Жақсылық жанды жадыратады - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жақсылық жанды жадыратады
«Адамның алғысын алған пенде Алланың разылығына бөленеді». Қарағандылық Нияз Сүндетәлиев 5 жарым миллион теңгені науқас балалардың қорына аударды.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»  
Естеріңізге сала кетейік, 22 жасында биіктен құлаған Нияздың жұлынына зақым келген болатын. Мойын омыртқасы сынып, мүлдем қимылсыз жатып қалған еді. Бұған дейін қазақстандық нейрохирургтер бұл дерттің алдында дәрменсіз екенін білдірген соң, тек израильдік дәрігерлер жігітке үміт отын сыйлап, емдеуге болады деген сыңай танытқан. Екі жыл бойы көптеген қазақстандық азамат Нияздың атына ашылған қорға ақша аударып, шетелде емделуіне мүмкіндік жасады. Ол әзірше ем қабылдамайтын болғандықтан,  жиналған қаражатты жақында Аружан Саиннің «Қайырымдылық қорына» аударды.
Қазіргі таңда Нияздың денсаулығы біршама жақсарған. Өз еркімен отырып, қалам ұстай алады.
– Елімізде шетел тарапынан шұғыл отаны қажет ететін бүлдіршіндердің саны көп. Менің жеке жинақ қорымдағы қаражат шұғыл отаны қажет ететін балаларға жұмсалады. Екі жыл бойы елдің мен үшін жинаған ақшасын сақтап отыруды жөн көрмедім. Ал, өзім массаж терапиясы арқылы ем қабылдаудамын. Әзірге әлем ауруханаларында менің сырқатыма қатысты ем-дом жасау түрі жоқ болғандықтан,  мені қабылдай алмай отыр. Ал, денсаулығымның біршама жақсаруы – көп еңбек пен жүрегі мейірімге толы жандардың арқасы, – дейді Нияз.
Жақында әлеуметтік желі «MedIndia» компаниясының басшысы Анна Вербинаның Ниязды Үндістан еліндегі тегін емделу курсына шақырғаны туралы ақпарат таратты.
– Бүгінгі күн мен үшін таңқаларлық жаңалыққа толы. Нияз Сүндетәлиев өз еміне жиналған бар қаражатын науқас балаларға аударып берді. Біз «MedIndia» емханасының ықпалымен Ниязды Үндістандағы «Фортис» емханасында 30 күндік тегін емделуден өтуге шақырамыз. Тек келісім берсе болғаны, барлық шығынды өтейміз. Біздің дәрігерлер оған барынша көмектесуге әзір. Нияз – ғажайып адам, оның сауығып кететіне сенемін, – деп жазады ол «Facebook»-тегі жеке парақшасында.        
Қарағанды қаласының жас тұрғыны Нияз Сүндетәлиевтің ендігі бар үміті Оңтүстік Корея елінің дәрігерлерінде. Олардың айтуынша, Ниязға операция жасау үшін ұзақ физикалық дайындық қажет. Оның күні-түні қасында отырып, демеу көрсететін жанашыр достары Нияздың мүгедек арбасында отырса да, өз еркімен далаға шыққанын қалайды.
Жүзінен иман нұры төгіліп тұратын Нияздың сауығып кетіп, өзі жоспарлаған армандарының орындалуына біз де тілекшіміз. Жақсылық жерде қалмайды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 422
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px