«Жұртымның жоғын қусам бір» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Жұртымның жоғын қусам бір»
Әрбір елдің даму тарихында бір кез кешегіні саралап, ертеңгіні бағамдайтын уақыт келеді. «Кешегісіз – бүгін жоқ» дейді халқымыз, өткеніңді еске алып, бар мен жоқты түгендегенде ғана келешекке батыл қадам жасауға болады.

Әр нәрсенің уақыты бар десек, міне сол күн де келіп жетті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемдегі ең көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, жүздеген жылдық тарихы бар кәрі құрлық Еуропа, Қытай, Америка сияқты атағынан ат үркетін елдердің өзі санасатын, пікіріне құлақ асатын Нұрсұлтан Әбішұлы туралы қандай да бір пікір айту қарапайым қаламгер үшін оңай дүние емес. Дегенмен патша көңіл ол кісіні өзімнің ең бір жақынымдай     жақсы көріп, біліп, танып жүрген аралас-құралас адамдай сезінеді. Философтар «Адамдағы ең бір құдіретті қасиет адамшылық және қандай да бір жағдайда адам болып қалу – үлкен ерлік» дейді екен. Ал жоғарыда айтқандай жерінің өзіне тоғыз Франция сыйып кететін алып елді басқарып отырған адамның бойындағы қарапайымдылық қасиеттер кімді де болса «Мен Назарбаевты жақсы білемін, Нұрсұлтан менің досым» деген шын жүректен шыққан ақжарылқап ойды еркін айтқызатыны ақиқат. Оның үстіне журналистік тапсырмаларды орындау барысында үш рет Нұрсұлтан Әбішұлын жақыннан көріп тілдесіп суретке түсудің және кейінірек ол кісінің достарымен әңгімелесудің сәті түсті.
1990 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы сәуір айының аяғында Алматы қаласындағы Үкімет үйінде өткен еді. Бұл желтоқсан оқиғасынан кейін қазақтың рухы көтеріліп, еркіндік, егемендік туралы  емен жарқын, ашық әңгімелер айтыла бастаған кез. Демократия белең алып жергіліктіден бастап Жоғарғы Кеңеске дейін депутаттардың баламалы түрде сайлануы іске асқан-ды. Тұңғыш рет жұртшылық өзінің ой-пікірін ашық айтып, халықтың сөзін сөйлейтін адамдарға дауыс беріп, бостандық деген тәтті ұғымның дәмін татып үлгерді. Демократия ұшқыны журналистердің де қолын ұзартты, республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясына әр облыстық газеттен бір-бір тілші қатысатын болып, сол бақытқа «Жезқазған туы» газетінің бөлім бастығы болып жүрген осы жолдардың авторы ие болған еді. Мәртебелі бұл жиын екі күнге созылды, барлық материалдарды телефонмен редакцияға жеткізіп тұрдық. Осы сессияның ең тарихи маңызы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР-ның Президенті болып сайланды, ант қабылдау рәсімі өтті. Сессия соңында әр облыстан сайланған депутаттар еліміздің тұңғыш Президентімен естелік суретке түсті. Сонда мен ұялып шеттеп тұрған едім, Филаретова деген кісі кен металлургия комбинатының директорын баламалы сайлауда жеңіп шығып, көпшіліктің қолдауымен Жоғарғы Кеңеске депутат болған аса бір батыл мұғалім әйел еді. Сол кісі «тұңғыш Президентпен суретке түсейік» деп ертіп барып бір шетіне тұра бергенімде Нұрсұлтан Әбішұлы маған қарап «бері қарай тұрыңыз» деп мені өзінің дәл алдына тұрғызып қойды. Мен одан әрі ыңғайсызданып, бір саты төмен түсіп тұрдым, міне, сол сурет біздің отбасылық альбомымыздағы ең қадірлі ескерткіш ретінде сақталып келеді.
Кейінгі жылдары Елбасымыздың Қазақстан шойынының 40 жылдығы, Магнитканың 50 жылдығы мерейтойларына Теміртауға арнайы келіп, өзі 19 жыл еңбек еткен, темірдің от жалынында шыңдалып шираған, үлкен өмірге, әлемдік саясатқа қадам басқан қалада болған кездерін де газетке жаздық. Сондай бір есте қаларлық салтанат 2008 жылы өткен еді, оған Президенттің көптеген достары келді жан-жақтан. Журналистік тапсырмамен солардың біразымен әңгімелестік. Сонда бәрінің де айтатыны осындай үлкен қызмет атқарып жүрген әлемдік деңгейде танылған басшының адамгершілігі, достарын ұмытпайтындығы және қарапайымдылығы.
