Жан жадыратқан жарқын кездесу - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Жан жадыратқан жарқын кездесу
Жол түсіп, Наурыз мейрамында осыдан қырық жыл бұрын еңбек жолын бастаған Қарағандыға бардым. Көзкөрген замандастар, дос-жаран, әріптестер құшақ жая қарсы алды. Қасымда жасы кіші әріптесім, кезінде өзім қызмет атқарған ҚР ҰҒА Химия-металлургия институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Манат Толымбеков бар, той мәрісімі өтіп жатқан Орталық алаңға беттедік.
Алаң деп отырғаным, шаһардың басты көшесі – Бұқар жырау даңғылының бойында қырықтан астам киіз үй тігіліпті. Таңмен таласа тұрып, тойға ағылған қала халқы мен қонақтардың қарасы қалың екен. Арқаның көктемгі салқын лебі бар демесең, аспан шайдай ашық болды. Көк күмбезін нұрландырып, әз Наурыздың жаңа күні айнала төңірекке шуағын төге бастады. Күн шуағына қауышуға асыққан, табысуға асыққан жылы жүрек жамиғаттың көңіл шуағы астасып, көптен бері көрмеген ағайындарға сағынышты сәлемін жеткізуге іңкәр екені күлімдеген жүздерінен, жәудіреген көздерінен анық байқалады. Сол ерсілі-қарсылы ағылысқан тойшыл қауым нөпірінің бел ортасында біз де бармыз.
Күмбірлеген күй, әуелеген ән, мың бұралған би көктемнің керім мерекесінің сәнін кіргізгендей. Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде ұланасыр тойдың мәнін де тереңірек ұққандаймыз. Әуелде оны салт-дәстүріміздің байқауы ретінде қабылдаған біз, бүгінде оның асыл мұраты – қарға тамырлы қазақтың қауышу, қапыда ренжісіп қалған ағайынның табысу, бір-бірінің әттеген-ай ағаттығын кешіру, қол жеткен жарқын жетістік жемісін бөлісу, алдағы күндерге үкілі үміт жалғау, керім де кемел келешекке риясыз сену екенін кәміл діттегендейміз.
Ұзыннан ұзақ сап түзеген ақшаңқан үйлердің әрқайсысы «мен мұндалап» шақырып тұрғандай. Патша көңіліміз қанша кең болса да, бәріне кіріп шығу мүмкін емес. Әуелде бет түзеген, моншақтай тізілген киіз үйлердің ортасында інжу-маржандай айрықша жарқырап тұрған ақ ала ордаға ендік. Ертеде сегіз қанатты, дәулетті бай үйлері осылай аталған. Самаладай жарық, іші кең, аумағы үлкен, ақшаңқан ордалы шаңырақ өте бай әрі әсем жиһазды ою-өрнектермен безендіріліп, әшекейленген. Сәлем беріп, мерейлі мерекемен құттықтап кіріп келгенімізде, наурыз көжені ортаға алған, даладай дастарқан көзге бірден түсті, құрақ ұшқан күтушілер бізді қуана қарсы алып, төрге оздырды. ҚарМТУ ректоры, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі Арстан Ғазалиевпен ата дәстүріміз бойынша төс түйістіріп қауыштық. Реті келіп тұрған соң айта кеткен жөн болар, баяғы студенттік  жылдарымыз­да менен төрт жас үлкендігі бар осы Арекеңнен Лениндік стипендияны кезегім келіп, мен алып едім.
Оң қанатта Ресей Ғылым академиясының өкілі – Гегам Ванян, ұлттық киімдері қара торы жүздеріне жарасқан ақсақал жасындағы профессор-оқытушылар құрамы, одан беріде кейінгі толқын інілер, сол қанатта – мемлекеттік қызмет ардагері, берісі аймақ, әрісі республикаға танымал Қасымбек Медиев бастаған облыстың білім мен ғылым, мәдениет пен өнер өкілдері жайғасыпты. Сол келген қадірменді қонақтар айтып отырды, әлгіде осының алдында киіз үй жанында тігілген далалық әскери палаткада мейраммен құттықтап бас сұққан қалың көпшілікке дәм беріліпті.
Ендігісі, ақ ала ордада алыстан келген мәскеулік мейман бастап, біз қоштап, ізгі тілектер жолдадық. Университеттің көркем­өнерпаздары мен үрмелі аспаптар оркестрі тартымды концерт қойып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ТҮРКСОЙ-дың «Ұлы Түрік қыраны» медалінің иегері Сәбит Бексейіт «Нау ырысты, нәр уызды Ұлы күн» өлеңін шабыттана оқып, жиылған қауымның көңілін көтерді.
