Жүрекке жылы тиді - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Жүрекке жылы тиді
Қызыл империяның қанды шеңгеліне іліккен әкесі – Иманғали         Жұмышев итжеккенге айдалғанда, Қадыр жөргекте жатқан тоғыз айлық бөбек еді. Он жыл жазықсыз айдауда болып, өмірдің зілмауыр қиыншылықтарын бастан кешіп, қайырымсыздыққа лағнет айтып, жадап-жүдеп әкесі елге оралғандағы, бала Қадырдың қуанғанын айтсаңызшы! Он жыл әкесіз өмір кешу қияметтің қиыны болды балаға. Бала Қадыр бұл уақытта аштықты да, жалаңаштықты да, кемсітушілікті де, мүсіркеушілікті де көрді. Бәріне төзді, шыдады. Көнбеске, шыдамасқа шара бар ма? «Басқа салса баспақшыл» дегендей, тіптен «халық жауының күшігі» деген қаңқу сөздерді де естіп жүрді. Қазақ мектебінде оқып жүргенде қорлаушылыққа шыдамай орыс мектебіне ауысып «із жасырған» кезі де болды.
Бала Қадыр ержетіп, есейген соң жұмысқа орналасты. Құрылысшы, шофер болды. Сырттай оқып, журналист мамандығын алды. Газет, радио, телевизия жанрларын меңгерді. Түрлі жанрға қалам сілтеді. Аударма да жасады. Еркін аудару дәрежесіне жетті. Еңбекпен түзеу колониясында қызмет етіп жүргенде, «Тәртіп ережелері», «Демікпе» және басқадай бірнеше аударма кітапшалары жарық көрді.
Таяуда тағы бір дүниесі баспадан шықты. «Азап пен азат» деректі повесть кітабы. Бұл тынымсыз еңбектің, үнемі тиянақты ізденудің арқасы еді. Осы жинаққа енген дүниелердің ішінде адамды терең толғандыратыны – тірі жүріп тозақ отынан өткендей, елге аман-есен оралған әкесі Иманғали қарияның естеліктері деп айтуға болады. Имекең өмірінің соңына дейін газет, радио, телевизияға түрлі жанрда мақалалар беріп жүрген. «Елгезек, ақкөңіл, ер көңілді азамат, үлкен-кішіге ізетті, құрметті еді», – дейді көзін көргендер.
Журналист Қадыр Жұмыштың «Азап пен азат» деректі повесть кітабында әкесі Иманғали ақсақалдың небір қиыншылықты бастан өткерген өмір жолы, Сібір жерінде тұтқын азабын тартқан сол кездегі «Сталиндік деспоттың», қазақ халқын қынадай қырған қызыл империяның зобалаңына тап болған кезі баяндалады. Сібір лагері шын мәнінде азап құрсауы болатын. Ит тұмсығы батпайтын ұшы-қиыры жоқ шетсіз-шексіз ну қарағайлы орман. Еңбек азабы адам төзгісіз. Сібірдің сақылдаған сары аязы, ішетін астары сұйық көже (баланда). Тұтқындардың көретін күні – таң сәріден қас қарайғанша ағаш кесу. Жазаланушылардың азапқа толы жылдары кітапта айқын суреттеліп, аянышты баяндалады.
Кітапта экологиялық тақырыпқа жазылған очерктерге де ерекше орын берілген. Автор «Құтты мекен Қараағаш», «Таулы орман қожасы», «Ежелгі Қарақамыс жерінде» деп аталатын очерктерінде еңбек адамдарының туған жерге деген сүйіспеншілігін келер ұрпаққа үлгі етеді.
Автордың әзіл-қалжың тақырыбындағы материалдары да бір сыдырғы тәуір шыққан. «Бәштай», «Өнегенің құдіретті күші» атты әңгімелері осыған дәлел. Кітапта халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында жазылған әңгімелер де баршылық. «Құрсақ тойы», «Кіндік шеше», «Ит көйлек», «Ашамайға отырғызу» деп аталатын этнографиялық әңгімелері көпшілік игілігіне ұсынылған жарасымды материалдар.
Қадыр Жұмыш қазақша, орысша да жазады. Аудармамен де шұғылданатын қарымды журналист. «Приследование», «Трагедия Каркаралинска», «Восстания Адая», «Палач» атты шығармаларымен жерлес қаламгерлердің «Бекайдар – батыр, би», «Бизнесмен –руководитель, поэт» деген дүниелерді орыс тілінде сөйлетуі – аударма еңбектерінің бірі ғана.
Жинақтағы «Дәнекер», «Бобби», «Аноре», «Өмірге құштарлық», «Қайырымдылық», «Тасбұлақтың қайта түлеуі», «Алтын алқалы ана» және басқа әңгімелері бір сыдырғы тәуір шыққан. Тәлім аларлық шығармалар. Автор шығармаларының басым бөлігінде табиғаттың, жаратылыстың тылсым күшіне де тағзым етеді. Кезінде жұрттың ыстық ықыласына бөленген шығармаларының дені бүгінде «Азап пен азат» атты кітабына топтастырылыпты. Жеңіл оқылады, жүрекке жылы тиеді. Әріптес еңбегін достық көңілмен қабылдап, жорға қаламы мұқалмай, жаңа дүниелерге жорғалай беруіне тілектеспіз.
Сағынтай ӘБІШ,
Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 182
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px