Тіл – татулықтың тамыры - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Тіл – татулықтың тамыры
Жуырда Абай ауданында Астана  күніне орай халықтар достығының бірлігін нығайту, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту және  мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау мақсатында этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – достық пен бейбітшілік кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
55 мыңнан астам халқы бар Аб­ай ауданында тағдыр-талайымен Қа­зақстаннан дәм бұйырған 15-тен астам этностың өкілі тұрады. Қуғын-сүргінге ұшырағандар құшағы ашық, көңілі кең қазақ халқын бауыр басып, ағайыным, қорғаным деп біледі. Бүгінгі күні ауданда «Хвалинка» украин, «Чинме» дұңған, «Су­дарушки» орыс, «Ляйсен» татар-башқұрт этно-мәдени бір­лес­тіктері, «Звонница», «Род­ники», «Руссалица» атты славян этно-мәдени бірлестіктері жұ­мыс істейді. Дөңгелек үстелге жиналғандар өздерінің ана тілдерін оқыту, мемлекеттік тілді үйрену және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелеріне баса назар аударып, тіл саясатының насихатталуына арналған ұсыныстарға пікір білдірді. Өзекті сұрақтар қойып, ой бөлісті.
– Бүгінгі таңда мемлекеттік тілге қатысты қазақстандық орыс­тардың психологиясы өзгерді. Осыдан он жыл бұрын қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс аса көп байқала қоймаса, қазір ол жағдай мүлдем өзгерген. Мемлекеттік тілді білу – бұл еліміздің әрбір азаматының міндеті, қазақстандық патриотизмнің алғышарты. Еліміздегі ұлты орыс азаматтар қазіргі таңда қазақтың тілін ғана емес, дәстүрі мен мәдениетін де білуге құштар, – деді «Родники» славян этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Софья Волощук.
«Қазақ тілі. Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бота Ноғаева мемлекеттік тілді оқыту барысы мен оны көпшілік жерде кеңінен қолдану мәселесін жиі көтеріп жүр. Маусым айының басында аудан әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының есебі тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілген болатын.  Мәселен, қазақ тілін оқыту, үйрету мәселесі қажетті деңгейде сараланып, аудандағы өзге ұлт өкілдеріне уәждемелік, уәждемелік емес тұрғыдан оқыту тапсырылды.  
– Мектепке дейінгі мекемелерге арналған мемлекеттік тілді үйрету бағдарламасы қатаң қадағаланса дұрыс болар еді. Себебі, тілді меңгеру балабашқадан басталады емес пе? Өзім қазақ тілін тұрмыстық деңгейде білемін. Уақыт болғанда білмейтін сөздерімді үйреніп жүремін. Қазақтың ақын-жазушыларының қанатты сөздерін қолданамын, – деді «Чинме» дұңған этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Арсу Мова.
Мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне қатысты баяндама жасаған Бота Ноғаева аудан бойынша өзге ұлт өкілдерінің 28 баласы қазақ мектептерінде, ал 1073 қазақ баласы орыс мектептерінде білім алып жүргенін атап өтті. Бүгінгі күні тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді оқытып келсе, ендігі кезекте ауданның өзге тұрғындарын оқыту үшін аудандық бюджет есебінен қосымша қаржыландыру қарастырылмақ. Қазіргі уақытта қарапайым азаматтарды оқытуға арналған құқықтық негіздемелердің жобалары дайындалуда.
– Ауданымызда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстары біршама атқарылып жатқандығын білеміз. Талай шаралар өткізіледі.  Жыл сайын бірлестіктер дәстүрлі түрде қазақ тілінде патриоттық әндерді шырқап, мемлекеттік тілдің мән-маңызы, оны үйрену жолдары туралы дөңгелек үстелдер, кездесу кештер, ұлттық құндылықтар негізінде оқыту курстарын өткізеді, – деді «Хвалинка» украин этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Сергеева.
Э.АХМЕТЖАНОВА,
аудандық ішкі саясат,
 мәдениет және тілдерді
дамыту
 бөлімінің бас маманы.

АБАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 758
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px