Жыр төгілді, нұр құйылды - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жыр төгілді,  нұр құйылды
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

Шахтерлер қаласында қасиетті поэзия жөнінде әңгіме қозғау артық сияқты. Бір қарағанда осынау қабыспайтын ұғымдар нақ қара өлең арқылы бір-бірін тауып отыр. Кешегі шахтерлердің ұрпағы үлкен оқырманға айналған. Бүгінде сол оқырман үлкен сахнадан жыр төгуге дайын. Сол қалың толқынның басында елдің көзайымына айналған сыршыл ақын Абзал Бөкен де тұр.

Бір жақсы өлеңін асырау үшін Қасым ақын тоқсан тоғыз «жаман» өлең жазған. Абзал Бөкеннің де бұған дейін жазған жырлары мен шығарған кітаптары жаңа жинағы «Тәж» кітабына дайындық сияқты болып көрінеді. Шынымен, бұл – оқырманының ақыннан көптен күткен шығармасы еді.
Ханзада баласының мұрақ, патшазада баласының тәж киетінін ескерсек кітаптың атауында поэтикалық астар жатыр. Ақын «Тәжді» жазды, оқырманы сол «Тәжді» сіңіре ала ма?
Ақындардың ауылдан шығатыны белгілі. Оларды кемінде өлеңші, кемінде шәйір, кемінде сүлей деп әспеттейді.  Тұқыртса бәдік дейді. Ақын деп айта қоймайды. Оған әркімнің таласы болғанымен, әркім-біркімнің ақын қалыбына сия қоймайтыны тағы анық. Сондықтан да, әлгіндей өлеңші, бәдіктеріміз ауылдан астанамызға аттанып жатады, ақын болып оралатыны некен-саяқ.
Абзал ағамыз сондай үмітпен Алматыға аттанған.
Сол Абзал ақын Алматыда «көптің» ішіне сіңіп, жоғалып кеткен жоқ. Алматының сорай үйлеріндей көзге түсе берді. Дөптей түсуге бір нәрсе жетпей тұрған. Сол жетпей тұрғанымыз «Тәж» екен.
Оны «Болашақ» колледжінде өткен ақынның тұсаукесері көрсетті. Ақынды ақыннан артық кім тергей алсын. Ілияс ақын Мұқай сықпа құрттың дәмін алғызғандай тәп-тәуір баяндама жасады. «Тәждің» тұсаукесерін қасиетті поэзияның жоқтаушысы болып жүрген Аманкелді Туғанбаев ағамыз бен жалынды насихатшысы болып жүрген Сағат Батырханова қарындасымыз кесті. Сонан кейін кетсін жыр төгіліп. Алдымен «болашақтықтар» оқыды. Соңынан ақынға да кезек тиген.
...Уақыт шалғы екен,
Шапса шарт кетем.
Өлім алда екен,
Өмір артта екен.
Қақты есемнен
қарттық, қарағым.
Келдім десем мен,
Кетіп барамын...
Осы жерге келгенде сырт ете түскен дыбысты естігендей болдық. Қолқамыз үзіліп кетердей әсерде болдық. Бұл айтып жүрген философиямыз емес, бұл Көктің өзінен түскен пәлсапа еді.
Пайғамбарларымызға түскен киелі Кітаптарды күтпесек те, әйтеуір бір нәрсе күткенбіз Ақыннан. Сөйтсек онымыз Пәлсапа екен.
Бұл жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ. Дегенмен, жалғастық бар. Патшалар кеткенмен тәждері қалған. Абзал ақын да бір күні өтер. Бірақ оны ұмыттырмас «Тәжі» қалмақ.
Соны Ақындардың өздері айтты.
Ақын-жазушылар, ғалымдар Сүйіндік Жанысбай, Сәбит Бексейіт, Төкен Әлжантегі, Ерсін Мұсабек, Жандос Смағұл, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Салтанат Смағұлова және басқалары осылайша ағынан жарылды. Осының алдында ғана Ерсіннің Абзал көкесінің «Тәжі» туралы салиқалы пікірі газетімізде басылған.
Жезтаңдай әншілеріміз Гүлдана Мақшонова мен Дәуренбек Әркенов осынау кешті қайталанбас дауыстарымен үкілей түсті.
Кеш тарағанмен біз тарай алмай тұрмыз. Жалтақтап артымызға қараймыз. Алдыға қарауға тайсақтайтын сияқтымыз.
Уақыт шіркін бізді алдыға итермелейді. «Тәж» шіркін бізді алдыға сүйрелейтін сынды... Біз кетіп бара жатырмыз. Өмірден.
Біреудің артында «Тәжі» қалып барады. Бізден де бір нәрсе қалар ма екен?!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 348
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px