Жұмыр жинақ - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жұмыр жинақ
Қаламгер, ақын Сағынтай Әбіш оқырмандарға поэзия мен прозасы аралас тағы бір дүниесін ұсынып отыр.
Автордың «Жаны жайсаң асылдар» атты кітабында жан-жақтылық байқалады. Ол өмірдің өзекті мәселелеріне көз тастайды. Суреттеуінде де соны көздейді. Толайымды толғаулармен бірге әзіл-шыны аралас келбеттер де көңіл көтереді, әуенді әсерге жетелейді. Оны «Қилы қызықтар» тарауынан байқауға болады. Жалпы, С.Әбіштің бұл жинағы тек келбет суреттеумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге, ол суреттемелерінде сонау соғыстың сұрапыл жылдарындағы боздақтар жайында еске алады. Әлі де арамызда жүрген танымал кәсіпкерлерді Сәкеңнің сәл мезгеуімен танимыз.
Еңбек адамдары қай уақытта болсын қаламгер назарында. Сол сияқты, Сәкең де еңбек адамдарының келбетіне бүтіндей бір бөлім арнаған. Олардың кәсібі де әрқилы. Мысалы, «Еңбегімен есейген» шығармасының кейіпкері қойшы, кейіннен заман ағымына орай кәсіпкерлікпен айналысып кеткен.
«Ауыл азаматы» деген туынды механизатор, бригада жетекшісі Орынбай Тілеухановқа арналған. «Жігер отында» шопан Жамсап Әлжановты суреттейді. Ауылда мұғалім, дәрігер, бала тәрбиешісі сияқты мамандар жетіспей жатқан кезде, сондай мамандықтарға дайындалған кадрлар орталықтан еліміздің шалғай ауылдарына жіберілетін. Мұндағы тағы бір ерекшелік, ол маман аттандырылған жерде екі жыл еңбек етуі тиіс. Сондай жолдамамен Ресейдің Курск қаласынан Жаңаарқаға, аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Рассвет (Қараағаш) кеңшарына келген педагог Галина қыз Панова. Тұрғындарының тілін білмейтін жат жер оған бейне бір адам аяғы баспаған мекендей көрінеді. Міндеті – қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беру. Тысқа шықпаған ауыл балалары орыс тілін мүлде білмейтін ол кезде. Сәкең осы бір кезеңді «Курскіден келген қыз» деп суреттейді. Жас маманның ішкі күйзелісін кім білгендей? Барлық жайға төзу керек. Жас қыздың басындағы ауыртпалық оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Сәкең сексеннің сеңгірінен асып барады, оны «Отырмын сексеніңнің белін басып» деген өлеңімен жеткізеді. Бірақ «жасым асып барады-ау» деп жорға қаламын тоқтатар емес. Жинағының соңғы, төртінші бөлімін «Қилы қызықтарға» арнаған. Онда әзіл-оспақтар, айла-шарғылар топтастырылған.
Жинақтың жарыққа шығуына қыздары – Ләззат пен Зәуре көмектескен. Ләззат әкесінің жинағына редакторлық жасап, Зәуре демеушілік еткен.

Қадыр ЖҰМЫШ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 424
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px