеймін,
Әрқашан ұлы дарынға!
Расында Төлеген ағамыз Мәшекең мешітімен тоқтап қалған жоқ. Одан кейін де елдің таңдайын қақтырған ондаған сәулет шедеврін берді. Ол өткен ғасырдағы еліміздің таңдаулы жеті сәулетшісінің қатарына енді. Астана сәулетіндегі таңдаулы он сәулетшісінің қатарынан ойып тұрып өз орнын алды.
Төлеген ағамыздың тарихи Отаны – мынау Шет өңірі, оның ішінде қазіргі Жұмыскер ауылы. Ата-бабалары жуан тұқым ретінде қуғын-сүргін көреді. Әкесі Сыздық төңкеріс жылдарында елден сырғып, Ресейдің Селебе қаласын паналайды. Сонда жүріп есепші мамандығын игереді. Түрксиб құрылысына қатысады. Қалған ғұмырын еліміздің түскейімен байланыстырады. Арқа қазақтарының екінші Отаны болған Жалағашта тұрып қалады. Ол кісінің есімі құс салумен шыққан. Сол кездері орталық журналдардың мұқабасынан түспейтін бүркітші шал осы кісі болатын. Сегіз қырлы, жігіттің сұлтаны екен. Темірді топырақша илеуші еді дейді білетіндер.
Жасампаздық өнер Төлегенге әкесінен жұққан.
Төлеген Сыздықұлы жаңа тұрпаттағы сәулетшілер легінен. Осы Үркердей шағын топ Астананың ажарын адам танымастай өзгертті. Елорданың ертеңін атына сай елестету кеше тұрсын бүгін де өте қиын. Астана құрылысына әлемді шулатқан сәулетшілер келді. Қазақ сәулетшілері солардың ішіне сіңіп кеткен жоқ.
2005 жылдың желтоқсанында ел Президенті Н.Назарбаевтың және Астана қаласы әкімдігінің демеуімен өткен цирктің ашылу салтанаты өтті.
Оның сәулетшісі Төлеген Әбділда ағамыз еді. Ол ел ішінде «НЛО» деп аталған цирктің «ұшатын тәрелке» бейнесіндегі теңдессіз ғимаратын салды.
26 655 шаршы метрді алып жатқан кешенінің басты ғимараты – манеж алаңы. Классикалық диаметрдегі (13 метр) көрермендер залы екі мың адамға арналған. Астана циркі Орталық Азиядағы теңдесі жоқ цирк деп мойындалған. Оның өзге цирктерден ерекшелігі жетерлік. Соның бірі – манежді айнала қоршап тұратын кедергі шеңбер жылжымалы етіп жасалған. Керек кезінде оны 60 сантиметрге дейін көтеруге немесе бір бөлігін еденнің астына түсіріп жіберіп, жазық алаңқай жасауға болады. Тағы да бір ерекшелік – сахнаға шығар тұста жылжымалы саты бар. Сол арқылы да түрлі көріністер жасауға болады. Оны цирк тілінде форга дейді. Осы саты арқылы сахнада өнер көрсетіп болған әртістер бірден төмен түсіп кете алады. Бұл жаңа технология манежде өнер көрсетуді әлдеқайда жеделдете түседі. Мәселен, бұрын әуе акробаттарын секундына 3-4 метр жылдамдықпен көтеретін болса, енді 8-9 метр жылдамдықпен көтеретін қондырғылар орнатылды.
Цирк ғимаратына 113 орынға арналған 4 қабатты қонақүй блогы жалғасқан. Сонымен қатар, әкімшілік-шаруашылық блок та бар, мұнда цирк әкімшілігі, әртістердің киіну бөлмесі, жаттығу манежі, аңдарға арналған өжіре, шеберханалар және т.б. қосалқы шаруашылық жайлар бар. Мұнда люкстер, екі орынды номерлер, кафе, барлар бар. Әр нөмірде «жаз-қыс» ауаны салқындату жүйесі, тұрмыстық жайлылық бар. Мұның барлығы әртістерге сахнаға шығар алдында әбігерге түспеуіне мүмкіндік береді.
Алаң цирк өнерінің талаптарына сәйкес жасалған, акробаттардың ұшуына арналған құрылғылар, лазерлік шоу жабдықтары, мұзды алаңға айнала алатын тасымалдаушы манеж.
Тағы бір ерекшелігі өжірелер әдеттегідей жертөледе емес, екінші қабатта орналасқан.
Цирк ұжымы жоғары сыныпты нөмірлер, аттракциондар мен бағдарламалар дайындап, жарыққа шы­ғарды, мұнда барлық бағыттар қам­тылған: акробатика, гимнастика, клоунада, жабайы және үй жануарларын үйрету, тағы басқалары.
Жылына циркке елу мыңнан аса балалар мен ересектер келеді.
Цирк ұжымында үш жүздің үстінде адам жұмыс істейді. Шыныменен олар жұмыс істейді. Өйткені, цирк өнері талантпен бірге ащы терден тұрады. Мақұлықат тілін игеруге барады. Қазақстандық цирк өнері шеберлері манежге керік пен мүйізтұмсықты кіргізді. Ресейлік өнерпаздар ақ аюларымен, қытайлықтар айдаһарларымен, жапондар сакураларымен әлемді жаулап жатыр. Қазақ өнерпаздары болса «Байқоңыр» және «Сарыарқа» бағдарламаларын ұсынып отыр.
Қазақтың тұяқты тұлпары осылайша қанатты пыраққа айналып отыр.
Өмірдерек:
Төлеген Сыздықұлы 1948 жылы Алматы облысы,  Кеген ауданының Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының түлегі, сәулеткер.  ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Көптеген отандық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, оның ішінде «Сәулет Бомонд» конкурсында «Алтын шырақ» бас сыйлығын жеңіп алған.
Еліміздегі республикалық пионерлер сарайы, «SOS Киндердорф» балалар қалашығы, «Метро» сауда орталығы (Алматы), Үкімет үйі кешені (Астана), Мәшһүр Жүсіп мешіті (Кереку) және басқа да ірі-ірі кешенді құрылыстар осы кісінің жобасымен салынған.
Қазір «Алматыгидрогор» институтында бөлім бастығы болып істейді.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 759
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px