Тойшыл қауымды құттықтай келген облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков тау-кен факультетінің ардагерлерімен қосылып кеншілер туралы халық әнін шырқады. Өзінің төл мамандығы кенші болғандықтан, ескі әннің бір сөзін де шатастырмай, мүдірмей айтқанына қосылып ән айтқандар да, құлақ қоя тыңдаған көпшілік те риза болысты.
Мерекелік дастарқан басында қол жеткізілген жарқын жетістіктер де орынды айтылды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің білім ордасы – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде жүзеге асырылып жатқан игілікті істер туралы мен бұрыннан құлағдар едім. Осы жолы да тың істердің тыңғылықты атқарылып жатқанына куә болдым. Авторларын таныстырып жатудың керегі жоқ шығар, А.Ғазалиев, Т.Сүлейменов, М.Әбенов, П.Кропачев бірлесіп жазған «Серпін – 2050» бағдарламасы: тәжірибе және дамудың келешегі» монографиясы баспа жүзін көруге дайын болыпты. Монографияда ҚР жоғары оқу орындарында, сонымен қатар, ҚарМТУ-да «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасының іске асу тәжірибесі мазмұндалған. ҚарМТУ-дың инновациялық ортадағы рөлі инженерлерге жаңа бағытта кәсіби тәрбие беру, жоғары оқу орнында студенттердің білім алуының психологиялық қалыптасу әдістері мен тәсілдері, болашақ мамандарды дайындауда қазіргі педагогикалық және тәрбие беру технологияларындағы жаңалықтарды қолдану қарастырылған. Сондай-ақ, ҚарМТУ-дың тәрбие беру саясатының тұжырымдамасы «Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» инновациялық үлгісі негізіндегі «Мәңгілік Ел» және Жалпыға Ортақ Еңбек құндылықтарына негізделе көрсетілген.
Маған айрықша әсер еткені мынау болды. Наурыз айының басында білім ордасында Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға!» республикалық онлайн-форумы өтіпті.
«...Тамыздың аптап ыстығы. Хиросима алаңында үш мың адам Қазақстанан келген антиядролық қозғалыс делегациясының сөзін тыңдап тұрған. Екі қолы жоқ жас жігіт микрофонға таяп келіп:
– «Невада – Семей» қозғалысының нышаны – жоғары көтерілген ашық алақан: бес құрылық – бес ядролық полигон. Мен оны қайталай алмаймын. Мен үшін сіздердің солай етулеріңізді өтінемін.
Адамдар бірыңғай ұмтылыспен ашық алақандарын көтерді. Бұл соншалықты әсерлі сәт болды» – депті ақиық ақын, қоғам қайраткері, «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов.
Заманымыздың заңғар суреткері, аузы дуалы елағасы Олжас Омарұлының әсерлі де бейнелі сөзін аяқтауы мұң екен, ҚарМТУ ректоры, академик Арстан Ғазалиев: «Біз мұны қазір қайталай аламыз!» – деп саңқ ете қалады. Студенттер мен оқытушылар, 1700-ден астам адам, дүр көтеріліп, Кәріпбек Күйіковпен ынтымақтастық белгісі ретінде алақандарын жаяды. Осы ишаратты форумға бейнебайланыс бойынша қатысып отырған еліміздің 17 жоғары оқу орнының мыңдаған студенттері – ұзын қарасы 10 мың адам іліп әкетеді!
Семей полигонымен көршілес, бұрынғы Егіндібұлақ ауданында екі бірдей қолсыз туған, ядролық сынақтардың құрбаны, аузына қылқалам тістеп алып, сурет салатын суретші Кәріпбек Күйіков бүгінде Қарағандыда тұрады екен. Наурыз мейрамымен құттықтап сол бауырымыз келді. Жиналған жұрт жан-жағынан жамырасып қарсы алды. Иә, мейрамдардың төресі – науша Наурыз – қауышу мен табысудың, ізгі ниет пен кешірімнің, үкілі үміт пен нық сенімнің мерекесі. Сонымен бірге, ізет пен ілтипаттың, мейірімділік пен қайырымдылықтың, дархан көңіл мен жомарт пейілдің мейрамы. Жиналған қауым соны ескеріп, кезекті бір суретін салуға қолғабыс болсын деп, іле-шала қомақты қаламақы көлеміндегі қаражат жинап берді.
Өзім кезінде он жеті жыл жұмыс істеген Қарағандыдағы Ұлыстың ұлы күнінен, сол күнгі жарасымды жүздесулерден, келісті кездесулерден тамаша әсер алып қайттым. Сағынысып көріскен, қауышып сәлемдескен, жамырасып табысқан жарқын жүздесулер жанымды жадыратты...
Әбдірәсіл ЖӘРМЕНОВ,
«Қазақстан Республикасы минералдық  шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі  ұлттық орталығы» РМК Бас директоры,  техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 189
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px