Тұғыры – биік, ғұмыры –мәңгі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Тұғыры – биік, ғұмыры –мәңгі
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»

12 сәуір десе, тілімізге «тұңғыш» деген сөз ілігеді.  Тарқатып айтайық. Адамзат ол күні тұңғыш рет Ғарышты бағындырса, Алаш тұңғыш академигінің туған күнін ұлықтап, ұлағатты жиын жасайды. Содан келіп, Қаныш пен Ғарышты қатар айтудың өзінде тылсым үндестік бар-ау дейсің...

Жуырда облыстық «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Жамбыл атындағы №7 мамандандырылған мектеп-интернатының ұйымдастыруымен «Тұғыры биік тұлға» атты Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және тұңғыш президенті, дара тұлға Қаныш Имантайұлының ғылыми мұрасын насихаттауға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тұлғаның туғанына 117 жыл толуына және ғылымдағы ұйымдастырушылық таланты, Қазақстанда ғылыми мектептің негізін салушы ғалымның геология, тарих, әдебиет саласындағы энциклопедиялық білімін зерттеу мақсатында өткізілген тағылымы мол игі шара – талапты жасқа табалдырық іспетті құптарлық іс.
Сондай-ақ, мәнді мәслихат ағымдағы жыл – Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылғанына 70 жыл толып отырғандығын тақырыпқа өзек етіп алған.

Бастау
Осыдан тура бір ай бұрын аталмыш білім ордасының 8 «В» сынып оқушыларын бастап, жаратылыстану кафедрасының меңгерушісі Айжан Мәуленқызы  Қаныш әлемінің қойнауына терең үңіліп, шығармашылық зерттеу әрекетін жүзеге  асыру мақсатында тұлғаның туған топырағындағы Баянауыл мемориалдық мұражайында болып қайтады.
Экскурсия мүшелерін Баянауылдан қарсы алған аталмыш мұражайдың директоры Үміт Сапарбекқызы: «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпас» деген Қаныштың өз сөзін әңгімеге арқау ете отырып, аса бір ыждаһаттылықпен жас жеткіншектерді жылы қарсы алады. Сәйкесінше, осы конференцияға Қаныш атамыздың туған топырағынан, академиктің құнды жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтап, жылжымалы көрме әкеледі.

Орта шен
Ғылыми-тәжірибелік конференция 2 бағытта өткізілді. Бірі – ұлы тұлғаның жаратылыстану және геология саласындағы еңбектерін тану, зерделеу, ғалымның Орталық Қазақстанның металлогениялық картасын жасаудағы рөлін зерттеу болса, екіншісі – Қаныш Сәтбаевтың  ұлт мүддесі жолындағы ұлтжандылығы, асқақ рухы, биік мұраты, қазақ әдебиеті мен тарихындағы  орнын анықтау болды.
Конференцияның құрметті қонақтарының қатары тым талғампаз ретпен әр саладан қамтылған.  Төралқада Қаныш Имантайұлының үш атадан қосылатын туысы,  жиен келіні Күлтай Баязитова бастаған, облыстық білім басқармасының оқу бөлімі басшысы Қ.Оспанова мен тәрбие бөлімінің бас маманы К.Хасянова, облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ғылыми кеңесшісі С.Қонтаев, ҚарМУ «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Бейсенбекова, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты, тарих ғылымдарының магистрі Н.Смағұлов, ҚарМУ география кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты, доцент С.Талжанов, Қазақ география қоғамының президенті, география ғылымдарының кандидаты, доцент Қақпамбетова, ҚарМУ биология-география факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Г.Жанғожина мен деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Досмақов  сынды ғылым мен білімнің білікті мамандары отырды.
Конференцияның алғысөзі мектеп басшысы, ҚР оқу ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері  Қ.Илимбаевқа  берілді.
Ерекше айта кетер екі жайт, конференция жұмысы аясында оқушылардың  шығармашылық зерттеу әрекетін ғылыммен байланыстыра отырып дамыту мақсатында, бәсекеге қабілетті функционалдық сауаттылығы дамыған тұлға қалыптастыруда мамандандырылған мектеп-интернаттың арнайы келісім-шарты негізінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ география кафедрасының және  ҚарМУ «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми бөлімшелері ашылды.
Қорытынды
Конференцияда   ізденімпаздық пен ғылыми жаңалыққа деген құштарлық, зерттеушілік қабілет пен зеректік сынға түсіп, тарих, әдебиет секциясы бойынша қорғалған жұмыстардың нәтижесі бойынша 9 сынып оқушылары арасынан І орын Шахтинск қаласындағы №12 мектептің шәкірті Амина Шарабадинаға бұйырса, 10 сынып оқушылары арасынан І орын тұғырынан Балқаш қаласының М.Русаков атындағы №2 санаторлы мектеп-интернатының шәкірті Маржан Құрманбекова көрінді.  
Болашақта елге еңбегі сіңетін, ғылымда зор жаңалықтар ашатын, Қаныш атаның ізін басатын ғалымдар осы баспалдақ арқылы Алаш руханиятының айдынына ескек салары сөзсіз.
Конференция әсем ән мен көркем би салтанат құрған ғажайып кешпен өз мәресіне жетті.

 

 Пікірлер: 2
 Оқылған: 183
Барлық пікірлер: 2
Спам # 2
19.04.2016
Танымдық деңгейі жоғары конфеоенция болды.
Спам # 1
19.04.2016
Танымдық деңгейі жоғары ғылыми конференция болды.
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px