– Біз 1958 жылы Магниткаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген он сегіздегі өрімдей жастар едік, металлург мамандығын игеруге Днепродзержинск қаласына жол түсті. Сонда біздің тобымызды Н.Назарбаев басқарды, староста бола жүріп әрқайсымызға ағамыздай қамқор жанашыр болды. Біз досымызға бүкіл тұрмыс-тіршілігіміздің жай-күйін сеніп алғанымыз сондай, оқуды бітіріп Қарағандыға келгенде де Теміртауға жеткізген, орналастырған, ақшамыз таусылғанда 50 сомнан жалақы жаздырып беруге дейін жүгірген осы Сұлтан, – деп еске алады олар.
– Бір топта оқыған достар әр бес жыл сайын кездесуді дәстүрге айналдырған едік. Бірде сондай кездесуге Шымкенттің алыстау ауылында тұратын Рахымжан Мырзахметов келе алмай қалды. Сонда Нұрекең: «Рахымжанның жағдайын біл, хабарлас, келесі кездесуге міндетті түрде келуіне жәрдемдес» деп тапсырды. Әрине, мен бұл тапсырманы мүлтіксіз орындадым. Сонда шіркін, Нұрсұлтанның досқа деген көңілі қандай кіршіксіз, адам баласының бәрі бірін-бірі осылай іздеп, қамқорлық жасаса деп терең ойландым дейді курстас достардың бірі – Алтай Сәлімов.
– Ана бір жылдары Сарыағашта тасқын болып су алып кеткенде ауданды тікұшақпен аралап, өз көзімен көріп елді тыныштандырып, көмектесіп, соңынан үлкен жиын болғанда қатар тұрып әңгімелескен едік. «Мен, әйтеуір, халқымның мына көршілердегідей күнкөріс іздеп қаңғып кетпегеніне қуанамын, барлық қиыншылық артта қалды, алда тек жақсы күндер, ал табиғаттың қазіргідей қытымыр мінезіне көп болып қарсы тұра аламыз», – деп жұбатты Елбасы жұртты деп еске алады тағы бір досы П.Спаев.
«Менің тағдырым Теміртаудың тағдырымен, оның адамдарының өмірімен ұштас» деп Елбасы өзі айтқандай үзеңгілестерінің қай-қайсымен сөйлессек те бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайымдылығын, достарын ешқашан ұмытпайтынын тілге тиек етеді. Институтта бірге оқып, кейін комбинатта қатар еңбек еткен әріптесі Виктор Никонов деген ардагер металлургтің туған күнін құттықтап барған едік. Сонда ол кісі: «Бір таң қалатыным Нұрсұлтан кездескен сайын біздің зайыбымыздың, балалардың аттарын атап, хал-жағдайын сұрайды. Әзілдеп көңілімізді көтереді, «сендер қартайып қалдыңдар ма, мен әлі жұмыс істеймін, кәне, сендер де еріңдер соңымнан» деп шабыттандырады, мен сондайда кәдімгідей елжіреп, шіркін, осындай адамнан айналып кетсек болмас па деп сүйсінемін» деген еді шын жүректен толқып тұрып.  Ал Днепродзержинскдегі топта бірге оқыған Марат Ақматаев деген азамат: «Сондағы 60 қазақтың ішінде бір қырғыздың болуы Нұрсұлтанның ықпалы, біздің әкелеріміз Алатаудың етегінде қатар қоныстанған, Әбіш ақсақал жылқы, ал менің әкем қой баққан екен. Менің Нұрсұлтаннан сәл үлкендігім бар, бір итжейдені бұрын тоздырдым. Бірақ, ол кісі ылғи үлкен адамдай көш бастап, маңайын алға жетелеп жүреді ғой, мен де оның айтуымен алдымен Теміртауға, кейін Украинаға барып металлургияны игердім. Ол жылдар менің өміріме үлкен сабақ болды, қазір туған жерімде еңбек етемін. Өзім қырғыз болсам да Нұрсұлтан досымды құрметтегендіктен бала-шағамызбен Қазақстанға қызмет жасаудамыз» деп еске алады.
Селеулі қырлар жусанды,
Көшімді көріп бусанды.
Құдайым қуат берсе екен,
Жұртымның жоғын қусам бір, – деп жазған екен сегіз қырлы, бір сырлы Елбасы «Астана бүгін шуақты» деген жырында. Бұл тек өлең ғана емес бұл оның асқақ арманы, асыл мұраты. Елі үшін жаратылған, бүкіл ғұмырын халыққа қызмет етуге арнап келе жатқан Ұлт Көшбасшысы әр қазақтың жүрегінен орын алған ұлы тұлға. Өйткені, ол халықтың сүйіктісі, жалпақ жұртқа жаққан азамат.
Ойланарым, елге берген антым бар,
Сол үшін де шыбын жаным шарқ ұрар.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың жан жүрегін жарып шыққан осы шуақты жыры оның бүкіл адами сипатының, болмысының ақиқаты.
Серікгүл Алтайбаева,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
ТЕМІРТАУ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 773
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px