Төрт теңіздің жағасында – бір құрлық - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Төрт теңіздің
жағасында  – бір құрлық
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
(Поэтикалық фоторепортаж)
1. Күй елінен – теңіз еліне
Стамбұлға түнделетіп түсіп, Анкараға қарай ұштық. Анкара – Түркияның астанасы. Оның атақ-даңқы біздің жыл санауымызға дейінгі VIII ғасырда белгілі болған. Ұзақ уақыт бойы қырғын соғысты бастан кешкен қала. Біресе – селжүктерге, біресе – византиялықтарға, қолдан-қолға өтіп тұрған. 1919 жылы Кемал Ататүріктің ордасы осы қалада орналасқан. Түркия тәуелсіз ел болғаннан кейін жаһанға астана болып жарияланды. Осман империясы күйреп, монархиялық билік жойылғаннан соң  ұлт-азаттық қозғалысының жеңісінен кейін осы жерде тұңғыш рет  түрік ұлттық мемлекеті шаңырақ көтерді. Түрік нәсілінің басым көпшілігі осы жерде. Әлді, әулеттісі де,  дүние жүзінің алдында «мұрты көкке шаншылып, именбей сөйлей алатын» (Ақтамберді) тегеуріндісі де – осында отыр. «Мұнда қазір мені қосқанда 78 млн. 600 мыңдай қазақ тұрады!» деген түрік премьер-министрінің сөзі осы сәтте есіме түсіп, егіліп кете жаздадым...
Барған күні бізді «Түріксойдағы» бауырларымыз  құшақ жая қарсы алды. Бұл ұйым бүгінгі түркі дүниесі үшін Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ЮНЕСКО-ның баламасы  секілді, түрік тілдес ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен әдебиетін, өнері мен тарихи ескерткіштерін сақтап, бір-бірімен етене араласуына айтарлықтай үлес қосып отыр. “Түріксойдың” басында отырған Дүйсен Қасейінов өзіміздің жерлесіміз, аты-жөні  берісі алты Алаш, әрісі дүние жүзіне мәшһүр мемлекет, қоғам қайраткері.

Сол күні Анкарада Тәттімбетке арналған алаң салтанатпен ашылды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ж.Әбішевтің түрік тілінде айтқан ыстық лебізін естігенде түріктер дүрлігіп кетті... Тәттімбет оркестрінің домбырашылары тартқан Арқаның шертпе күйлері қалың көрерменнің көңілінен шығып, Анкараны Алаш рухы аспанға алып бара жатты! Тәттімбет оркестрінің Ескішехир шаһарындағы Қорқыт Ата концерт залындағы, Амасия университетіндегі, Болу қаласының Нежип Фазыл концерт залдарындағы өнеріне бауырлас түріктер тік тұрып қол соғып, қошемет білдірді.

Шыбын жан барда далаға жетейін,
Кеудемді ашып: «Пәкпін!» – деп.
Құдіретіңнен садаға кетейін,
Құрманғазы мен Тәттімбет!

Елестеп өтсін Құлагерің де
Алтынға тағалатқандай;
Қырық мың тұлпар кұба беліңде
Қиқулап бара жатқандай!

Парағын эпос – дастан ашсын да,
Паш етсін қазақтығыңды.
«Адай» күй ойнап аспан астында,
Іздесін азаттығыңды!

Темірлер кімді тебірентеді
Мінсе де қанша қаһарға?
Күй Елі!
Күйдің Мемлекеті!
Жалғызсың – күллі жаһанда!

Шыбын жан барда далаға жетейін
Кеудемді ашып: «Пәкпін!» – деп
Құдіретіңнен садаға кетейін,
Құрманғазы мен Тәттімбет!

2. “Түркияда – бір-ақ тіл...”
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде де қазақ-түрік достығының көкейкесті мәселелері сөз болды. Елшіміз Жансейіт Хансейітұлы да түрікше ағып тұр. Абай мен Мұқағали, Темірхан да түрікше сөйлепті... Елші күндердің күні менің де шығармаларымды тәржімалайтындығын айтты.
Қайда барсаң да алдыңнан түрік тілі шығады. Қай жағынан қарасаң да түріктердің кеудесі асқақ. Тірі жанға құл болмаған! Осман империясының үмбеті! Ағылшынша сөйлеп, абдырап жатқан түрікті көрмедім.

Түркияда – бір-ақ тіл –
Түрік тілі! Құдіретіне құлақ түр;
Тек мешітке кірген кезде, арабша
Алласынан елге сауға  сұрап тұр!

