Жүлдегерлер - гүл қыздар - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жүлдегерлер - гүл қыздар
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Көктемнің көрікті мерекесі қарсаңында облыстық тілдерді дамыту орталығының қолдауы негізінде Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі  «Тіл білгірі – 2016» байқауын өткізген еді. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтауды мақсат тұтқан байқау қорытындысында қызғалдақтай құлпырған қыздар шоғыры жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Ілкімді іс-шарада Елбасы ұстанымымен үндес міндеттер – ел аумағында тіл саясатын жүзеге асыру, жастардың тілдерді меңгеруге ықыласы мен қызығушылығын ынталандыру, сонымен қатар, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу шарттары басымдық сипатқа ие болды.
Байқау ережесіне сәйкес, қазақ және ағылшын тілдерінде өзін-өзі таныстыру, «Тәуелсіз Қазақстан: жетістіктері мен болашағы» тақырыбы аясында қазақ тілінде өз ойын ортаға салу, яғни, ой-толғау, сондай-ақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген мәтінге ілеспе аударма жасау секілді кезеңдік сындар қатысушыларға айтарлықтай жауапкершілік жүктегені анық.
Бәсеке барысында үміткерлердің тілдерді меңгеру деңгейін, жалпы сауаттылығын, жауаптың оралымдылығы мен сапасын, олардың мазмұндылығы мен тартымдылығын академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ағылшын тілі және лингводидактика кафедрасының доценті Жаңбырбай Қағазбаев тізгінін ұстаған құзырлы қазылар алқасы сараптады. Ортақ мәміледе Қарағанды маңызды білім беру «Болашақ» колледжінің студенті Назерке Қызбала жүлделі ІІІ орынды еншілесе, аталған оқу орнының оқытушысы Сәлия Шойынбаева ІІ орын тұғырына тұрақтады. Байқауда Қарағанды көлік-технология колледжінің өкілдері таным-өрелерінің тереңдігін даусыз дәлелдеді. Колледж оқытушысы Гүлсара Мұқаштың І орынды иеленіп, оның әріптесі Махаббат Бекмағанбетованың бас жүлдені жеңіп алуы – соның айғағы.
Жеңімпаз бен жүлдегерлер тиістілігі бойынша дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бәсекеде сын тезіне түскендердің барлығына Алғыс хаттары берілді.
Байқауға қатысушы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Берік Қазкеннің өзінің өнердегі серіктесімен бірге қастерлі қара домбырадан күмбірлете күй төгуі іс-шараны рухани тұрғыда байыта түсті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 269
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px