Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 16.06.2019

Бетіңді бүркемеші, бойжеткен!
Үкілі  кәмшат, бүрмелі  көйлек,
Тұрғандай  өзі, қимылсыз  билеп.
Иықтан  шашың  төгіліп  жерге,
Күмісті  шашбау  жарасып  белге, – демекші, бүгінгі  дүниеге  келген  кішкентай  қыз – ертеңгі  сүйкімді  бойжеткен, болашақ  ана, сабырлы да салиқалы  әже... Қыз  Жібектей  бұрымы  ұзын, сұлу,  қазақ қызын  көргенде  қызыға  қарап,  таң  қаласың. Қазақ  қыз баласын ақылына көркі  сай, қылықты, ибалы, инабатты  етіп  тәрбиелейді.
 Әр  қыз  баланың  көз  тартарлық  сымбатты, көрікті  болуы  үшін, оның  ішкі  дүниесіне  сыртқы келбеті мен киім киісінің сәйкес  келгені  абзал. Ал, қазіргі  таңда  елімізде  хиджаб киіп, бет-аузын тұмшалап, жастық  шақтағы әдемі кескін-келбетін жасырып жүрген  қыздар бар.
Кейбір жастардың Алла  Тағалаға  серік  қосып, әулие-әмбиелерге, тау-тасқа  табынып, қилы  адастырушы  секталардың азғыруына еніп, адасып жүргендері жасырын емес. Бұл жайт – қыз-жігіттеріміздің  санасын  шырмауықтай  шырмап, улап жатыр.
Атам  қазақ  бес уақыт намазын  оқып, аузынан  кәлимасын  тастамаған.Иә, мұсылманбыз. Алла хақ. Жүрегіңмен  сен. Бірақ,  қазіргі  жастардың  ақыл-ойы, сана-сезімі  сұйылып  бара  жатқандай. «Мұсылман» ұғымын  мүлдем  басқаша  қабылдап, тамыр  жайған  түрлі  сектаның  ағымына  түсіп  жатқан  жас  қыздарымыз  жетерлік. Осы  жат  ағымның  төрағалары, насихат жүргізуші-уағыздаушылары  шебер  психолог, тілге  шешен  жандар деседі. Біздің  қыздарымыздың  санасын  улап, дене-басын  тұмшалатып,  «нағыз мұсылманмын» дегізіп  жүр. Бұл  заманда  жас  жігіттердің  шолақ  шалбар  киіп, қария-қарттармен  жарысып, сақал  қойғанын  да  көрдік. Сонда бұл қазақ жігіттері көпті  көрген, жетпіс-сексеннің  сеңгіріне шыққан  ақ  сақалды  аталарымыздың  «ақ  сақалын»  сыйла­мағаны  ма, әлде,  тез  қартайғысы  келгені  ме...? Бүгінгі  күнде  елге  тіреу болатын ер-азаматтар  жастарына  жетпей,  сақал  қойып, сенделіп  жүрсе  ертеңгі  күніміз  не  болмақ...
Алланың  хақ  жолынан  тайған  жастарға  «Оян, қазақ!» деп  айқайлап  айтқың  келеді.
Ата  заманнан  бері  тұрмыс  құрмаған  қыз  бала  еш уақытта  басына  орамал  салып  жүрмеген. Тобыққа  дейін  ұзын  көйлек  киіп,  бір  тал  шашын көрсетпей  басына  инемен  шаншып  орамал  тағу –  нағыз  қазақ  қызына  жат  нәрсе  және де  ұсқынын  кетіріп, ерсі  көрінеді. Мұндай  сұмдық  қазақ  халқында жоқ  нәрсе,  ешқашанда  болған  емес. Неге осыны біздің жас қазақ қыздары түсінбейді, неге біз өзіміздің ұлттық киімімізді кимей, өзгелерге еліктейміз. Еліктегіш, сенгіш  жастар-ай!
Қазақта  жаңа  түскен  келіннің  басына ақ  орамал  салған, яғни,  бойжеткен-қыз  кезімен  қоштасып, келін атанады. Демек, келіншектер  мен  аяулы ана, әжелер  ғана  орамал  тартқан. Өз отбасы ошағында әрбір әйел жеке бас тазалығы, тағамға шаш түспес үшін басына орамал  салады. Ал, бойжеткен қыздың  еш себепсіз орамал  салып  жүргені  тіпті ерсі көрінеді екен.
Қазақ  қызы  ибалы, саналы, ашық - шашық  жүрмеген. Нағыз  қазақ  қызы  басына үкілі  топы, бүрмелі  көйлек, қапсырмалы  камзол  киіп, шашын  өріп,  шашбауын байлап  жүрген. Сылдыраған  шашбаудың сыбдырынан  қыз  баланың  жанына  жын-сайтандар  жоламайды  деген  ұғым  да бар.
Топыны да, ұлттық  көйлекті  де  кимей, орынсыз оранбай-ақ, шын  ниетімен  бір  жаратушы  Аллаға  ғана  сыйынып,  қазіргі  заманға  сай  талғаммен киініп  жүрсе  болғаны.
Б.ОРАЗОВА,
ҚММУ жанындағы  медицина  колледжінің қазақ тілі пәнінің  оқытушысы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 728
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px