Осы жерде аңыз болған Оғыз жүр,
Үйірімен үш тоғыз-дүр.
Сырда туған Қорқыт Атаң осында,
Қорқыт деген лақап аты –
Қобыз – бұл!

Өмір  деген –
Өркениет тартысы.
Жырға толы, сырға толы әр тұсы.
Сөйлеп еді-ау, осы тілде бір кезде,
Мына тұрған жаһаныңның жартысы.

Жалт қаратып өр үніне ол бәрін,
Ұрымның* да жарып өткен қорғанын;
Қанша ғасыр тілінен бал тамызып,
Әлдиледі орыстың да орманын?

Патшалардың тәждерін де алтындап,
Рыцарлардың кездігінде жарқылдап;
Дальдің-дағы*  сөздігінде – саңқылдап!
... Анкарада, міне, менің алдымнан,
Анамдайын шыға келді аңқылдап...

Түрік тілін төрден көру – ғажап бір,
Азат жұртта  рух та – азат,  азат – тіл;
Түрік деген – төркін жұрты,
Алдына –
Қара салмай келе жатқан қазақ – Бұл.

*Ұрым – Рим.
*Владимир Даль. “Толковый словарь
живого великорусского языка”.

3.”Күллі Мешіт қосыла
азан шақырып...”
Амасия – түріктердің аңызға айналған қаласы! Бізді бұрын патша сарайы болған тарихи қонақ үйге түсірген. Б.з.д. 281-183 ж.ж. аралығында Понтий  патшалығының орталығы болған. Жаңа Рим де ақындар мен жазушы, ойшылдардың шаһары атанған. Селжүктер заманында ислам мәдениетінің алтын ошағы бола бастады.
Түркия таңертең мешіттің азанымен оянып, түнде сол азанмен ұйқыға кетеді. Мұндағы жұрттың бәрі өзінің Құдайдың ғана құлы екенін, басқа ешкімге тәуелді емес екенін жақсы біледі.
Қожатепе мешіті Анкараның тарихи орталығында тұр. Ішке кіріп,  Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. исламның  әулие-әмбиелеріне, аруақ-арыстарға құран бақшыладық. Бұл мешіттің құрылысы 20 жылдай жүрген екен (1967 жылы басталып, 1987 жылы тәмамдалған. Мешіттің көлемі 4288 шаршы метр аумақты алып жатыр.)
Стамбұлдағы Көк мешітке біз жеткенде түскі намаз уақыты екен. Елмен бірге сапта тұрып, сәждеге бас тигіздік. Бұл мешіттің тарихы тым тереңде жатыр. Осман империясының билігін  Ахмет сұлтан  қолға ұстаған кезде Түркия Аустрия-Иранмен  қоса соғысады. Содан жеңіліп, абыройынан айрылған! Сонда Ахмет сұлтан осы мешіттің іргесін көтеріп, Алладан медет, Пайғамбардан шапағат сұраған! Бұған дейін, қырық жылға тарта бұл елде жаңа мешіт салынбаған көрінеді...

Күллі Мешіт қосыла азан шақырып,
Күллі Түрік Алласына аһ ұрып;
Анкарада мен де тұрмын осы сәт
Асау жүрек   лүп-лүп етіп, – ат ұрып.

Біздей мұнда жүрген жан жоқ талтаңдап,
Бар түрікті азан үні арқандап:
Айдан келген астронавтар сықылды
Алла үніне  жүргіншісі аң-таң ғап.

Күллі Түрік  шерін соған шертіп бір,
Күллі Сайтан жын-жыбырын ертіп кіл –
Тұра қашып!
Мына жұрт та, о, Алла,
Фәни-Жалған “Фатихаға” елтіп тұр!

Неткен керім ару қыздар, иықты ұл,
Құдайына,
Құдай да оған иіп құр;
Тірі жанға иілмеген  түріктің,
Алтын басы  сәждеге кеп тиіп тұр!

