Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Болашаққа барар жолды нұсқаған
Болашақтың  иесі жастар, жас ұрпақ. Ұрпақ тәрбиесі ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық  сана-сезімі оянған, ізетті, парасатты, іскер, бойында басқа да жақсы қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Осы ұстанымдарды бала тәрбиесінде жүйелі қолданып, нәтижелі еңбегінің жемісін көрсетіп келе жатқан  Егіндібұлақ селосындағы №43 орта мектептің тәлімгер ұстазы – Ләззат Хамитқызы. Ұстаздың мектеп өмірінде оқушылармен, әріптес-мұғалімдермен қоян-қолтық араласа отырып, атқарған еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Елбасының бастамасымен құрылған «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымы мүшелеріне басшылық ете отырып, аталған ұйымның жұмысына бағыт-бағдар беріп, жандандырып, бір жүйеге келтірді.Осы бағытта құрған жоспар бойынша бірнеше тәрбиелік маңызы бар  іс-шаралар өткізуде. Әсіресе, осы ұйымның ішінен құрылған өзін-өзі басқару тобының әрқайсысының  жұмыс жоспары, жеке портфолиолары  ашылған.Топ мүшелері «Мектеп президенті», «Білім министрі», «Тәртіп министрі», «Мәдениет министрі», «Шаруашылық министрі» болып тағайындалып, мектепішілік шараларға белсене атсалысады.
Ата-анамен байланысты күшейте отырып Ләззат Хамитқызы «Баланың жаны таза, жүрегі пәк», «Ұрпақ тәрбиесі ойлантады», «Кеш қалмаңыз», «Айтуға оңай» тақырыптарында  жалпы ата-аналар жиналысын өткізді. Жиналыстың  маңыздылығы жайында ата-аналар тарапынан жүрекжарды пікірлер айтылды.
Жыл сайын мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскен студенттермен кездесу кешін өткізуді дәстүрге айналдырған.Мұндай кездесу кейінгі толқынға ой салады.
Биылғы оқу жылында Президент күніне орай «Елімнің ертеңі – жас ұландар» тақырыбында әр номинация бойынша сайыстар өткізіп, соның қорытындысымен «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік журналист», «Үздік актер», «Үздік  домбырашы» атты атаулармен талантты балаларды айқындап, өнер өріндегі өрісінің кеңеюіне жол ашты. Осы үлкен шараның жалғасы ретінде «Ұлы даланың ұлылары» атты танымдық кеш өткізді. Қазақ даласында халқы үшін туған аймаңдай азаматтардың тарихтағы орны туралы танымдық кеш әсерлі өтті.
Ләззат Хамитқызы Қарқаралының терең тарихын жан-жақты қамтып, өте қызықты, танымдылығы жоғары мәліметтерді іздестірді. Соның негізінде Қарқаралы қаласының 190 жылдығына арналған «Шежірелі  Арқадағы – қасиетті Қарқаралы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Бұл басқосудан қонақтар көп мағлұмат алды.
Аудандық тәлімгерлер семинарында Л. Түсіпова өзінің бірнеше жылғы жинақтаған іс-тәжірибесін жүйеге кел­тіріп, нәтижесін көрсетті. Жан-жақты тыңғылықты дайындалғандықтан өте жоғары баға алды.
Қадау-қадау істердің басы-қасында жүріп, оған жетекшілік жасап жүрген Ләззат Түсіпова аудандық тәлімгерлер сайысына қатысып, бірінші орынға ие болып, облыстық  сайысқа жолдама алды. Облыстық сайыста да үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі  бірінші орынды иеленді.
Ұрпақ тәрбиесі – үзіліссіз жүргізілетін үрдіс, ол адамның өмірге келген күнінен бастап, өмір бойы жалғаса береді. «Тәрбие  ережеден емес, өнегеден тұрады» деген сөзді басшылыққа ала отырып, осындай өрелі де өркенді істердің алдағы уақытта да жалғасын  табатындығына сенімдіміз. Себебі, тәрбие – кешіктірілсе – кешірілмейтін, дұрыс бағыт алмаса – қайта қалпына келмейтін нәзік те күрделі, игілікті де ізгілікті істердің бірі.

С.ҚАПСАТТАРОВА,
С.УСАИНОВА,
№ 43 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері.

Қарқаралы ауданы.

Суретте: тәлімгер ұстаз Ләззат ХАМИТҚЫЗЫ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 812
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px