Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

АЛИМЕНТ БОЙЫНША БЕРЕШЕК МӨЛШЕРІН БЕЛГІЛЕУ

«Сұлушаш» бетін сүйіп оқимын. Өмір болған соң бәрі болады ғой. Алиментті өндіріп алу жөнінде ақпарат берсеңіздер.
Г. Жолдыбаева.
Жезқазған қаласы.

Неке (ерлі зайыптылық) және отбасы туралы кодексіне сәйкес алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не нотариатта куәландырылған алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де кірістерден қатарынан үш ай бойы өндiрiп алу мүмкiн болмаған жағдайда борышкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлкінен басқа мүлкiнен өндiрiп алынады. Атқару құжатының негізінде немесе нотариатта куәландырылған келісімнің негізінде алимент ұстап қалу алиментті төлеуге міндетті адамның іздестірілуіне байланысты жүргізілмеген жағдайларда, белгіленген мерзімге қарамастан және күтіп-бағуға алимент тағайындалған адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алимент бүкіл кезең үшін өндіріп алынады.
Кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
 Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар үшін, егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемеген болса, алимент бойынша берешек бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айқындалады.
Сот орындаушысының алимент бойынша берешекті айқындауымен келіспеген кезде кез келген тарап Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сот орындаушысының іс-әрекетіне шағым жасай алады.
Баланың алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-анасын іздестіру кезеңінде төленген, балаға Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасында белгіленген ай сайынғы жәрдемақы сомалары төленген сомалардың он пайызын бюджет кірісіне есептеу арқылы сол ата-аналардан өндіріп алынады. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату немесе тараптардың келісімі бойынша алимент төлеген кезде осы берешекті азайту, кәмелетке толмаған балаларға алимент төлейтін жағдайларды қоспағанда, тараптардың өзара келісімі бойынша жүргізілуі мүмкін.
Алимент төлеуге міндетті адамның талап-арызы бойынша сот, егер алимент осы адамның науқастануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептер бойынша төленбегенін және оның материалдық және отбасылық жағдайы алимент бойынша пайда болған берешекті өтеуге мүмкіндік бермейтінін анықтаса, оны алимент бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуға құқылы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 139-бабына сәйкес ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Д.НҰРТАЗИНА,
Қарағанды облысының Әділет департаменті Қазыбек би атындағы сот орындаушылар аумақтық бөлімінің
сот орындаушысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 672
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px