Жасампаздық өрнегі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Жасампаздық өрнегі
Жуырда Абай аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараларға бастау беретін «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты форум болып өтті. Іс-шара еліміздің Тәуелсіздік кезеңінде қол жеткізген жетістіктерін дәріптеу, ұлттар арасындағы достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Шайдаров, барлық ауылдық округтердің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, ардагерлер және жастар қауымы қатысты. Форум Тәуелсіздіктің 25 жетістігін паш ететін флешмобпен басталды. Одан кейін Тәуелсіздіктің төл құрдастары жарқын болашаққа деген көзқарастарын үш тілде білдірді.
– Бүгін біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараларға бастау беріп отырмыз. Халқымыз ширек ғасыр бойы Тәуелсіз Отанында бейбіт өмір сүруде. Осынау ізгі ниетті бастау баршамызға маңызды міндеттерді іске асыру мақсатында бірігіп жұмыс атқаруға бағыт береді. Бұл мереке Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленіп отыр, – деді аудан басшысы Серік Жаманқұлұлы өзінің жұртшылыққа арнаған құттықтау сөзінде.
Келісті кештің бір ерекшелігі – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ерекше сипаттағы сый-құрмет көрсетілуінде болды. Дәлірек айтсақ, көлемі 25 шаршыметрді құрайтын ақ киізге түсірілген Қазақстан картасы тұрғындар назарына ұсынылды. Онда елдегі 14 облыстың шекарасы алтын жіппен әдемі әдіптеліп, көмкерілген.
Сол сияқты Абай ауданында да он төрт ауылдық округ бар. Бұл округтердің барлығында айтулы күнге орай, тартымды мерекелік шаралар өткізілетін болады. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында әр ауылдық округ шартты түрде бір облыстың атынан киіз үй тігіп, халыққа мемлекеттің ішкі әкімшілік бөлініс құрылымын тағылымды тұрпатта көрсетеді деп жоспарлануда. Соған орай, форум барысында карта бейнеленген киіз бен арнайы мүсіншені әкімнің қолынан Южный кентінің өкілдері салтанатты түрде алды. Одан кейінгі эстафета тізбегі Топар кентіне берілетін болады.
Мәдениет үйінің әншілері мен бишілері өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етіп, мерейтой күніне дейін қалған күнтізбелік күндер есебін ұтымды бейнелей білді.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 249
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px