Кінәрат жоқ оның көңіл күйінде еш,
Тәңіріне жүрек қалай сүйінбес?
... Сәждеге кеп тиген басы түріктің,
Енді, тәйтік пенделерге иілмес!
4. Қаралы хабар
Амасиядан Болу шаһарына бет алғанда «Орталықтан» Мағауия Сембай телефон шалды:
– Аман-саусың ба? – деген! Даусы – зілді.
– Аманшылық, не болып қалды?! Мазаң қашып тұр ғой?
– Анкарада бомба жарылды, сендер амансыңдар ма?
– Біз Анкарадан кетіп қалғанбыз...
– Жолшыбай хабарласып, жөніңді айтып отырсаңшы? Алаңдатпай... Сен жүрген жерде бомба жүретін болды ғой...
"Жылап отырып, күлесің" деген – осы... Менің алпыс жылдығымдағы Сәкен театрын­дағы дүрмек еске түсе кетті. Сонда да бомба  "жарылған-ды". Оның кім екенін де білеміз... Тек, жалғанға жария еткеніміз жоқ. Қандықол қайда жүрсе де қауіпті! Қарабет! Елге қарар беті жоқ. Алдыңнан жортып шығып, арқаңнан пышақ көздейді...
Біздің делегация бұл қаралы хабарды Болуға келгенде естіді. Бізді бастап жүрген түрік бауырлардың есі шығып кеткен. Анкараға шұғыл аттануға жиналып жатыр. Жандос Ақылсерікұлы біздің бәріміздің атымыздан қаза болғандарға көңіл айтып, қазақ пен түрік қайғыда да, қуанышта да бірге екендігін жеткізді. Анкараның орталығында болған көлік жарылысынан 37 адам қаза тауып, 120-дан астам адам жараланған. Соңғы бес айда Анкарада осымен төртінші жарылыс болып отыр.
Алматыдан Ғалым Жайлыбай  телефон шалып, өлең оқып жатыр:

Қарағандыда деп естідім күн жылы,
Бізді қайтсін біреулердің “інжілі”,
Анкарадан сау жетіпсің Арқаға –
Қара өлеңнің мойнындағы інжуі!

Сеніменен жаным бірге, бір кіндік,
Сапарыңа алаңдаған жұртыңды ұқ!
Көп ақынның арасында – Айбозым.
Төрт теңіздің жағасында – бір құрлық!

Самғап барып Сарыарқаның төсінен,
Жарылыста бастан не күй кешіп ең?...
Ұшар жерге, беу, Ақсұңқар, байқап ұш –
Ақтоғайдың –
Анкарадан несі кем,
Жаңаарқаның –
Стамбулдан несі кем?!

5. «Фархад-Шырын» аңызы

Болу шаһары – махаббат бесігіндей тербеліп тұр. Әйгілі "Фархад – Шырын" аңызы осы өлкеде туған! Олар Шығыстың ұлы шәйірлері Фирдауси, Низами, Науайилердің мәңгі өлмес туындыларына арқау болған.
Парсы патшасының көңілі кеткен армянның ару  қызы Шырынға түрік Фархад ғашық болады. Елде ішер су жоқ. Фархад Шырын ару үшін тауды тесіп, тасты бұзып, арық қазады. Содан су әлі ағып тұр! Мұнда төрткүл дүниедегі махаббат символы – Ләйлі-Мәжнүні мен Ромео-Джульеттаға дейін ескерткіш қойылған! Арасында біздің Қозы Көрпеш-Баян сұлу ғана жоқ...

6. “Ару Латын – әлі он сегіз жасында...”

Алдымызда – Стамбұл! Әрі қарай – Сары Арқа!
Түнгі Стамбұл қызылды-жасылды жарнамаларымен көзді арбап тұр. Бұлар Латын әліпбиімен озық елдерге ілесіп, өркениет өрін асып кеткенде біз кириллицамен мұнда... қалып қойған екенбіз... Әлі қанша отырамыз осы жерде? Оны бір Құдай біледі...
Ару Латын, –
Әлі он сегіз жасында.
Жақсы менен Жайсаң соның қасында.
Ғаламзатты қартайтты да ғашық қып,
Кербез Сұлу келді біздің ғасырға,
Адамзаттың бүгіні – сол – өткені,
Қысы, жазы, күзі де – сол – көктемі.
Ғомар*  дейтін ақын – ақын болғалы,
Латын дейтін –
Латын болған, өйткені.

Асқақ жыры – алтын Алаш һақында, –
Ару Латын тәнті мендей ақынға.
...Біреу жетсе айдарынан жел есіп,
Мен жетермін Қасиетті Латынға.
                         .  
(«Орталық Қазақстанның» арнайы
тапсырмасымен жазылды.)

Қарағанды – Астана – Анкара –
Ескишехир – Анкара – Амасия –
Болу – Стамбұл  – Астана – Қарағанды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 221
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px